Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әлемдік билік дәстүрінде болмаған ерекше үрдіс жасады: Қазақстан халқына үндеу жасау арқылы Қазақстан Президенті өкілеттігін тоқтататыны туралы жария етті. Шынында, тұлға есебінде мұндай шешімді қабылдау да және оны халыққа жария ету де оңай емес еді. Ал мұндай мәлімдемені есту, Елбасының командасы, барша жұртшылық үшін күтпеген жай болатын.
Өзі дүниеге әкеліп жас баладай мәпелеп жеткізген егемен ел, тәуелсіз Қазақстанды ең алғашқы күндерінен бастап алға сүйреп әкеле жатқан мемлекет, міне, тәуелсіздігінің 28 жылдығын атап өтпекші. Елбасымыздың Қазақстанның егемендік алып, тәуелсіз мемлекет болуын бұрыннан-ақ, кеңестік кезеңде қызмет етіп жүрген кезінде армандағаны, жүрегінің түкпіріндегі ең асыл мұраты болғаны белгілі.
Себебі сонау кеңестік империя дәуірінде, Қазақ кеңестік социалистік республикасының басшысы ретінде жоғары лауазымда болса да, тәуелсіз емес кезде мемлекеттің жан-жақты дамуы, әлемдік қауымдастыққа кіруі, мойындалуы, мәдениетінің, тілінің өркендеуі толыққанды болмайтынын Елбасы терең түсінген болатын. Сондықтан да егемендіктің алғашқы күндерінен-ақ Елбасы Қазақстан мемлекетін әлемдік қауымдастыққа кіргізіп, Қазақстанды дүние жүзіне танытуда ерекше рөл атқарды.
Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін кеңестік дәуірден қалған мемлекеттердің бірдей стартпен өз беттерінше дамуы басталып, оның ондаған жылдар түрлі жылдамдықта, қилы сапада болғандығын бүкіл әлем көріп отыр. Осылардың арасынан оза шауып, ұлтаралық, дінаралық қақтығыссыз, нарықтық экономиканы сәтті игере отырып, республиканы халықаралық қоғамдастық мойындаған деңгейге шығару ең талантты деген мемлекет басшыларының екеуінің бірінің қолынан келе бермейтін жағдай.
Қазақстан әлемде болып жатқан экономикалық құлдыраулардың, қаржы дағдарыстарының барлығынан да Елбасының басшылығымен сәтті шыға алды. Президент өткен кезеңдер ішінде тек экономикаға ғана көңіл бөліп қоймай, Қазақстанның сыртқы, ішкі саясатын, білімі мен ғылымын, руханиятын дамытуда теңдессіз жұмыстар атқарды. Ол терең білімді, озық мәдениетті меңгерген ел болмай, әлемге танылу және алға жылжу болмайтынын нақты білді. Және осы ерекшеліктерді қазақтың өзіндік әдет-ғұрып, салт-сана, дәстүрлерімен байыта отырып, бұл тұрғыда да жаңа қазақстандық модель жасады деуге болады.
Әсіресе бұл тұрғыда соңғы жылдары Елбасы қаламынан шыққан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларының орны ерекше. Түсінген адамға бұл мақалалар Елбасының ұзақ жылдар бойы, кеңестік кезеңнен бастап жүрек түбінде сақтап келе жатқан, қазақ халқы болашаққа қалай барады, қай жолмен жүреді, қандай құндылықтарын сақтайды, ол қаншалықты мәдениетті, білімді және өзінің ұлттық рухын сақтай алған қоғам болады деген толғаныстарының жиынтығындай. Осының барлығын жіпке тізгендей жеке-жеке талдап, бағдарлама ретінде ұсынған.
Қазақстан XVIII ғасырдан бастап жан-жақтан түрлі ұлттар ағылып келіп, орналаса бастаған аумаққа айналды. Әр ғасырдың түрлі кезеңдерінде түрлі тарихи, саяси, халықаралық жағдайларға байланысты алуан этностардың келіп орналасуы белең алды. Отарландыру, ұжымдастыру, Ұлы Отан соғысы, тың игеру сияқты ауыр кезеңдерде кең-байтақ жерімізден пана тапқан халықтар жергілікті халықтың қайырымдылығы мен қамқорлығы арқасында орнығып, сіңісіп кетті.
