Мұнда ең басты мәселе демократияға қол жеткізетін басқару жүйесінің болуы. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өз өкілеттігін тоқтату туралы шешімін осынау ұстаным тұрғысынан қарастыру қажет.
Жасы, тәжірибесі мен сіңірген еңбектері арқылы мемлекетті ұзақ мерзімді мақсаттарға бастаған Назарбаев тағы да ешкім күтпеген сәтте қызметінен кететінін мәлімдеді. Саяси салмағы мемлекет аумағынан шығып кеткен лидердің қабылдаған осынау шешімі тек Қазақстан үшін ғана емес, тұтас өңірдің болашағы мен тұрақтылығы тұрғысынан да маңызды. Өз басым Қазақстан басшысының мұндай шешімге келуі мүмкін екендігі жайлы осыдан 2 жыл бұрын атап өткен едім. Н.Назарбаевтың өз қалауымен, денсаулығы жақсы кезінде қызметін жаңа буынға тапсырып, есімін тарихта алтын әріптермен жаздыратыны жайлы ойлар айтқанмын. Назарбаевтың Көшбасшылығы турасында жазып жатқан, жақын күндері кітап болып жарық көретін зерттеулерімде мұны ашық айттым. Өйткені, бұл әрекеттің алғышарттар мен сүйенер негіздері бар.
Дәлірек айтқанда, Нұрсұлтан Әбішұлы қабылдаған шешімнің төркінін 2017 жылғы оқиғалардан іздеуге болады. Яғни, Қазақстан басшысы өкілеттігін тоқтатуға қатысты шешімді сол кезден бастап жоспарлаған тәрізді. Мемлекет құрушы Президент ретінде Н.Назарбаев 2017 жылы Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес 30-дан астам өкілеттігін Парламент пен Үкіметке берген болатын. Елдің басқару жүйесіне үлкен өзгеріс әкелген аталған шешімді қоғам жеткілікті деңгейде түсінген жоқ. Қазақстанда қуатты президенттік моделден президенттік-парламенттік басқару жүйесіне көшудің іргетасы осылай қалана бастаған еді. Яғни, мемлекет басшысының белгілі бір рөлі сақтала отырып, өзге билік тармақтарының, атап айтқанда, министрлер кабинетінің, әсіресе, парламенттің салмағы, жауапкершілігі артатын, тепе-теңдік пен тежеу механизмі мейілінше жақсы жұмыс істейтін саяси жүйе құру көзделген-ді.
Назарбаев - тек Қазақстан үшін ғана емес, тұтас аймақ тұрғысынан қарағанда да көшбасшы тұлға. Ол өзінің денсаулығы мүмкіндік беріп тұрған кезде мемлекеті пен өңірдің тұрақтылығы үшін билік алмасудың бақылау арқылы жүзеге асқанын және тұрақтылықтың беки түскенін қалайды. Өзі де «оңай болған жоқ» деп атаған соңғы шешімі елдегі билік транзитінің ақырғы тетігіне айналды әрі Еуразия кеңістігінде жаңа рөлі бар басқару моделін құру мүмкіндігін ұсынды. Ол энергоресурстары мол қазақ даласын келешекте басыбүтін сақтап тұру үшін осындай тәсілге жүгініп отыр. Бұл оңай іс емес. Өйткені, мемлекеттің Ресей, Қытай тәрізді супердержавалардың ортасында орналасуы ел ішіндегі тұрақтылық пен халықаралық тепе-теңдікті үнемі назарда ұстауды қажет етеді.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев есімінің Түркияда да танымал екендігін, бренд деңгейіне жеткенін естен шығармау керек. Былтыр әлеуметтік медиа арқылы жасаған бір зерттеуімде Түркі әлеміне қатысты ұғымдарды сараптағанмын. Сол зерттеуде Түркі дүниесіндегі ең танымал есімдердің бірі Қазақстан Президент Нұрсұлтан Назарбаев екендігі белгілі болған-ды.
Ол соңғы үш жылда еліндегі шенеуніктердің орташа жасын төмендетіп келеді. Жаңа буын жайлы айтуы мен бірнеше ай бойы жастарға бағытталған месседж жолдауы осы бастамасының нәтижесі. Яғни, ол ел басқаратын кадрларды жасарту бағытында әрекет етіп отыр. Енді Қауіпсіздік Кеңесі мен «Нұр Отан» партиясының Төрағасы ретінде өзі бастаған істі жалғастыра бермек. Ал мемлекет басқаруға кіріскен Қ.Тоқаев елге танымал, халықаралық дәрежеде өзін мойындатқан тұлға. Егер елдің демографиялық ахуалы осы бастамаларға белгілі бір деңгейде кедергі жасамаса, даму қарқынын қазіргіден де жеделдетуге түсуге мүмкіндік алатын болады. Әрі басқару жүйесі жылдам өзгереді. Бұл өзгерістер Назарбаевтың алысты болжайтын, кең ауқымды саясаты әрі тікелей өзінің жөн сілтеуі арқылы жүзеге асады.
Жалпы, Назарбаев - өзі басқарған 28 жылда ел экономикасын 15 есе өсірген табысты саясаттың архитекторына айналған тұлға. Меніңше, бұл саясат жалғаса береді. Қазақстан басқару тұрғысынан да, кадрлар буынының алмасуы жөнінен де келешегіне сеніммен қадам басатын кезеңде тұр.
Куршад ЗОРЛУ,
профессор, Түркия