Қаланың шет жағындағы шағын ауданнан ашылған жаңа мектепте күзетші болып жұмыс істейтін қарияның Құттыаяқ деген бір иті болушы еді. Ол үнемі иесімен бірге келіп, бірге кетіп жүретін. Өзі сондай сүйкімді, тазы тектес ит. Кей кездері жанымызға жүгіріп келіп, басын бұлғаңдатып, жас баладай еркелеп тұрған кезінде, онымен бірге өзіміздің де қосылып ойнай жөнелгіміз келетін.
Иә, сол Құттыаяқтың өте бір қызық әдеті бар еді. Ол күнделікті сабақтарын өтіп, үйлеріне қайтып бара жатқан мұғалімдерді шығарып салғанды ұнататын. Машинамен келгендерді машинасына дейін, ал аялдамадан автобус күтетіндерді аялдамаға дейін, жақын маңда тұратындарды үйіне дейін шығарып салып, үлкен бір іс тындырғандай құйрығын бұлғаңдатып, жүгіріп келе жатушы еді.
Біз оның осы бір ыстық ықыласына риза болып, қолымыздағы барымызды ұсынып жататынбыз. Тіпті тіске басуға жарайтын ештеңе таба алмай қалсақ, басынан сипап еркелетіп, арқасынан қағып-қағып кетуші едік. Ал ол болса, басын оң жаққа бір, сол жаққа бір қисайтып, қуанып, еркелеп тұрады.
Бірде кешкілік сабақ аяқталып, оқушылар үйлеріне қайтқан мезгілде Құттыаяқ мектепке кіріп келді. Бұрын оның мұндай әдеті жоқ-ты. Бәріміз таңырқап, біртүрлі тосылып қалдық...
Ол дәлізде топтанып тұрған мұғалімдердің жанынан өтті де, есігі ашық тұрған сыныптардың бірінен соң біріне кіріп көре бастады. Осы сәтте арамыздағы бір мұғалім ақырын ғана: «Құттыаяқ, ау, Құттыаяқ!» деп дауыстап еді, ол сәл кідіріп, құлақ салғандай болды да, әрі қарай жортақтай жөнелді.
Құттыаяқтың мына мінезі күн сайын бізді қарсы алып, шығарып салып жүретін көңілді, ерке Құттыаяққа мүлде ұқсамады. Біртүрлі ойлы, сабырлы, салмақты болып көрінді. Біраз уақыттан бері иесі екеуі күзетіп жүрген ғимараттың ішінде не бар екенін бүгін өз көзімен көріп, анықтап, біліп алғысы келетін сияқты.
Сөйтіп ол бірінші қабаттағы сыныптарды түгел аралап шықты да, баспалдақпен екінші қабатқа көтеріліп кетті. Мұнысы енді, мүлде ақылға сыймайтындай бір көрініс болды. Бірақ, мектепті аралап көріп жүрген бөтен емес, бөгде емес, өзімізге жақсы таныс Құттыаяқ болғандықтан, ешкім де оған дауыс көтеріп, мұның не, аулақ кет деп, қуып шыға алмады. Оның үстіне біздің ешқайсымыз да бұрын-соңды иттің мектепке кіріп, тап осылай емін-еркін аралап жүргенін көрген емеспіз...
Біраздан соң ол шығып кетті. Сол күні иесінің жанынан алысқа ұзамай, жан-жаққа самарқау ғана көз салып, алдыңғы екі аяғына басын қойып, сұлық жатты да қойды. Мектепке бірі келіп, бірі кетіп жатқан мұғалімдерді шығарып салған жоқ.
Ал ертеңіне мүлде көрінбеді. Иесі оның қайда кеткенін білмей, дағдарып қалған. Мұғалімдер де: «Құттыаяқ бүгін көрінбеді ғой?» деп бір-бірінен сұраумен болды.
Содан арада екі-үш күн өткенде: «Құттыаяқты қала шетіндегі күре жолда машина басып кетіпті», деген қайғылы хабарды естідік. Біраздан бері бауыр басып қалған, үнемі бізді қарсы алып, шығарып салып жүретін қимас досымыздан айырылғанымыз жанымызға қатты батты...
Өлерінен бір күн бұрын Құттыаяқтың мектепке не үшін кіріп шыққанын енді ғана түсініп, бір-бірімізге жыр қылып айтумен болдық.
Қазақта «Ит – жеті қазынаның бірі» деген сөз бар емес пе. Соның айна-қатесіз ақиқат екендігіне сол жолы көзіміз анық жетті.
Нұрғали ОРАЗ,
«Egemen Qazaqstan»