16 Наурыз, 2019

Үкіметтің жұмыс тобы Маңғыстау облысына келді

1044 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен Үкіметтің жұмыс тобы келді. Қазақстан республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Г.Әбдіхалықова бастаған Үкіметтің жұмыс тобының іссапар мақсаты - Мемлекет басшысының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларын іске асыру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу.

Үкіметтің жұмыс тобы Маңғыстау облысына келді

Жұмыс тобының құрамына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, Білім және ғылым министрі Күләш Шамшидинова, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасы Қайыр Рыскелдинов, сондай-ақ БАҚ өкілдері бар.

Үкімет өкілдерінің Маңғыстаудағы іссапары Жаңаөзен қаласынан басталды. Мұнда «Нұр Отан» партиясының XVIII съзінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың азаматтардың әл-ауқатын көтеру және әлеуметтік қолдауды күшейту жөніндегі тапсырмаларын іске асыруды талқылау бойынша қала тұрғындарымен кездесті.

Жаңаөзен қаласы тұрғындарымен кездесу барысында Үкіметтің жұмыс тобының мүшелері азаматтардың тұрғын үй мәселелерін шешуге, білім беру және денсаулық сақтау салаларын жақсартуға, өңірлерді кешенді дамытуға бағытталған жаңа шаралар туралы айтты.

Кездесуде Үкімет өкілдері 2019 жылғы 1 шілдеден бастап бюджеттік саланың жалақысы төмен қызметкерлерінің жалақысы 30%-ға дейін арттырылатындығын, бұл Маңғыстау облысында 27 мыңнан астам адамды қамтитынын жеткізді. Сондай-ақ, ай сайын аз қамтылған отбасының әрбір баласына ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% мөлшерінде кепілді көмек төленеді, Маңғыстау облысында бұл 23 749 теңгені құрамақ. Өңірде 10 аурухана салуға қосымша шамамен 120 млрд. теңге бөлінетін болады және Мұнайлы ауданында 150 орындық аурухана салынады. Ал шағын және моноқалаларды дамытуға жыл сайын таяудағы үш жылда қосымша 10 млрд.теңгеден бөлінетін болады. Жаңаөзенге, моноқала есебінде  2019 жылы республикалық бюджеттен 2 млрд теңге бөлінбек.

Үкіметтің жұмыс тобы кездесуге келген тұрғындар тарапынан әр салаға қатысты қойлыған сұрақтарға жауап берді.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Egemen Qazagstan»

Маңғыстау облысы