25 Наурыз, 2019

Жалғыз райхан жәудіреп жазға қалды

1059 реткөрсетілді

  Кешелі бері түркі әлемінің рухани бесігі – Түркістан шаһары жайлы көп айтылып жатыр. Көне Тұран төсі шынымен де талай тарландар мен арландарды тудырған қастерлі аймақ. Бүгін сол тарихы терең текті топырақтан түлеп ұшқан талантты ақын, халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің гран-при иегері Батырхан Сәрсенханның бір топ жаңа өлеңдерін ұсынамыз. Жанның жұмағы – поэзия аралын ақын жырларымен бірге аралап қайтыңыз.  

***

Секемшілдеу көңілдер ғаріп шақта,
сүмбіл сана сөнгендей көрінгенде,
сенім көзі шағылып жарықшаққа,
сансыз күдік кеудеге себілгенде,

Санымды ұрып сынапқа, дауылдарға,
жырым-жырым түпсізге жол алғанда,
тастай қашып туғандар, бауырмал жан,
бәрі үнімді бос сөзге балағанда,

Өшпендік пен өктемдік өршеленіп,
Өзегімді тілгенде бұралаңдар,
тек сен ғана үн қаттың:
«мен сенемін!»
Мен сенемін, – дедің сен, – бұл адамға.

Сол жылдардан келесің моншақталып,
жүрегімнің айналып дүрсіліне,
сәл жымия қарайсың кей сәттері,
сеніміңнің көктемгі бүршігіне.

Өткен өмір бергісіз ертектерге,
Өкінбеймін. Өзгермен. Алаңдаман.
Жанарыңның жәудірі мөлт еткенде,
Жұмақ нұры секілді ғалам маған!

МӘСКЕУ. 2017.

Блок менен əлдене сұрағандай,
сосын үнсіз бұрылып бір адамға:
– Алматыдан келіпті, ерен екен,
ерендігі ессізге керең екен.
Албырт өңді Алаштың баласына,
Бұл Мəскеу бетін бері берер ме екен?
– дегендей,
жер шұқылап көкшіл көзі,
Шіркеудің қоңыраулап көп күмбезі,
Көгілдір шəрбатына мас ақынды,
білмепті пенделіктен босатуды.
Кім сені,
сезімшілім, сезер менше,
Еріні дүниенің кезергенше,
емінер ен жаһанның ес-ақылы,
ерік күш құрық алар кезең келсе,
Көрінсе үмітімнің кестелері,
жылатпас жарау жылдар «қош» дегені.
Əлдене Блок менен сұрағандай,
Мен одан сұрамадым ештемені..

КӨКТЕМДІ КҮТУ

(триптих)

1.

Қыңыр еді қаңтардың басы қандай,

қала алмай не көп жұртқа қосыла алмай,

Қарманамын өзіммен дал боламын,

Әлденесін торғын ай жасырардай.

Қара суға ала мұз қатқан болар,

аяз дәмін балалар татқан болар,

«дос» деп атау бергемін екі адамға,

екеуі де ұйықтап жатқан болар.

Жексенбіге бұрылмай жол кеткелі,

Жан да қоңыр, кінәмшіл жар да өкпелі,

Таңға төсей беремін қаламымды,

шығар күнді көктемше сөйлеткелі!

2.

Әрбір таңда жиналам бір мекенге,
білемін бе, бағытын ол мекеннің,
білемін бе, мехнатты жол күтерін,
Көйлегімді бейуақ кірлетем бе?!
Жетем бе әлде, жұлдыздар жарығына,
бір үмітті семсердей суырамын,
бір үміттің сеземін суығанын,
Күн кешкіре түсемін қалыбыма.
Сана бүгін үйренген сенделуді,
сағыныштай аспанға алып қашқан,
ертегідей ойымда қалыптасқан,
Бірақ ешкім естімес мендегі үнді.
Бейқам үрлеп сенімнің шырағданын ,
соңғы үкімі оқылған шарасыздай,
қасам ішкен серінің сарасындай,
Саған сусап келемін, ұлы арманым!

3.

Әлденеге бекуге, бекінуге,

Әлденеге жетуге, жетілуге,

іштей ғана қайталап келем үнсіз:

Ештеме де тұрмайды өкінуге!

Сырлы көктем сазды екен, сырнайлы екен,

ақ жүзін адамзатқа бұлдай ме екен,

Өзді-өзіме қол беріп келісемін:

өкінуге ештеме тұрмайды екен!

Ерте ме әлде, бұл көктем кеш келе ме,

екеумізді есейген дос көре ме,

өзегіме булығып сөз тұнады:

Өкінуге тұрмайды ештеме де!

АЙ мен БАЛА

Түн. 
аспан. 
білем. 
нені? 
Жұлдыздан жайылғанда кілемдері,
балақай, 
анасының көк шынары, 
– Ай аспанның шамы ма? – деп сұрады. 
Басынан ала бұлттың нелер көшкен, 
бəрі мендік сезіммен сəлемдескен,
Иə,– деді тымық түн салқынғанды, 
Иə,– деді анасы бөгелместен. 
Жаратылыс сырынан сый ұққандай, 
жəне ұқсап сенімі биік тауға,
– Апа,– деді, Құдайым, аспан шамын, 
сөндіріп жатар ме екен, ұйықтарда?!
Қара жел тонағандай кəрі Күзді, 
мұң басты кейуананың жанын ізгі,
– Жоқ, балам, сөндірмейді, 
ұйықтамайды, 
көз ілмей күзетеді Ол, бәрімізді.. 
өзіндей бақылаумен мөлдір Айды, 
Ойланды бала қиял.
жан мұңайды:
қандай жақсы, қорғаның бар болғаны, 
қандай жақсы, өшпейді, қалғымайды...

ЖАЛҒЫЗ РАЙХАН

Жалғыз райхан жəудіреп жазға қалды,
ол ұмытты мезгілдей маздағанды,
оны ұмытты өкпек жел, өзге өмірлер,
ол да ұмытты өткенді қазбалауды.
Жақын көрген құрбысы жұлынғалы,
жоқ секілді көрінді ғұмыр мəні,
көктем кешкен көп үміт көкке сіңді,
күнім дескен мезеттер бұрылмады.
Жолым түссе сол жазға барар едім,
сабағынан иіскеп алар едім,
жалғыз райхан жапанда тербеледі,
ешкім де оның көрмейді жан әлемін.

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Петропавлда екі зауыт салынады

Аймақтар • Бүгін, 10:03

Ұқсас жаңалықтар