Қазақстандай орасан зор аумақта түрлі ұлт өкілдерін ынтымақ пен бірлікте өмір сүріп, ұлтаралық, дінаралық қақтығыстарға бармай, ортақ Отан, біртұтас Қазақстан үшін еңбек етуге жұмылдыру да қиын іс еді. Осындай күрделі жағдайда Елбасымыз әлемде теңдесі жоқ бірегей институт – Ассамблеяны дүниеге әкелді. Келесі жылы 25 жылдығын атап өтетін бұл ерекше құрылымның әлемде әлі күнге дейін баламасы жоқ. Жүргізілген кең ауқымды, терең мазмұнды жұмыстың нәтижесінде этностар арасында ынтымақ пен бірлік орнап, олар өздерін қазақстандықтармыз деп санайтын күнге де жеттік.
Елбасы этносаралық қана емес, діни келісім саласында да қазақстандық модель жасап, соның сәулетшісі болды. Діннің жасампаз күшін терең ұғынған Тұңғыш Президенттің бастамасымен соңғы жиырма жылдың ішінде Астанада Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің алты съезі өтіп, алуан конфессия көшбасшыларының бір шаңырақ астында басқосуына мүмкіндік жасалды. Әлемдегі аса беделді діни қайраткер Рим папасы ІІ Иоанн Павелдің Орталық Азия мемлекеттерінің ішінде ең алдымен біздің елге келуі Қазақстан басшысының осы бағытта атқарып отырған жұмысына ризашылығы мен құрметінің белгісіндей тарихта қалды.
Жалпы Елбасының назарынан тыс қалған, ол бастама жасап, қамқорлық көрсетпеген саласы кемде-кем деуге болады. Тұңғыш Президентіміз – жайбарақат отырмай, қашанда тыңнан ой қозғап, жаңа идеялар айтып, бастамалар көтеріп отыратын әлемдік деңгейдегі реформатор басшы. Мысалы, Елбасының қазақ балаларын шетелдерде оқытуға арналған «Болашақ» бағдарламасы, Астанада құрылған әлемдік деңгейдегі Назарбаев Университет, жаратылыстану саласында білім беретін Назарбаев зияткерлік мектептері – Қазақстан білімін алға жетелеген, жастарымыздың халықаралық деңгейде білім алуына қол жеткізген зор мүмкіндік болды. Қазірдің өзінде Тәуелсіз мемлекеттер достастығында бұл білім ордаларына балама жоқ.
Елбасының теңдесі жоқ туындысы – Астана екені даусыз. Шындығына келгенде, жазық далада қала салу елге серпіліс әкелді. Астананың дамуы – өңірлердің дамуына, өңірлердің дамуы тұтас елдің дамуына жетеледі. Елбасы бастаған бұл ұлы көш үлкен жетістіктердің бастамасы болып, елді бұрын естіп-көрмеген биіктерге шығарды. Астана Қазақстанның жаңа моделін қалыптастырып, жаңашыл, батыл, ақылды ұрпақты дүниеге әкелді.
Астана бүгінде тек білім, ғылым, биліктің ғана емес, халықаралық дипломатияның, дүниежүзілік текетірестер, кикілжіңдер мен түсініспеушіліктерді еңсерудегі бітімгершілік ордасына айналды. Бір ғана Сирия мәселесіне араласып, ара ағайындық жасағаны үшін Елбасымыз қаншама мемлекеттердің алғысын арқалады.
Елбасы туралы сөз еткенде, оның айтпай өтуге болмайтын ерекше қасиеттері – адамгершілігі, кеңдігі, азаматтық ұстанымы, көрегендігі. Осындай айрықша қасиеттері үшін оны әлемнің әйгілі басшылары мен мемлекет қайраткерлері жақсы көріп, дос болды. Қаншама шетін мәселелердің осындай достық қатынастардың арқасында шешілгенін біреу біліп, біреу білмейді. Мысалы, ҚХР төрағасы Цзян Цзэминмен, Ресей президенті Борис Ельцинмен достықтарының арқасында ғасырлар бойы даулы болып келген үш мемлекет арасындағы шекара мәселесі шешімін тапты.
