04 Қазан, 2012

Алмағайып мезгіл. Аумалы-төкпелі мезет

394 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Алмағайып мезгіл. Аумалы-төкпелі мезет

Бейсенбі, 4 қазан 2012 7:17

Әлем соңғы аптада әлем-жәлем оқиғаларға тұнып тұр. Бір жетінің ішінде жаһан келеше­гі­не келбет беретін қаншама шешімдер қабыл­да­нып үлгерді. Германия конституциялық соты Еуропа тұрақтандыру механизміне (ESM) байланысты үкім шығарды, шығын көлемін азайтуға құштар грек үкіметі көмектің кезекті траншын сұрап әлек, Испания өкіметі сондай жәрдемді алуға дәмелі екенін білдірді, ал АҚШ-тың резерв жүйесі қызметінің ашық рыноктар комитеті қарыздарды жұмсартудың үшінші раундын өткізу жайына қайта оралды.

 

Бейсенбі, 4 қазан 2012 7:17

Әлем соңғы аптада әлем-жәлем оқиғаларға тұнып тұр. Бір жетінің ішінде жаһан келеше­гі­не келбет беретін қаншама шешімдер қабыл­да­нып үлгерді. Германия конституциялық соты Еуропа тұрақтандыру механизміне (ESM) байланысты үкім шығарды, шығын көлемін азайтуға құштар грек үкіметі көмектің кезекті траншын сұрап әлек, Испания өкіметі сондай жәрдемді алуға дәмелі екенін білдірді, ал АҚШ-тың резерв жүйесі қызметінің ашық рыноктар комитеті қарыздарды жұмсартудың үшінші раундын өткізу жайына қайта оралды.

Апта аралығындағы осы және басқа да жайлар жайында төменде әңгімелемекпіз.

«Шек» сериалындағы шендесулер

Қаржы рыногындағы жағдайдың тым ушығып бара жатқанына АҚШ-тың бірден-бір кінәлі екенін бүгінде жұрттың бәрі сезіп отыр. Бар пәленің өздерінің қаржы саясатында екенін мұндағылар одан артық біледі. Сондықтан тұйықтан шығудың жолдарын қазір алдымен осы елдің қаржыгерлері ұсынып жатыр.

Осының ыңғайында АҚШ-тың Фе­де­ралдық резерв қызметінің басшысы Бен Бернанке өзінің Джексон Холлда сөй­ле­ген сөзінде алда не істегелі тұрғандарын емеурінмен білдірді. Ол осы жолы бірінші рет: «Оңды белгілері бой көр­се­туі­не қарамастан, экономикалық ахуал әзірге бізді қанағаттандыратын дәрежеден көп қашық жатыр», деп мойындауға мәж­бүр болды. Бұған қоса ол: «Қолда­ны­ла­тын құралдардың айқынсыздығы мен шектеулілігін еске ала отырып, Федерал­дық резерв қызметі экономиканы мей­лін­ше күштірек қалпына келтіретін және баға тұрақтылығы мазмұнындағы еңбек рыногы жағдайын жақсартуды қамта­ма­сыз ететін қосымша саясат жүргізетін болады», дегенді де мәлімдеп үлгерді. Ал аталмыш рынокта жүргендердің көпші­лі­гі мұны ашық рынок жөніндегі коми­тет­тің 12-13 қыркүйектегі отырысы бары­сын­да қозғалған сандық жұмсарту, яғни дәстүрден тыс монетарлық шараларды жалғастыру ықтималдылығының өсуі ре­тінде қабылдады. Бұл өз кезегінде Бен Бернанке сөзінің көп бөлігін ыждағатпен қайта қарап шығуды талап етеді. Олар бір мезгілде тарихтың толғаулы тараулары ретінде де қарастырылады, сонымен бір­ге, АҚШ-тың соңғы бес жылдағы моне­тар­лық саясатын ақтау сияқты болып та естіледі.

Ал осындағы атақты сөзін Бен Бер­нанке: «Егер біз осы кезге дейін істе­ге­німізді істемеген болсақ, жағдай қазір дәл бүгінгіден әлдеқайда жаман болып тұрар еді» деген сілтемеден бастады. Мұндағы проб­лема мынада, біз егер қазіргі шара­лар қолданылмаған болса, оқиғаның қа­лай өріс алуы мүмкін екенін ешқашан да біле алмаймыз. Тап сол сияқты Б.Бер­нан­кенің дұрыс айтып отырғанына баға беру мүмкіндігі де бізде жоқ. Енді бұған тек «Шек» сериалындағы эпизодтар арқылы ғана пайым жасай алатын шығармыз. Осы күндері Құрама Штаттар телевидениесін­де жүріп жатқан танымал бұл кинолента ФБР агенттері мен өзгеше құбылыстарды зерттеуші эксцентристік ғалымның бас­тан кешкендерін көрсетуге арналған. Міне, осы сериалда біздің күнделікті өмі­рі­міздің көріністерімен қатар, параллель дүние де алға тартылып отырады. Ондағы тіршілік те біздікіне ұқсас. Бірақ ол біздің істерімізді дәл сол қалпында қайталай қой­майды. Бір қызығы, сериалдың кейіп­керлері бір дүниеден келесі дүниеге алма-кезек көшіп жүре береді.

