16 Наурыз, 2019

Тимур Құлыбаев: Жер туралы ақпараттың ашық берілмеуі - жемқорлықтың көзі

1076 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кәсіпкерлердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ІІІ Республикалық форумында «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев әкімдіктерге жер телімдері туралы ақпаратты жылдың соңына дейін цифрландыруды ұсынды.

Тимур Құлыбаев: Жер туралы ақпараттың ашық берілмеуі - жемқорлықтың көзі

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы бүгінде кәсіпкерлердің түйткілді мәселелерін шешуге – әр өңірде құрылған Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңестердің жұмысы көмектесетінің айтты. Кеңестердің жиындары  Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлықа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттігі қызметкерлерінің қатысуымен  өтеуде. ҚР Қаржы министрлігі жанынынан құрылған Апелляциялық комиссия да салықтық дауларды сотқа жеткізбей шешуге көмектесетін тиімді құралдардың бірі. Тимур Құлыбаевтың пікірінше, осы оң тәжірибені  экология, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет, мемлекеттік сатып алулар, жер қатынастары салаларында да, барлық бақылаушы органдар арасында да қолдану керек. 

 Бизнестің негізгі проблемаларын, соның ішінде сыбайлас жемқорлық белгілерін анықтауда өңірлерде жүргізілетін скринингтік зерттеудің көмегі зор.

  «Түркістан облысы, Ақтөбе және Атырауда пилоттық түрде скрининг жүргіздік. Жылдың соңына дейін скрининг барлық өңірлерде жүргізілетін болады. Осылайша, ауылда инфрақұрылымды ары қарай дамыту үшін әр елдімекендегі тұрғындар мен кәсіпкерлердің түйткілді мәселелерінің өзекті тізімі анықталатын болады», – деді Тимур Құлыбаев. 

Төралқа төрағасы соңғы жылдары бизнеске арналған рұқсатар саны 70%-ға қысқарып, талаптар саны 60%-ға азайғанын атап өтті. Бизнеске бақылаушы органдар тарапынан қысым 20%-ға төмендеген, бизнесті тексеру мерзімі екі есе қысқарған. Қылмыстық заңнаманы ізгілендіру оң нәтиже берді. Экономика саласындағы тіркелген қылмыстық істер 5 есеге қысқарған. 

 Осы ретте Тимур Құлыбаев бос жер телімдері жайлы ақпараттың ашық жарияланбауы – сыбайлас жемқорлықтың тағы бір көзі екенін айтты. Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша 2,3 млн гектар жердің пайдаланылмай жатқаны анықталған. Мониторинг жүйесі жетілдірілмеген, өкілетті тұлғалар жеке пайданы көздеп, мәліметтерді өзгертіп, жер телімдеріне иелік құқығын беруден негізсіз бас тартады. 

«Нәтижесінде жерлер игерілмей жатыр, экономикалық процестер дамымай, мемлекет бюджетіне салық пен төлемдер түспейді. 2018 жылы әкімдіктердің мәліметтеріне сәйкес, 1,1 мың жер телімі сатылымдар бойынша қолданысқа берілген, бұл жалпы көлемнің небәрі 6%-ы ғана. Биыл әкімдіктерді бос жерлерге қатысты ақпаратты цифрландыру бойынша жұмысты аяқтауды сұраймыз. Сондай-ақ бұл шара  бюджеттің кіріс бөлігін арттыруға мүмкіндік береді. Осындай ақпараттық базаны бірлесіп жасайық, бұл атқарылған жұмыстың нақты индикаторы болмақ», – деп қорытындылады Тимур Құлыбаев.