«Мүсірепов алаш қайраткерлерімен бір кезеңде өмір сүре отырып, қалайша ұсталмай аман қалды?», «Жан-жағындағының бәрі халық жауы атанып жатқанда, қара құзғындардың тырнағына қалайша ілікпеді, неге атылмады?» деген сұрақтар қоғамда жиі қойылуымен бірге, кең тарапта талқыланатын тақырыпқа айналған. Қыжыртпа сұраққа қисынды жауап қатқан классик жазушының жанашырлары айтқан уәжге тоқтағысы келмегендер, сауалды тағы да қайталап қойғысы келетіндер табылып жатса, драматургтың нақты дерекке сүйеніп, режиссердің көркем шындығымен өрілген Ғабит бейнесін көруі керек. Режиссер Мұрат Ахмановтың сахналауындағы «Ғабит» эклектика іспетті, бас кейіпкердің образын ашу үшін Р.Отарбаевтың пьеасысына Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек» пьесаларынан үзік-үзік детальдар енгізіген. Режиссердің заманауи драматург пен классик драматургтің шығармаларын қамшы сияқты қатар алып өргені форма жағынан қызықты болғанымен, ол өзін қаншалықты ақтай алды?
Қос драматургті ортақтастыратын темірқазық образ – Муза бейнесі. Режиссердің Музаны спектакльге тектен-тек кірістірмегені анық. Әдебиетімізде аналар мен арулар бейнесін дәл Мүсіреповтей молынан суреттеген қаламгер кемде-кем. Спектакльдің өн бойында Ғ.Мүсірепов үш рет өзіне қол салмақшы болады. Бірінде қолына арқан алып асылып өлуге әрекеттенеді, бірінде тапанша ұстап атылып өлмекші болады, енді бірінде бәрінен түңіліп, қағаздарын аспанға шашып, лақтырып жатады. Себебі үш жағдайда да, ол бірінде ең жақын аяулы достарынан айрылып жатыр, бірінде халқынан айрылып жатыр, ал үшіншісінде бүкіл болмысынан айрылғандай күй кешіп отыр. Өмір мен өлім ортасында арпалысып, аласұрған шағында қиялмен сомдалған ғашық Музасы келіп, қолынан тапаншасын, арқанын алып, қағаздарын жинап беріп, құтқарып қалады.
Ал Муза адамға қандай жағдайда келеді? Тағдыры қыл үстінде қалтылдап тұрғанда, өзі ғана сүйетін, бар болмысымен сенетін белгісіз бейне көктен түскен періштедей қолын созып, сүлдері қалған, дәрменсіз денесін демеп жібергендей қайта қуаттанып шығады. Ол Муза қара жердің үстінде қарапайым өмір сүрген қатардағы қыздардың құрбысы емес, қағаз бен қаламға ғана қызмет еткен Ғабиттің Баян, Жібек, Ақтоқты секілді өз қиялынан туған лирикалық бейнелердің махаббат сіңген мөлдір шуағы. Азапқа түскенде арашалайтын, аңқасы кепкенде таңдайының тобарсығанын басқан, ажал келгенде арқасын төсеген сұлу бейненің сахнаға келіп-кетуі хор қыздарының қоршауында пластикалық қозғалыс тәсілімен шешілген. Ғабитті Ғабит дәрежесіне көтерген – оның шығармалары. Мүсіреповтің әдебиетке әкеліп қосқан үш ірі шығармасын және ондағы басты кейіпкерлерін өзі туралы қойылған туындыға арқау етуі – қойылымды құнарландырып, ауқымын арттырмаса, кемітпейтін тың режиссерлік шешім. Баянды да, Жібекті де, Ақтоқтыны бір ғана актрисаның (Ақбота Қаймақбаева) – ойнау себебі сол – бәрінің басын қосып, ортақ ойға біріктіріп тұрған Мүсіреповтің Музасы.
Мүсірепов өмірінің маңызды бөлігі Сәкен, Ілияс, Бейімбеттермен байланысты өрістейді. Сахна шымылдығы ашылғаннан мұздай құрсанып, қару асынған солдаттар қолындағы жарығы көз қарықтыратын үлкен фонарын әлдекімге бағыттап, кезейді. Кезенген жарық – қара құзғындардың күдігіне ілініп, басына қара бұлт үйірілген кезекті құрбан. Ол – Ілияс, ол – Бейімбет. Олардың түрмедегі өмірі Ғабиттің көз алдында тұратын мәңгілік елес. Әлдеқашан атылып кеткен аруақтармен Ғабит күнде араласып жүр.
Мызғымас Одақтың орақ пен балғадан тұратын бесжұлдызы – ортасынан бірде ашылып, бірде жабылатын сахнаның трансформер декорациясы көп қызметті атқарады. Ол ашылғанда арғы жағынан әйнек қабырға жақындап келіп, көңілінің төрінен орын алып, ұмытылмас бейнеге айналған аруақтармен Ғабит кезек-кезек жолығысып, өңіндегідей өкпе-назын айтып, сырласып жүреді. Әйнек қабырға – тіршіліктің екі беті. О дүние мен бұ дүниенің символикалық шешімі. Баян Қозысынан айрылғанда да, Ақтоқты Ақаннан ажырағанда да осы әйнек сүйгендерімен екі араны бөліп қалған. Мұнда да Гүлжамал, Фатима секілді «отанын сатқандардың» әйелдері опасыз тіршілікке өкпелі. Қазақтар «мырзажан» атаған Мирзоян жоғарыға теріс ақпар беріп отыр. «1600 адамды ұстап беруге рұқсат етіңіз» дейді Сталинге және өзі бұл жоспарын еш қиналмастан жүзеге асыра алатынына сенімді.
