Арандатудан абай болған жөн
Жұма, 14 қыркүйек 2012 7:37
Ресейдің құрғақтағы әскерінің бас қолбасшысы генерал-полковник Владимир Чиркин Федерация Кеңесінің Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мәжілісінде Орта Азия мемлекеттері арасында әскери қақтығыстар болуы қаупі барлығын ескертті.
Жұма, 14 қыркүйек 2012 7:37
Ресейдің құрғақтағы әскерінің бас қолбасшысы генерал-полковник Владимир Чиркин Федерация Кеңесінің Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мәжілісінде Орта Азия мемлекеттері арасында әскери қақтығыстар болуы қаупі барлығын ескертті.
Мұндай арандатушылық болжамның ар жағында не бар екенін аңғару оншалықты қиынға соқпайды. Осы аймаққа өздерінің ықпалын күшейткісі келеді. Қарулы күштер өкілінің тұрғысынан қарағанда, сол ықпал күшке сүйеніп жасалатыны белгілі. Рас, арада бір күн өткенде бұл елдің қорғаныс министрі Анатолий Сердюков генерал-полковниктің жосықсыздау болжамының тігісін жатқызып сөйлегені бар. Бәрібір көңілде дық қалады.
Соғыс болуы мүмкін деген сөз жаман. Ол халық арасында үрей туғызады, жұрттың жүйкесіне тиеді. Біреулердің, әсіресе, шекараға жақын тұрғандардың басқа жаққа көшу, жақын уақытта жүзеге асырмақ істерін кейінге шегеру жайында ойлауы да мүмкін. Талайларды соғыс бола қалған жағдайда бала-шағасы қандай күйге ұшырайды деген ой қажайтыны да анық.
Бір сөзбен айтқанда, соғыс қаупі туралы болжам айту жеңіл болғанмен, оның халыққа түсер салмағы ауыр. Содан да қандай қызметтегі адам болмасын бұл жайында байқап сөйлегені жөн. Мен осылай ойлаймын деп, аузына келгенді айта берсе, оның басқаларға ауыртпалық болып түсуі әбден ықтимал.
Жоғарыда айтқан ресейлік даңғой генерал ғана емес, бұл аймақтағы соғыс қаупі туралы жосықсыз пікір айтатындар басқа жақта да бар екен. Өткен жылдың аяғында Халықаралық дағдарыс тобының президенті Луиза Арбор 2012 жылда «болатын» 10 соғыстың бірін Орта Азиядан іздейді. Міне, жылдың 8,5 айы өтті, соғыстан саумыз. Сірә, «халықаралық беделді сарапшының» сандырағы жыл аяғына дейін келе қоймас.
Өздерінің соғыс туралы болжамдарын біраз сарапшылар бұл аймақтағы энергетика, су және жерді пайдалануға байланыстырады. Әмудария мен Сырдария өзендері суының дұрыс реттелмеуінен айтарлықтай дау барлығы рас. Сол өзеннің басындағы Тәжікстан мен Қырғызстанның етектегі елдер Өзбекстан, Қазақстан, Түркіменстанның мүддесін ескере бермеуі айтарлықтай қиындықтар, соған орай дау да тудырады. Бірақ бұл соғысқа апарады деген сөз емес.
Қазақстанға сапары кезінде Өзбекстан президенті Ислам Каримов бұл жайында қатты да ашынып айтты. Сонда да соғысамыз деген жоқ, тіл табысайық, халықаралық сарапшыларға жүгінейік, деді. Ал даңғой генерал Чуркин «Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызияның қатысуымен аймақтық қарулы қақтығыс болуы мүмкін», деп сәуегейсиді.
Соғыстың басқа да «себептері» алға тосылады. Ресейдегі Геосаяси мәселелер академиясының директоры Валерий Волков бұл соғыстың қаупін бұл аймақта уран мен торийдің қоры шоғырланғанынан іздейді. Энергия көзі уран-238 және торий-232-де жинақталған – 86%, ал көмірсутектерінде – 14%. «Сондықтан, – дейді ол, – бұл аймақта қақтығыс болмай қоймайды».
Енді оның бұл сандырағы негізсіз екеніне басты дәлел – сол уранның үлкен көзі біздің елімізде, ал бірақ біз соғыспаймыз және оған жол да бермейміз. Сол байлықтың игілігін бейбіт жолмен көреміз және бізді бүкіл әлем қолдайды.
Енді біреулер соғыс қаупін этносаралық шиеленіске апарып тірейді. ИГСО халықаралық саясат орталығының жетекшісі Михаил Неижмаков Қырғызстандағы 2010 жылғы этносаралық қақтығысты алға тосады. Қырғыздар мен өзбектер қақтығысты, бірақ ол еларалық қақтығысқа ұласпады. Өзбекстан бұл шиеленіске күші жетпегеннен емес, жағдайды одан әрі ушықтырмас үшін араласпады. Парасаттылық көрсетті.
Осы аймақтағы туысқан елдерді, халықтарды қалай да қақтығысқа ұшыратуды көздейтіндер көп. Арандатудың талай жолын алға тосады. Соның бірі – соғыс қаупі. Оны болмай қоймайтындай көрсетеді. Ел ішінде үрей тудырады. Әр ұлт өкілдерінің арасына от тастап, жөнсіз қадамға итермелейді. Мұндайда арандатушылардан абай болыңдар деп айқайлағың келеді.
Мамадияр ЖАҚЫП, «Егемен Қазақстан».