Қордың лентасын Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, аудармашы Мұрат Сұлтанбеков пен Журналистер одағының мүшесі, шежіреші-этнограф Молдабек Жанболатов қиып, жастарды Серікқазы Қорабайдан үлгі алуға шақырды. Кездесу барысында Шәкәрім университетінің жанынан құрылған Абай институтының директоры Ақмарал Смағұлова Серікқазы Қорабайдың ұлтжандылығы мен туған жерге құрметін және Абайды зерттеуге қосқан үлесін ерекше атап айтты. Серікқазы Қорабай өз кезегінде көптеген игі әңгімелерімен, туған жерге деген сағынышымен бөлісті. Абай атындағы кітапхананың Ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Жаңылгүл Манжибаеваның айтуынша, ғасырдан ұзақ тарихы бар қара шаңырақ – Абай атындағы кітапхананың төл тарихы кемеңгер ақын Абай есімімен егіз өріледі.
– Біздің кітапхана 1883 жылы қазан айының 3-і күні есігін ең алғаш рет өз оқырманына айқара ашқан күннен бастап, Абай Құнанбайұлы тұрақты оқырмандарының қатарында болған. Тіпті өмірінің соңына дейін кітап алып, үзбей оқығанын абайтанушы ғалымдардың, жерлес жазушылардың шығармаларынан айқын білеміз, – деді Жаңылгүл Манжибаева. – Абай мен көне шаһар Семейдің қоғамдық кітапханасының байланысын тарихта ең алғаш жазған адам, ол Джордж Кеннан еді. 1885-жылы қаламызға саяхаты барысында американ публицисі Джордж Кеннан өзінің 1906 жылы орыс тілінде шыққан «Сібір және сүргін» кітабында осыны дерек ретінде жазса, бұл көрініс көркем әдебиетте Мұхтар Әуезовтің қаламымен «Абай жолы» роман-эпопеясында көрініс тапқан болатын. Қазіргі уақытта Абай атамыздың өзі сияқты осы кітапханадан жастар рухани азық алсын деп, жиғандарын табыстап отырған Абайды зерттеуші профессор Серікқазы ағамызға дән ризамыз.
Жаңылгүл Әділбекқызының бұл сөзін растағандай Серікқазы Қорабай да Абайды зерттеу үшін Мәскеуге сапарында ғылыми орталықтарда, мұрағаттарда болып, жоғарыда айтылған Джордж Кеннанның естелігін мысалға келтіріп, сол заманда жарық көрген көптеген философиялық шығармалармен Абайдың таныс болғаны туралы ақпараттар жинағанын жеткізді. Серікқазы Қорабайдың айтуынша, өзінің жеке қорында 7000-ға тарта кітап бар екен. Сөйтіп семейлік оқырман қауымға 1000 кітапты сыйға тартуды шешкен. Жастарды кітап оқуға баулу, рухани және патриоттық тәрбие беру мақсатында ұйымдастырылған шара соңында Абай атындағы кітапхана директорының орынбасары Гүлмира Аязбаева айтулы жобаға ақ жол тілеп, Серікқазы Қорабайға Алғыс хат тапсырып, өз аттарынан Абай елі туралы жазылған кітапты сыйға тартты.
Раушан НҰҒМАНБЕК,
«Egemen Qazaqstan»
СЕМЕЙ