Қазір сарапшылар сол кейіпкерлердің бірі ретінде Федеральдық резерв қызме­ті­нің бұрынғы бастығы Алан Гриспеннің тұрпаттасы Алан Гриспен-Өзге образдары сериалда қатар ойнаса қалай болып шы­ғар еді, деген сауалдың төңірегінен де біраз ойдың шудасын тарқатып алып шығып, оны әрі қарай өрбітіп әкетіп жүр. Сол Алан Гриспен-Өзге, яғни параллель әлемнің Аланы 1998 және 1999 жылдары өзінің бұл өмірдегі тұрпаттасы секілді Азиядағы дағдарыстан туындаған деф­ля­циядан қорқып кетіп, дотком көпіршік­те­рін көпіртіп жіберетін шараларды қабыл­дамас па еді. Немесе, сол Алан Гриспен-Өзге дотком көпіршіктерінен қорытынды шығарып, тұрғын үй рыногын дәл сондай көпіршікке толтырып тастамаған болар ма еді! Ал осыдан бес жыл бұрын несие ры­ногы тас-талқан болар алдында екі әлемде оқиға бірдей өріс алған болса, нағыз Бен Бернанке мен Бен Бернанке-Балама екеуі сол оқиғаларды қалай өр­бітіп әкетер еді?

Сарапшылар нақты өмірдегі жағдай­ларды «Шек» сериясындағы оқиғалармен шендестіре қарай отырып, ақыр соңында бәрібір көп нәрсенің өзгермеген күйінде қала беретініне түйін түйеді. Бәлкім, екі нұсқада да Федералдық резерв қызме­ті­нің басшылары 2007 жылдан 2009 жылға дейінгі атқарылған шараларды қайталап шығатын болар. Сосын қаржы рыногы құрдымға құлап, өтімділік пен сенімді қалпына келтірудің шешімді шаралары қолға алынар еді. Әлем үшін шекаралық шектеу жағдайы болған сандық жұм­сар­ту­дың екінші раундын алайықшы. Бен оны «күшті экономиканы қалпына кел­ті­ру үшін керек» болған тетік ретінде ба­ға­лайды. Ол сонымен бірге, осы бағдар­лама­ның арқасында «Твист» опера­ция­сының қолға алынғанын айтады. Соң­ғы операция «өндірістің өсімін 3 пайызға жуық өсіруге, жеке сектордағы жұмыс орнының санын жоспарлағаннан 2 млн.-ға асыруға» мүмкіндік берген секілді.

Ал «Шек» сериалы өзінің физика заңдылықтары туралы шындыққа жанас­пайтын ұғымдарын алға тарту арқылы жақында мәңгі двигательдің болуы мүм­кін емес екенін жоққа шығаратын оқиға­ларды бастап кететін көрінеді. Сарап­шы­лардың айтуларынша, енді дәл осыған ұқсап, Бен Бернанке де ақша басып шығаратын станоктың көмегімен жұрт­тың әл-ауқатын ұдайы көтеріп тұрудың мүмкін еместігі жөніндегі күдігін қайтып алуы керек.

 

Сандық жұмсарту бар ауруға ем емес

Тап осы оқиғалардың соңын ала сан­дық жұмсартудың көптен күткен үшінші раунды да басталып кетті. Рыноктың үміті тағы да ақталды: Федералдық ре­зерв қызметінің бастығы Бен Бернанке ресми түрде мағлұм етпестен бұрын-ақ FOMC өзінің осыған қатысты мәлім­де­месін жариялап үлгерді. Онда комитеттің «жұмсартуды одан әрі жалғастырмай, экономикалық өсімнің жеткіліксіз бола­ты­нына алаңдап отырғаны, ал еңбек ры­ногында тұрақты жақсарған жағдайды қамтамасыз ету үшін» тиісті шаралардың қабылдануы қажеттігі баяндалады.

