Қазақстан • 21 Наурыз, 2019

Қостанайда  халықаралық медиа форум өтті

1019 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қостанайда «БАҚ трендтері, саяси технологиялар, заңнама және әлеуметтік желілер» атты халықаралық медиа-форум өтті. Оған Қазақстандағы және Ресейдің көрші Қорған, Челябі , Орынбор облыстарынан журналистер ұйымдарының өкілдері мен блогерлер қатысты. 

Қостанайда  халықаралық медиа форум өтті

Бұл пікірталас алаңы тек кәсіби журналистерге ғана емес, түрлі қоғамдық ұйымдар өкілдеріне де ойын бөлісуге мүмкіндік берді.

«Мемлекет бұқаралық ақпарат құралдарын қанша бақылайын дегенмен бүгінгі интернет пен әлеуметтік желілер ықпалы оған толық мүмкіндік бере бермейді. Сондықтан не істеу керек? Бүгін бізде тұңғыш рет облыстық және Реейдің көрші облыстарынан бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, белгілі блогерлер, журналистер ұйымдарының басшылары жиналып, осы сұраққа тағы да жауап іздеп, пікір алмасады. Бұл өте маңызды, біздің ұлттық қауіпсіздігіміз ғана емес, екі елдің ынтымақты қарым-қатынасы да ақпараттың қалай берілуіне тәуелді екенін ұмытпайық» деді медиа-форумды ұйымдастырған «Қостанай-медиа-Холдинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорлар кеңесінің төрағасы Махаббат Жутаев.

Форумның пленарлық мәжілісінде Коммунистік халық партиясының хатшысы Дмитрий Легкий, Ө.Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогика университетінің ректоры, профессор Еркін Әбіл, облыстық журналистер ұйымының төрағасы Сергей Харченко, «Содружество» баспасөз клубы Орталық Азия бағытының редакторы Жанна Төлендинова, Челябі облыстық журналистер одағының төрағасы Денис Мякишев, Қорған облыстық журналистер одағы төрағасының орынбасары Светлана Емельянова, «Әділ сөз» қорының  заңгерлік қызметінің жетекшісі Тамара Симахина, Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітғазы Матаев, тағы басқалар бүгінгі кәсіби журналистика мен әлеуметтік желілердің жұмысы, ықпалы туралы пікірлерін ортаға салды.

«Әлеуметтік желілер мен блогерлердің дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдардан айырмашылығы, олардың өзінің сөзін тікелей бағыттайтын аудиториясы болады, олар дәстүрлі БАҚ-тан гөрі блогерге сенеді. Ең қызығы, блогердің аузына қарайтын аудитория олардың ақпарат берудегі жауапкершілігінің, білімінің деңгейіне қарамай, оларға кәсіби журналистен жоғары сенеді. Енді соңғы 3-4 жылда адамдардың ақпарат алмасуындағы мессенджерлер тренді әлеуметтік желінің өзін ығыстырып бара жатқандай. Технологияның жылдам дамуы адамдардың ақпарат алмасуы үшін компьютерді, телевидениені, басқаны да керек етпей отыр, оларға ұялы телефон болса жетіп жатыр. 2016 жылы мессенджерлердің пайдалануы әлеуметтік желіге жетіп қалғаны туралы ақпарат оқыған едім, ал бүгін олар әлеуметтік желіден асып түседі. Егер қазір «Фейсбукті» орта жастағы белсенді буын пайдаланса, «Уатсапты» бесіктегі баладан белі бүгілген шалға дейін пайдаланады. Әлеуметтік желілерде блогер кәсіби болмаса да, оның айтқан пікірлерінің авторы белгілі болады, жұрт уақытысында пікір білдіреді. Ал «Уатсаппен» тараған ақпарат вируспен бірдей, егер ақпарат қате болса, оның қайдан шыққанын, авторы кім екенін білу мүмкін емес» деген Еркін Әбіл мессенджерлер арқылы тараған білім жүйесіне қатысты жалған ақпараттардан мысалдар да келтірді.

Форумның пленарлық мәжілісінің өзінде қызу пікірталастар болды. Түстен кейін медиа-форумға қатысушылар «Саяси технология: БАҚ және партиялар», «Заңнама және БАҚ, дау-дамайлар», «Әлеуметтік желілер және блогерлік трендтері» деген тақырыптағы үш секцияға бөлініп, жұмыс істеді.

Форум қонақтары Қостанай қаласында өтетін Наурыз мерекесінің қызығын тамашалайды.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»,

Қостанай