Арктикаға үстемдік жүргізу, мұндағы байлықтан көбірек үлес алу үшін талас басталғалы біршама уақыт өтті. Әсіресе аймақ үшін тартыс 2000 жылдардың ортасынан бері жаңа сипатта өрби бастады. Қатысушы елдер, тіпті өздерінің келешектегі қауіпсіздігі мен саяси-экономикалық дамуын Арктикамен байланыстыра қарастыруда.
Болжам бойынша, аймақтағы мұз астында миллиардтаған тонна көмірсутек отынының қоры бар. Бұл әлемдік көмірсутек қорының 20-25 пайызын құрайтын көрінеді. Осынау байлықты мейлінше молынан иемдену үшін ешкімнің де аянып қалмасы анық.
Кейбір деректерге қарағанда, Ресей иелік еткісі келетін аймақта 5 миллиард тонна отын бар екен. Бірақ бұл әлі заңдастырылмаған.
Жалпы, Арктиканы бөлісуге қатысты айтылып жүрген пікірлер жетерлік. Кейбір мемлекеттер өз жағалауларынан Солтүстік полюске дейінгі жер өздеріне бөлінсін дейді. Ал екінші біреулер аймақты ашқан кім, алғаш жол салған кім, соның да үлесі болсын дейді. Тағы бір тарап Арктиканың жалпы адамзатқа ортақ болғанын қалайды.
Негізінен, Ресейдің арктикалық секторы өте көлемді. Ол Арктиканың жартысына жуығын құрайды. Арктикада секторы үлкен тағы бір ел – Дания. Оның Гренландия автономиясы аймақтың үлкен бөлігін алып жатыр. Канаданың да үлесі аз емес. Соны пайдаланып Канада 2002 жылы Ресеймен бірлесіп, Солтүстік полюстің мәртебесін белгілеуге тырысқан. Дегенмен, арктикалық секторы шағын АҚШ-пен санаспай мәселе шешімін таппайтыны белгілі. Норвегияның үлесі де баршылық. Аймаққа жақын орналасқан Бельгия, Ұлыбритания, Германия, Польша, Финляндия, Швеция, Исландия және басқа да елдер Арктиканы бөлісу ісіне араласуға құқымыз бар деп есептейді.
Мәскеу Арктикадағы кез келген ықтимал қиыншылықтармен күресуге дайын екендіктерін үнемі айтып келеді. Мәселен, президент В.Путин 2015 жылдың мамырында Арктикадағы Ресейдің әскери күші артып, әскери инфрақұрылымдарды жетілдіру ісі жалғаса беретінін хабарлаған болатын. В.Путиннің бұл мәлімдемесі АҚШ әскери күштерінің 6000 әскери қызметкері, 200 ұшағы, 3 эсминеці және бір су асты кемесі қатысқан «Солтүстік жағалау» атты жаттығу шаралары жүріп жатқан қарсаңда жарияланған. АҚШ қарулы күштерінің бұл әскери жаттығуын Ресей тарапы «ашық түрде күш көрсету» деп таныды.
Арктика төңірегіндегі дау-дамай тек АҚШ пен Ресей арасында ғана өршіп тұрған жоқ. Аталған аймақтың ресурсын иемдену мәселесі өңірдегі көршілес елдердің де көкейін тесіп барады. Сондықтан НАТО-ға мүше АҚШ, Канада, Норвегия мен Данияның арасында да шиеленісті жағдай туындап отыр. Мысалы, Канада Арктиканың бір бөлігін өзіне қарату туралы мәселені БҰҰ-да талқыға салды. Ал Арктика маңындағы батыс елдерінің бірқатары осы аймақта әскери үстемдікке ие болуды көксеуде.
Десек те, Арктика мәселесінде НАТО-ға мүше елдер әдеттегідей Ресейге қарсы күш біріктіруі ықтимал. Бұл Шығыс Еуропаға ентелей енген НАТО мен Ресей арасындағы тартыс Арктикаға байланысты да өрши түсетінін аңғартатындай. Егер Батыс елдерінің Ресейге Арктикаға қатысты қояр талабы күшейе берер болса, онда ресми Мәскеу де қарап қалмасы анық.
