16 Наурыз, 2019

А. Мамин жұмыс сапарымен Шымкентке барды

903 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин мегаполистің дамуымен, одан әрі абаттандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасымен танысу және қаланың шеткері аймақтарының проблемаларын шешу үшін жұмыс сапарымен Шымкент қаласына барды.

А. Мамин жұмыс сапарымен Шымкентке барды

Аралау кезінде А. Мамин тұрғын үйдің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, жол инфрақұрылымын жаңғыртуға, индустрияландыруды дамытуға және мегаполисті басқарудың жаңа тиімді шешімдерін жасауға бағытталған жобаларды іске асыру мысалында қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты.

Шымкентке жақын маңда орналасқан және мегаполис аумағын кеңейту аясында қалаға қосылған «Тұран» ықшам ауданын көру кезінде Премьер-Министрге қолайлы өмір сүру жағдайлары мен көлік қатынасын қамтамасыз етуге бағытталған инфрақұрылымдық жобалар таныстырылды. Мұнда оның ішінден жеке инвестициялар есебінен де, көпқабатты тұрғын үйлердің, әлеуметтік және коммерциялық нысандардың құрылысы, сондай-ақ жалпы ұзындығы 33,7 шақырым болатын 13 магистралдық автожол салу қарастырылған. Бүгінгі таңда ықшам ауданда 4 мыңға жуық адам тұрады, алайда, қала әкімдігінің мәліметтерінше, барлық инженерлік желілерді жүргізу және жеке тұрғын үй құрылысы үшін 3 мыңға жуық жер телімін бөлу ықшам аудандағы тұрғындар санын 70 мыңға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

«Шымкент Сити» тұрғын үй кешенін салу жобасы да баспананың қолжетімділігін арттыруға және жалпы қаланы абаттандыруға бағытталған. А. Маминге бүгінгі таңда 2 мыңға жуық пәтер пайдалануға берілгені мәлім етілді. Биыл 3863 пәтер салу жоспарланып отыр, олар несиеге, жалға берілетін тұрғын үй бағдарламалары бойынша, соның ішінде көп балалы отбасыларға сатылады. Тұрғын ауданда қажетті әлеуметтік инфрақұрылым: мектеп, балабақша, емхана, дәріхана, сонымен қатар демалыс саябақтары қарастырылатынын айта кеткен жөн. Құрылыс салушының мәліметінше, жоба бесжылдық мерзімде толық іске асырылады. Аудан халқының шамаланып отырған саны — 50 мың адам.

Сонымен қатар, Премьер-Министр «Шымкент Сити» әкімшілік-іскерлік ауданның аумағында салынатын жаңа «Конгресс-орталықтың» жоспарымен танысты, бұл нысанда миллион тұрғыны бар қаланың қажеттіліктері мен заманауи трендтер ескерілген.  

Шымкент инвестициялар тартудың жаңа орталығына айналуы тиіс. «Қарапайым заттар экономикасы» салаларының дамуына жеке инвестицияларды тарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысу мақсатында Премьер-Министр «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағына барды.

АЭА аумағында А. Мамин әрекет етіп тұрған кәсіпорындардың басшыларымен бизнестің өзекті мәселелерін, ШОБ қолдау бағдарламаларының тиімділігін, сондай-ақ, тоқыма өнеркәсібін дамытуды тереңдету келешегін талқылады. Бүгінде «Оңтүстік» АЭА аумағында 13 жоба іске асырылған, 1 396 жұмыс орны құрылған. 2021 жылдың соңына дейін 1580 жұмыс орнын құрумен, 92,2 млрд тг сомасына 18 жаңа жоба іске қосылатын болады. АЭА шығарылатын өнім Қазақстанның ішкі нарығына жеткізіледі, сондай-ақ Орталық Азия, Еуропа, Қытай елдеріне экспортталады. Сонымен қатар, АЭА қатысушыларына ұсынылатын тегін жер телімдері, дайын инфрақұрылым және салық жеңілдіктері бизнес субъектілеріне өндіріс көлемдерін ұлғайтуға жол ашады, ал бұл еліміздегі импортты алмастыруға, әлемдік нарыққа отандық тауарлардың жеткізілуін кеңейтуге ықпал етеді.

Премьер-Министр «Әлем-БТ» шұлық-ұйық бұйымдары фабрикасына, «Lux Shoes» аяқ-киім шығарушы фабрикасына барып, киімнің, былғары бұйымдардың элементтерін, оның ішінде аяқ-киім мен оның құраушы бөліктерін тігу үдерісімен танысты. Бұдан өзге, А. Мамин шығарылатын өнімдер түрлерімен танысып, дайын өнімнің сапасын бағалады.

Жұмыс сапары аясында нысандарды аралау соңында, А. Маминге ведомствоаралық өзара іс-қимылды жақсарту, мемлекеттік және жекеменшік сектор өкілдерін тарту арқылы халық өсімін ескере отырып, қала ортасының өзекті проблемаларын жедел режимде шешетін «Шымкент акселераторы» жобасы таныстырылды. Сонымен бірге, акселераторды іске қосу қаланың дамуына мультипликативті әсерін, оның ішінде жаңа жұмыс орындарын ашу, бизнес ахуалды жақсарту, ШОБ-ты дамыту, халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтер сапасын арттыру тәрізді және басқа да әлеуметтік маңызы бар мәселелерді жедел режимде заңнамаға өзгерістер енгізбей және қосымша бюджет бөлмей шешу арқылы тигізетін болады.