«Орыс ойрандап жатқан жоқ, армян келіп бүлдіріп жатқан жоқ, өздеріңді өздерің құртып жатырсыңдар», дейді Мирзоян Мүсіреповке миығынан күліп. Сыңарезулеп, сынай сөйлейтін жөні бар, Мирзоян қазақтың сатқындығына арқа сүйеп тұр. Мирзоян мен Мүсірепов диалогының арасында Бекежанның Төлегенді ажал садағына ілгені, Қодардың Қозыны өлтіргені «сахнаға шығады». Жантық та, қара басының байлығын қызғыштай қорып, елін тоздырып, шөл далаға алып кеткен Қарабай да, отызыншы жылдардағы зұлматта қазақты біріне-бірін айдап салған Мирзояндар да – бір. Иесіне еркелеген ит секілді Мүсіреповке келіп жағымпазданып, жылмаң қағатын Сатқанның сыртқа шыға сала, Мирзоянға тікелей бағынышты кеңселерге барып басқаша сайрайтыны сол Жантықтардан жеткен мінез екенін түсіну еш қиын емес. Ашық айта алмай, сырын ішке бүккен заманда Мүсірепов өзінің азаматтық ойы мен ұстанымына қайшы келетін жағымсыз мінездің бәрін Жантықтардың бейнесіне жинақтады. Айғайлап, артық сөз айта алмайтын Мүсірепов өмір сүрген кезеңнің шындығы, астармен ғана берілетін «подтекс» бүгінгі драматургия мен режиссураның мүмкіндігімен қабысқанда бөлек әсер қалдырды. Мүсіреповтің Мирзоянға қарсы шығатын сахнасы, «Бейімбет жау болса – мен де жаумын!» дейтіні, «Бесеудің хатын» әзірлеудегі толғаныс – жазушының қайраткерлік қырын ашатын, азаматтық болмысын танытатын өткір штрихтар.
Ішкі дайындығы бар, Ғ.Мүсірепов шығармашылығымен жақсы таныс көрерменге режиссер ұсынған форма да, сахналық шешімдері де түсінікті. Бізге түсініксіз бір жайт – Ғабит пен оны ойнаған актердің бір-бірінен алыс болғаны. Басты кейіпкердің образындағы актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рахман Омардың кейіпкерімен үйлесім таба алмау себебін әр қиырдан іздеп көрдік. Келе салып сахнадан сырбаз, маңғаз Мүсіреповті іздеп, «бірге-бір» бейнесін таба алмаған соң Рахманға ренжіген болармыз деп ойлағанбыз. Мүлде олай емес. Жүріс-тұрысы жеңіл, сөйлегені одан да жеңіл, кей тұста «ұшып» кете жаздаған, дауысының зілі, салмағы білінбейтін Рахман кейіпкер жанының ішкі иірімдерін сезіне алмады. Психологизм жетіспеді.
Әрине, көркем туынды болғаннан кейін «Мүсіреповтің манерасымен» жүруі шарт емес. Көзәйнек тағып, қобыраған қағазға көміліп отырып Мүсіреповке ұқсауға болатын шығар, бірақ бұдан оның азаматтық ар-ождан ісін биік қойған күрескерлік бейнесі көріне қалмайды ғой. Түсінеміз, саптыаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қараған бір сұмдық заман орнап тұр. Жан-жағының бәрі қаумалаған қасқыр, үрей мен үміттің арпалысы, қанды шеңгелден құтылып жатқандар жоқтың қасы. Ғабит те адам. Ол да қорқады. Ол да үрейге беріледі. Ол да қулыққа басып, айлаға салады. Ішіндегі сыры тек өзіне мәлім, қырық қатпарлы жаны бар көп адамның бірі. Режиссердің белгілеп берген мақсаты осылай болуы әбден мүмкін, «Ғабиттен ғұлама жасаудың қажеті жоқ, оның адами қыры, азаматтық көзқарасы маңызды» болғанның өзінде, актердің кейіпкержандылығы, кейіпкерімен бірігіп кететін байланысы көрініп тұруы керек. Көрермен Ғабит екеніне сенуі керек еді. Өкінішке қарай, күмән жеңіп кете берді.
Жазушының өмірінің соңғы жағын, ақ костюм-шалбар киіп, алтын астаудан ас ішіп, бірақ аузы буылып, «алтын тордың» ішінде отырған алыптың бейнесін алып шыққанда ғана аяушылық сезім оята алғандай болды. Самғап ұшар қанаты отызыншы жылдары-ақ қырқылып, амалсыз заманның тотықұсына айналғандай алтын тордың ішіне қамалғаны Ғабит өмірінің ғапылдығын білдіргендей. Керісінше, кішкентай бейнелердің бірі болғанымен, жылпос, аяр Сатқанның образында бірталай салмақ жатыр. Сатқан – Жантық – Сердәлі бейнесіндегі Мерей Әжібеков сахнаға шыққанда, қойылымда қозғалыс білінеді, ырғақ пайда болады. Сатқын Сатқанды жек көріп отырғаныңмен, әрекетін, зұлымдығының себебін түсініп отырасың.
«Ғабит» деген бір ауыз сөзбен алып туралы бәрін айтуды мақсат еткен спектакль ойнала келіп, уақытпен бірге ширап, шыңдала түседі деп сенгіміз келеді. Ғабиттің атын арқалаған спектакль театрдың төлқұжаты сияқты бірегей шымыр дүниеге айналуы керек. «Мүсірепов деген кім?» «Не себепті оның аты театрға берілді?» деген сұрақпен келетін көрермен классиктің кемеңгер болмысын танып, толыққанды жауапқа қанығып кетуі тиіс.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