Қазақстан • 20 Наурыз, 2019

90 077 шағын орта бизнес нысаны рақымшылыққа ілінеді

1074 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қаржы министрлігінің мәліметінше, биыл қаңтар айында басталған салық рақымшылығына шағын және орта бизнестің 90 077 нысаны ілінеді.

90 077 шағын орта бизнес нысаны рақымшылыққа ілінеді

Салық төлеушілердің 31 210-ы заңды, 58 867-сі жеке тұлға болуы мүмкін. Айта кетейік, ШОБ өкілдері қазынаға салық түрінде 340,6 млрд теңге қарыз. Көрсетілген сома жыл соңына дейін өтелетін болса, кәсіпкерлерге айыпұл салынбайды және олар өсімпұл төлемейді. Негізгі қарыздарын өтеген ШОБ өкілдеріне мемлекеттік кірістер органдарына хабарласып, айыпұл мен өсімпұл төлемеу туралы өтініш жазудың қажеті жоқ.

Айыпұл мен өсімпұл автоматты түрде жойылып,  заң қарызын кейінге шегерген салық төлеушілерге ғана қолданылмайды. Осыдан бір апта бұрынғы ресми дерекке жүгінсек, ел бойынша 33 121 салық төлеуші 2018 жылдың 1 қазанынан бергі 7,3 млрд теңге қарызын қайтарған. Мемлекет олардың 1,6 млрд теңге өсімпұлы мен 208 млн теңге айыппұлын қарыз есебінен алып тастайтын болды.

Бұл туралы премьер-министрдің бірінші орынбасары-қаржы министрі Әлихан Смаилов: «Салық рақымшылығы еліміздің бизнес-климаты мен іскерлік атмосферасын жақсарту және ШОБ өкілдеріне қарыздарын қайтару мүмкіндігін беру үшін жасалып отыр. Біз кәсіпкерлерді қолдауға, оларға жағдай жасауға тиіспіз. Себебі олар қазына қаржысын еселеп отырады», – деді.

Қазіргі уақытта бизнесті және сауда қызметін қолдау туралы заң Парламентте қаралуда.

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы 2025 жылға дейін ұзартылды. 2019 жылғы қаңтарда шағын және орта бизнеске салықтық рақымшылық жасалады.

Өңдеуші өнеркәсіпті және шикізаттық емес секторды қолдауға, ұлттық валютаның ұзақ мерзімді өтімділігін ұсынуға, аграрлық секторды дамытуға және ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыруға қаражат бөлінді.

2019-2021 жылдар аралығында бизнесті қолдау міндеттеріне 938 млрд теңге, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға – 300 млрд теңге, өңдеу саласын дамытуға – 190 млрд теңге, ШОБ дамытуға – 90 млрд теңге және жалға берілетін тұрғын үй құрылысына – 30 млрд теңге бөлу жоспарлануда.

Гүлбаршын САБАЕВА,

 «Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