АҚШ-тың Федералдық резерв қыз­меті­нің ашық рынок комитеті өзінің екі күндік отырысы қорытындысында жоға­ры­дағы жайларға қатысты бірқатар нақ­ты­лы шаралар қабылдады. Ол бойынша енді ай сайын сомасы 40 млрд. доллар бо­латын ипотекалық құнды қағаздар сатып алына бастайды. Осыған орай бірден ипотекалық қағаздарды сатып алумен айналысатын арнайы агенттік құрылды. Оған қыркүйектің соңына дейін осы­лай­ша 23 млрд. доллардың саудасын жүргізу тапсырылды. Ал пайыздық базалық став­ка рекордтық төменгі деңгейінде (жыл­дық 0-0,25 %) қала береді. Сонымен бірге, экономикаға қолдау көрсетуге бағыт­тал­ған «Твист» операциясын» 667 $ көле­мінде үстіміздегі жылдың соңына дейін жалғастыра беруге шешім қабылданды. Бұған қоса, федералдық агенттіктердің ипотекалық қағаздарын сатып алу, ак­тив­терді қосымша сатып алуды жүргізу және басқа да мақсатты құралдарды қолдану үдерістері экономикада жақсару нышаны байқалғанша жалғаса бермекші.

Сонымен, сандық жұмсартудың үшін­ші кезегі, яғни QE3 үдерісі сөреден шық­ты. Бірақ көптеген мамандар мұның өзі­нің экономикада оңды ықпал беретініне оншалықты сенімді емес. Мәселен, АҚШ пен Германияның «Raiffeisen Bank International AG» банкінің бас экономисі Йорг Ангеле мұндағы мүмкіндікті 50 пайыз ре­тінде қарастырады. Ол бұған: «ФРҚ қа­ла­сын-қаламасын, нөлдік пайыз ставкасын 2014 жылдың соңынан 2015 жылдың ортасына, шілде айына дейін ұстап тұруға мәжбүр болады», дегенді де қосып айтып отыр. «Кезекті сандық жұмсарту раун­ды­нан кейін бәрінен бұрын доллардың зар­дап шегуі ықтимал, дейді ғалым тағы. – Ол ұзақ мерзімді перспективадағы амери­ка­лық экспортты аздап ынталандырған да болар еді. Бірақ QE3-тің басқа экспорт шығарушы елдерді, айталық, еуроай­мақ­ты, Жапония мен Қытайды шығынға ұшы­ратады. Олай болса, әлем экономи­ка­сына жаппай ықпал ету деңгейі нөлдік мөлшерге жақындайды». Бұдан шығатын қорытынды: сандық жұмсартудың үшінші раунды жаһандағы барлық ауруларға бірдей ем бола алмайды. Сөйтіп, Бен Бер­нан­ке қезір ақша шығаратын станокты ке­зекті мәрте барлық қуатында іске қос­қаны­мен, оның пайдасы тым ұзақ уақыт­қа созылмайтыны белгілі болып отыр.

Дегенмен, QE3 жарияланғанына қуа­нып отырғандар да аз емес. Солардың ең алдыңғы сапында инвесторлар тұр. Әйт­кенмен, олардың өзі де бұл шараның эко­номиканы толық сауықтыруға шарасыз екенін сезінеді. Сонда не істемек ләзім? Осыған орай ресейлік экономист Вла­ди­мир Тихомиров: «Егер саясаткерлер қат­қыл реформаларды жүзеге асыруға ба­тыл­дық көрсетпейтін болса, орталық банкі­лер әлемді сақтап қала алмайды», де­генді ашып айтты. Ол QE3 бағдарла­ма­сы туралы айта келіп, бұл шараның оңды ықпалы өте қысқа мерзімде таусы­ла­тынын, сосын жылдың соңына қарай оның тиімділігінен түк те қалмайтынын алға тартады. «Ал әлем экономикасын толық ауқымында құтқару жайына кел­сек, оның тағдыры орталық банктерде тұр­ған жоқ, мұның шешімін тек жаһан билік өкілдерінің күрделі, бұрын танымал бол­маған және жанға бататын құры­лым­дық реформаларды жүргізу қабілеттері ғана шығара алады», дейді ол бұдан әрі. Аталмыш құрылымдық өзгерістер бюд­жет, әлеумет, зейнетақы, салық саясат­тарын қамтитын болуы керек. Бұл және АҚШ пен Еуропада ғана емес, сонымен қатар әлемнің осы елдермен байланысы бар басқа да көптеген мемлекеттеріне қа­тысты айтылып отыр. «Егер мұндай ре­формалар жүргізілмейтін болса, орталық банктегілер әлемді құтқарып қала ал­майды, ал олардың іс-қимылдары уақыт озған сайын жағдайды қысқа мерзімге тұрақтандыру тұрғысындағы тиімділігін біртіндеп жоғалта береді», дегенді де жоғарыдағы ресейлік ғалым жеткізді.