Сондай-ақ Елбасының Ресей көшбасшысы Владимир Путинмен, ҚХР төрағасы Цзян Цзэминмен, оның мұрагері Ху Цзиньтаомен, АҚШ президенттері үлкен Джордж Бушпен және Билл Клинтонмен, Ұлыбритания премьер-министрі Маргарет Тэтчермен, Испания королі Хуан Карлоспен, Біріккен Араб Әмірліктерінің, Сауд Арабиясының, Сингапурдың, Италияның, Германияның, Түркияның және басқа да мемлекеттердің басшыларымен жақын достық байланыста болуы Қазақстан үшін, еліміздің әлемде атын танытып, беделін өсіру үшін үлкен рөл атқарды. Елімізге миллиардтаған инвестиция тартылды. Маргарет Тэтчердің Елбасымыз туралы «Бүгінде әлем беделді 5-6 саясаткерді біледі, соның бірі – Нұрсұлтан Назарбаев» дегені көп нәрсені аңғартса керек.
Елбасының осындай бітімгерлік қасиеттері Кавказ мемлекеттері, Ресей-Түркия арасындағы қатынастар дағдарысын оң шешуге ықпал етті. Бұл ретте, жеті айға созылып, экономикасын тұралатқан текетірестің жігін жатқызып, екі тараптың басшыларын татуластырып, табыстырудағы орасан зор еңбегі үшін Түркия халқының, оның зиялы қауымының Нұрсұлтан Әбішұлына шексіз ризашылығын көріп, көңіліміз толқығанын айту парыз.
Барша халқын бауырындай, Қазақстанның бар өңірін туған өлкесіндей сүйетін Елбасының көне Түркістанды түлетуді қолға алуы – Қазақ елінің рухани тұрғыдан алға басуы үшін қажет болды. Қазір әлемде тарихқа қызығушылық артып келеді. Зиялы саяхатшылар теңізге түсуден гөрі тарихи мағлұмат алар бағдарларға ден қоюда. Елбасы Қазақстанда туризмді дамыту үшін ортағасырлық ежелгі қалалар тізбегі жатқан, Қазақ хандығы ту көтерген, Иран, Ирак, т.б. мемлекеттерде ұстанатын Ясауи ілімі таралған Түркістаны бар Оңтүстік өңірін дамытудың мәні зор екенін атап көрсеткен.
XVI ғасырдан бастап ұлан-ғайыр қазақ жерінің түкпір-түкпірінен барлық жүздер ең қадірлі адамын Түркістанға әкеліп жерлеуді дәстүрге айналдырды. 21 хан, 19 би, 56 батыр мен 8 сұлтан мәңгілік мекенін тапқан Түркістанды көркейтіп, оның шын мәнінде де киелі екенін халықаралық деңгейде танытуды мақсат етуі – Елбасының тарихқа жасаған тағзымы дер едік.
Кешелі бері отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан Республикасы Президентінің өз өкілеттігін тоқтату туралы мәлімдемесіне орай көптеген пікірлер жариялануда. Байқағанымыз, зор беделді мемлекет қайраткерлері де, қарапайым жұртшылық та Елбасының ерен еңбектерін айта отырып, қимастық сезімдерін білдіруде. Солай болғаны түсінікті. Бәріміз де сондай күйді бастан кештік.
Бірақ жаситын, жалтақтайтын жөніміз жоқ. Елді дамытудың кешенді бағдарламалары жасалған, басымдықтар айқындалған. Дау-жанжалсыз, берекелі бірлікте өмір сүрудің артықшылықтарына көзіміз жеткен. Соның бәрі – Елбасы жүргізген қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саясатының арқасында екені түсінікті.
Отыз жыл басқарып, озық елдер қатарына жеткізем деп бар күш-қуатын, білімі мен тәжірибесін, адами тартымдылығы мен саяси жігерін арнаған Қазақстаны, сан ұлттан құралған біртұтас халқы Үшқоңырдың баурайындағы шағын ғана Шамалғаннан түлеп ұшып, әлемдік саясаттың дарабозына айналған ұлын мақтан етеді.
Біз қиындық пен қызығы қатар жүрген, татулық пен ынтымақтың қадірін білген жылдар үшін Тұңғыш Президентімізге алғысымызды білдіреміз. Ендігі мақсат – Елбасы сызып берген бағдармен болашақта – озық елдер қатарынан орын алу.
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Президент Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі