Студенттер автобустарға мінген жүргіншілерді күймен қарсы алып, айрықша ләззат, қуаныш, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Домбыраның құлағында ойнайтын жас домбырашылар қара домбыра шанағынан Құрманғазыны, Тәттімбеттің, Динаның күйлерін төгілдіріп, ұлттық туындылардың мәңгі өлмес құдыретін танытты. Жүргізушілер де бір сәтке шетелдің даңғаза музыкасын өшіріп, домбыраның үніне құлақ түрді. Ұялы телефондарынан көз алмайтын жастар елең ете қалысты. «Сарыарқа», «Бабырауын» ойнай жөнелгенде қыз-келіншектер жағы билеп кетуге шақ қалды.
«Ұнжырғам түсіп келе жатыр еді. Қазағымның музыкасын естіп, көңілім жадырап сала берді. Балам домбыра тартуды үйреніп жүр. Осындай шаралардың жиі ұйымдастырылғанын қалаймын», дейді қала тұрғыны Махаббат Қайыржанова.
Анастасия Евдокименко Наурызды адамдарды бір-біріне жақындастыратын, біріктіретін достық мейрамы ретінде санайтынын, шығыс халықтарының жаңа жылын бірге тойласып келе жатқанын жеткізді.
«Айналаға қараңызшы, табиғат түрленіп, күн шуағын шашып еді, өзгеше жылылық пайда болды. Өзім өнерлі адамдарды жақсы көремін. Ұлттық аспаптың үнін естімегелі біраз болып еді. Меніңше, халықтық өнерлерді көбірек насихаттау керек. Қуанышты күндер көп болсын», деді ол ақ тілегін арнап.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы