Аталған ұсынысты қабыл алған жергілікті активтер мен мәслихат депутаттарының қолдауымен бірқатар өңір орталықтарындағы негізгі көшелерге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілді. Ең әуелі елорданың атауын өзгерту туралы Астана қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясында шаһар басшысы Бақыт Сұлтанов Нұрсұлтан Назарбаевтың сан қырлы батыл бастамаларының бірі бүгінде өзінің жеке қолтаңбасына айналған елорда екенін атап өтіп, сондықтан тұрғындардың Президент Қ.Тоқаевтың ұсынысын қолдайтынын жеткізді. Мәслихат депутаттарының бірауыздан қолдауынан соң қала атауын «Нұр-Сұлтан» деп жазу туралы ұсыныс Үкімет пен республикалық комиссияға жіберілді.
Сонымен бірге Парламент палаталарының бірлескен отырысында Астананың атауын Нұр-Сұлтан қаласына өзгерту туралы Заң қабылданды. «Мемлекет басшысы Конституцияның 91-бабының 1-тармағына сәйкес, Парламенттің қарауына «ҚР Конституциясына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасын енгізді. Бұл жоба республика астанасының атауын Астана қаласынан Нұр-Сұлтан қаласына өзгертуді көздейді. «ҚР Конституциясына сәйкес, Үкімет Ата Заңымызға Астананың атауын өзгерту туралы түзету енгізу үшін Республикалық референдум өткізу жөнінде Президентке ұсыныс жасады. Президент бұл ұсынысты референдумға шығармай, Парламенттің қарауына жіберу туралы шешім қабылдады.
Бұл мәселе бойынша Конституциялық Кеңес өзінің оң қорытындысын да берді», деді Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин. Бірлескен отырыс барысындағы талқылаудан кейін депутаттар бірауыздан Астананың атауын Нұр-Сұлтан қаласына өзгерту туралы шешім қабылдады.
Сондай-ақ, еліміздің бірқатар облыстарында мәслихаттардың шешімімен орталық көшелердің атауы өзгерді. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Өскемен қаласының Тәуелсіздік даңғылына Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілетін болды. Даңғылдың толық атауы – «Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы».
Шымкент шаһарының әкімшілік-іскерлік орталығында орналасқан Астана даңғылы да Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы болып өзгертілді.
Тараз қаласындағы ең үлкен көшелердің бірі саналатын Төле би даңғылына Нұрсұлтан Назарбаев атауы берілді. Ал Төле би атауымен Ташкент көшесі аталатын болды.
Ақтөбеде Әбілқайыр хан даңғылының бір бөлігіне, яғни Әлия Молдағұлова даңғылынан Бөкенбай батыр көшесіне дейінгі аумағына Нұрсұлтан Назарбаев көшесі атауы берілді.
Сол сияқты Петропавл қаласындағы ең ұзын көшенің бірі – Мир көшесі енді Елбасының есімімен аталады. Сондай-ақ Оралдағы Достық-Дружба даңғылы Нұрсұлтан Назарбаев деп аталатын болды. Бұл туралы шешім Орал қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясында қабылданды. Орал қалалық мәслихаты нормативтік-құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Амангелді Ермекқалиев, қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Бақытжан Нұрбаев және қалалық мәслихат депутаттары Валентина Михно, Әнуар Мұқатаев Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанды дамытудағы еңбегі орасан екенін, Достық даңғылының ұлттар достығын бекемдеген Елбасының есімімен аталуы жарасатынын атап өтті. Қоғамдық тыңдау кезінде ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ақұштап Бақтыгереева Нұрсұлтан Әбішұлының елімізді 90-жылдардың қиын кезеңінен алып шығып, достық пен бейбітшіліктің мекеніне айналдырғанын айтты. Жаңа даңғылдың бойында көптеген әкімшілік-іскерлік, мәдени нысандармен бірге, Абай мен Сырым Датұлы, Құрманғазы мен ІІ Дүниежүзілік соғыстың қаһарман қыздары Мәншүк, Әлия және Хиуаз ескерткіштері орналасқан. Даңғылдың ХІХ ғасырдың архитектуралық ескерткіштері шоғырланған біраз бөлігі ашық аспан астындағы мұражай ретінде мемлекет қорғауына алынған.
Дәл осындай отырыс Маңғыстау өңірінде де өткізіліп, облыстық мәслихат депутаттары Ақтаудағы ең үлкен даңғылды Нұрсұлтан Назарбаев есімімен атау туралы шешім шығарды. Бұл даңғыл №1 шағын аудандағы Ақбота саябағынан басталып, №17 шағын аудандағы «Грин Парк» тұрғын үй кешеніне дейін жалғасып жатыр.
Депутаттар бірауыздан қолдаған бұл ұсыныстар бойынша нақты шешім республикалық ономастикалық комиссияда қаралатын болады.
Думан АНАШ,
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»