Қазақстан • 26 Наурыз, 2019

Францияның Бас Консулдығы «Франция мәдениеті» байқауын ұйымдастырды

1121 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қаласындағы Францияның Бас Консулдығы мен Француз Альянсы наурыз айының  26-сы мен 2 сәуір күндері аралығында «Франция мәдениеті» тақырыбында байқау ұйымдастырып, барлық қатысушылар назарына  әлеуметтік желілердегі парақшаларында қатысу шарттарын ұсынып отыр.

Францияның Бас Консулдығы «Франция мәдениеті» байқауын ұйымдастырды

Байқаудың бас жүлдесі - Парижге саяхат!  «Корпорация Гранд» турагенттігі мен Air Astana әуекомпаниясының қолдау білдіруімен жеңімпаздар Батыс Еуропаның негізгі бөлігін алып жатқан трансаймақтық Франция Республикасындағы көктем айын тамашалап қайту мүмкіндігіне ие болады. Жеңімпаздар сонымен қатар француз тілін оқыту курстары, француз әшекейлері және тағы басқа сый-сияпаттармен марапатталады.

Алматыдағы Француз Альянсының офисінде БАҚ өкілдеріне арнайы ұйымдастырылған брифингте Францияның Бас Консулы Алексис Шахтахтинский екі ел арасындағы ынтымақтастық мәселелерін атап өтіп, Францияның туризм саласындағы жетістіктеріне тоқталды. Бас консул сондай-ақ байқаудың  Алматыдағы Француз Альянсы базасында өткізілетін іс-шаралардың бірі әрі қазақстандықтардың француз халқының мәдениетін зерттеуге деген қызығушылығын ынталандыруға арналған шара екендігін атап өтті.

Алматыдағы Француз Альянсының президенті Зульфи Жаркешева «Франция мәдениеті» байқауы сияқты мәдени шаралар біздің жұмысымыздың басым бағыттарының бірі. Алматыдағы Француз Альянсы тілдік курстардың оқыту шарттары мен мазмұнын үнемі жақсартуды жолға қойған» деп атап өтті.

Француз Альянсы 2004 жылдан бастап Алматы қаласында француз тілі курстарын ұйымдастырып, франкофон кітапханасын қолдау бағытында жұмытеп келеді. Бүгінде бұл қорда 14 000 астам атаулар жинақталған. Сондай-ақ Альянс «Франкофония көктемі» фестивалі, француз тілі апталығы, «Француз киносы бүгін» фестивалі, Халықаралық Алматы джаз-фестивалі, музыка мерекесі, сандық көктем, гастрономия мерекесі, оқу мерекесі және өзге де қызықты дискуссиялық және киноклубтар сияқты мәдени іс-шараларды өткізіп тұрады.

Эльвира Серікқызы,

«Еqemen Qazaqstan»