18 Наурыз, 2019

«YESSENOV ARÝY MEN SULTANY – 2019» байқауы өтті

1097 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және Жастар жылына орай Наурыз мерекесі қарсаңында «YESSENOV ARÝY MEN SULTANY – 2019» байқауы өтті.

«YESSENOV ARÝY MEN SULTANY – 2019»  байқауы өтті

Байқаудың басты мақсаты – дарынды, білімді, білікті, өнерпаз жастарды, қыздар арасынан бөлек аруды, жігіттер арасынан бөлек жеңімпаз сұлтанды анықтау. Байқауда студент жастардың тек сыртқы мүсіні ғана емес, ең алдымен ішкі жан дүниесі, білімі, рухани көркемдігі мен сана-сезімі алдыңғы кезекке қойылады. Шара барысында ұлттық салт-дәстүрді дәріптейтін, әдебиет пен тарихты, әдеп мен мәдениетті меңгерген, сонымен қатар заман ағымына сай жан-жақты, сымбатты, көзі ашық, көкірегі ояу, бәсекеге қабілетті жастардың болмысы айқындалып, үлгі етілді.

Қатысушылар үшін байқау үлкен сахнада жүріп-тұру, өнер көрсету, үлкен аудиториямен тікелей жұмыс істеп үйрену үшін керемет мектеп болды дей аламыз. Олар 15-ақпаннан 15-наурызға дейін 1 ай бойына кәсіби мамандармен жұмыс жасап, тәжірибе жинақтады. Қыз балалар ауылға барып, ауылдың тыныс-тіршілігімен танысса, жігіттер атқа мініп, қазақ күресінен сынға түсті. Онымен қоса, қатысушылардың тарапынан балалар ауылына барып, көп балалы отбасыларға қайырымдылық шараларын ұйымдастырды.

Ақтауда зәулім мейрамханада өткен негізгі кезеңде үміткерлер өз өнерлерін ортаға салып, қазылар алқасының арнайы сұрақтарына жауап берді және демеушілердің киім үлгерімен таныстырды.  

Байқаудың бас жүлдесіне Арзу Муxамбеткаримқызы Ескаир және Ербол Амандықұлы Жұмахан лайық деп танылды. Байқау жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Egemen Qazagstan»

Маңғыстау облысы