Биыл «Тұмар» ұлттық байқауы 9 номинация бойынша үздіктерді анықтады.
«Үздік өңірлік тележоба» аталымында «Қазақстан - Qyzyljar» телеарнасының «WELCOME TO QYZYLJAR» жобасы жеңімпаз атанды. Бұл жоба Солтүстік Қазақстан өңірінің тарихи-мәдени орындарын таныстырады.
«Үздік әлеуметтік жоба» жүлдесі «Астана» телеарнасының «Біз біргеміз. Ана үйі» жобасына берілді. Жобада тағдырдың тәлкегіне ұшырап, жалғыз қалған жас аналардың шынайы оқиғалары жинақталған деректі фильмдер топтамасы ұсынылады.
«Үздік ойын-сауық жобасы» номинациясында «НТК» арнасында көрсетілген «Qara beri» реалити-шоуы үздік деп танылды. Qara beri» хип-хоп жобасында жас рэп орындаушылары «Қазақстанның үздік рэпері» атағы үшін таласқа түседі. Жеңімпаз Қазақстандағы ірі орталықпен келісімшарт бекітеді.
«Үздік телевизиялық сериал» аталымында «Кейкі мерген», «Бессонница», «Красный уровень» және «Қарлығаш ұя салғанда» телесериалдары үзддік төртікке енді. Нәтижесінде КТК телеарнасының «Красный уровень» телесериалы марапатталды.
Сонымен бірге, Сирияға кеткен қазақстандықтарды қайтару туралы «Жусан» жобасы үшін Қазақстан телерадиокорпорациясына «Тұмар» ұлттық телевизиялық бәйгесінің арнайы сыйлығы берілді.
«Үздік деректі фильм» жүлдесі ҚР Президенті Телерадиокешені түсірген «Ұлы дала астанасы» жобасына берілді. 50 минуттық фильм Астананың 20 жылдық мерейтойына арнайы түсірілген.