Қазіргі таңда Арктиканы стратегиялық маңызды аймақ санайтын АҚШ Ресей мен Қытайдың аталған өлкедегі мүмкіндіктерін шектеуге күш салуда. Washington Examiner журналы жазғандай, АҚШ-тың Африка мен Еуропадағы Әскери-теңіз күштерінің қолбасшысы, адмирал Джеймс Фогго: «АҚШ Ресей мен Қытайдың Арктикаға үстемдік жасауына және Солтүстік теңіз жолдарын бақылауда ұстауына жол бермейді», деп мәлімдеген. Оның айтуынша, бұл аймақты Арктикалық Кеңестің барлық елдері тең дәрежеде қолдануы керек. Сойдай-ақ ол: «Ресей Арктиканы өз территориям деп санайды. Шын мәнінде ол – халықаралық территория. Сондықтан Арктиканың қатысушы елдер үшін ашық болғанын қалаймыз», деген. Адмирал Д.Фогго, сондай-ақ Қытайдың Арктикалық Кеңеске мүше еместігін, оның тек «бақылаушы» деген мәртебесі ғана бар екенін, сондықтан бұл елдің аймақтың суын пайдалануға құқығы жоқтығын айтады. Осы арада айта кетейік, 1996 жылы құрылған Арктикалық Кеңеске Дания, Швеция, Финляндия, Ресей, АҚШ, Канада, Исландия және Норвегия мүше.
Сонау КСРО кезінде Арктикаға із салып, аймаққа иелік пиғылмен қарап келе жатқан Кремль АҚШ тарапынан айтылатын түрлі мәлімдемелерге сергек қарайды. Осы орайда Мәскеу өзінің Арктикадағы әлеуетін халықаралық қоғамдастыққа, әсіресе АҚШ-қа сездіруді ұмытқан емес. Мәселен, 11 наурызда Ресей Қорғаныс министрі Сергей Шойгу елдің Арктикадағы әскери инфрақұрылымының құрылысы ұлғаятынын жариялады. Барлық салынған ғимараттар ресейлік әскерилерді және техникаларды орналастыру үшін қажет. Сергей Шойгудың айтуынша, соңғы алты жылда Ресей Арктикада 710 000 шаршы метрден астам инфрақұрылым салуға қол жеткізген. Осы орайда РФ Мемлекеттік Думасы Қорғаныс жөніндегі комитетінің кеңейтілген отырысында Сергей Шойгу: «Қазан, Александра жері, Врангель және Кейп Шмидт аралдарында 475 нысан салынды» деп мәлімдеді.
Айта кетейік, Ресейдің аймақтағы аэродромдарды жаңартып, радар жүйелерін орналастырғанын және қару-жарақ жүйесін ауыстыра бастағанын ескерген Пентагон Ресей мен Қытайдың өңірдегі өсіп келе жатқан ықпалын шектеу үшін Арктикаға қатысты жоспарларын жедел өзгертуге кірісті. Бұл жөнінде биылғы 5 наурызда АҚШ Қарулы күштері Еуропадағы әскерлерінің қолбасшысы және НАТО-ның Еуропадағы біріккен қарулы күштерінің жоғарғы бас қолбасшысы Кёртис Скаппаротти АҚШ Сенаты алдында мәлімдеген болатын. Қазір осы жаңа мәлімдеме Вашингтон мен Мәскеудің онсыз да оңып тұрмаған қарым-қатынасын одан әрі нашарлата түскендей...
Қорыта айтқанда, Арктиканың қақтығыс ошағы емес, экономикалық табысты өңірге айналуы мәселенің құқықтық негізде оңтайлы шешілуіне тікелей байланысты. Бұл орайда барлық тараптар дипломатиялық жолмен ортақ келісімге келуге ұмтылуы аса маңызды.
Жолдыбай БАЗАР,
«Egemen Qazaqstan»