 

Кедейлікпен күрестің құны қанша?

Жаһандық даму орталығының жа­қын­да жариялаған статистикалық мәліметі бойынша, әлемдегі барлық жарлы-жақы­бай­лардың үштен бірден астам бөлігі Үн­дістанда тұратын көрінеді. Ал Қытайды мекен ететін кедейлер жер шарындағы қайыршы деңгейіндегі жұрттың алтыдан бір бөлігін құрайды. Жалпы, жер бе­тіндегі кембағал қауымның 90 пайызы 20 елге шоғырланғанға ұқсайды.

Жоғарыда аталған орталық – «Center Global Development» өзінің соңғы баян­дамасында осыларға талдау жасай келіп, кү­ніне тапқан табысы 2 долларға жетпей­тіндердің кедейлік шеңберіне кіретінін мәлімдепті. Орталық осымен бірге жа­рия­лаған тізімдегі 20 елдің 11-і Африка құр­лы­ғында орналасқан екен. Міне, осы кес­теге қарап отырып, қай елде кедейлікпен күрестің қаншалықты күшке түсетінін пайымдауға да болады. Бұл есептеулердің жолдары да қарапайым. Ол үшін елде 2 доллардан төмен табыс табатын адам­дар­дың саны алынады да, оларды осы дең­гей­ден асырып жіберу үшін қосымша қан­ша қаражат керек екені есептеліп шы­ғарылады. Сосын осы ақшаның ішкі жал­пы өнімнің қанша пайызын құрайтыны анықталады. Міне, осы тәртіппен есептей келгенде, жоғарыдағы Үндістанның ке­дей­шіліктен арылу үшін ішкі жалпы өнім­нің 7,1 пайызын жаратса жетіп жат­қаны мәлім болған. Ал бұл елді әлемдегі кедейлердің 35 пайызы мекен етеді. Сол сияқты аумағын 16,7 пайыздық кедейлер жайлаған Қытай үшін кедейлікті жою шаралары бар-жоғы 1,3 пайыздық салмақ сала алады. Бұл мөлшерлер көп пе, аз ба? Оны байқау үшін Үндістанның армияға жарататын қаржысы мемлекеттік бюд­жет­тің 2,6 пайызын алып отырғанын алға тартуға болады.

Дегенмен, кестеде қараған жанның қарашығын қағып жіберетін қатыгез көр­сет­кіштер де жеткілікті. Айталық, «қара құр­лықтағы» бұрын «Заир» атанып кел­ген, қазір әу бастағы «Конго Демо­кра­тия­лық Республикасы» деген атауына қайта көшкен мемлекетте әлемдегі кедейлердің 2,6 пайызы тұрғанымен, соларды бірден қатарға қосып жіберу үшін ішкі жалпы өнімнің бір жарым жылдық мөлшері де жетпейтін болып шықты. Басқаша айт­қанда, бұл тірлікті жүзеге асыру үшін бұл елге ІЖӨ-нің 165,5 пайызын жаратуға тура келеді. Міне, конголық «демо­кра­тия­ның» көрінісі осындай. Ал бұған жете-қабыл елдердің саны да жетерлік. Осы ыңғайда Африкадағы келесі бір дәулет – Малави үкіметі ішкі жалпы өнімінің тең жартысына жуығын, яки 49,7 пайызын жаратпай, кедейлерінен әсте құтыла ал­майды. Бұдан кейінгі орындарды да тү­гелдей осы құрлықтың елдері құрап отыр. Олардың қатарында Мозамбик (40,4 %), Мадагаскар (38,7%), Танзания (29,2%), Уганда (21,6%), Нигерия (18,4%) сынды мемлекеттер бар. Осы цифрлардың өзі-ақ бұл аймақтарда кедейліктің асу бермес асқар шың қалпында қала беретінін байқатса керек.

Бұған қосатынымыз, жоғарыдағы 20 елдің ішінде Еуропаның бірде-бір мем­лекеті жоқ. Бұл қатардан кешегі кеңестік жүйеден шыққан республикалар да орын алмапты. Тағы 8 мемлекет Азиядан шыққан. Ал бір мемлекет (Бразилия) екі Американың «атынан сөйлеп тұр».

Алмағайып кезеңнің алып-қашпа мезеті әлемде қазір осындай дүрбе­лең­дер­ді туғызып жатыр.

Серік ПІРНАЗАР,

«Егемен Қазақстан».