Саясат • 26 Наурыз, 2019

Сенат комитетінде арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралызаң жобалары қаралды

1272 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Парламент Сенаты Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында «Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы» заң жобасы қаралды.

Сенат комитетінде арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралызаң жобалары қаралды

Заң жобасының мақсаты арнайы экономикалық аймақтарды реттеу, сондай-ақ индустриялық аймақтар қызметін құқықтық регламенттеу саласындағы заңнаманы жетілдіру болып табылады.

Бұл құжатпен арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды құру, олардың жұмыс істеуі және оларды тарату тәртібі регламенттеледі. Үкіметтің, уәкілетті органның, өзге де орталық және жергілікті атқарушы органдардың құзыреті белгіленеді. Заңнамалық тұрғыдан индустриялық аймақтардың түрлері, сондай-ақ арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың қатысушыларының құқықтары мен міндеттері бекітіледі.

Заң жобасының шеңберінде арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың басқарушы компанияларының функциялары, мәртебесі, оларды қаржыландыру және тарату тәртібі айқындалады.

Сонымен қатар бірыңғай үйлестіру орталығын құру көзделген, оның міндеттері арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамыту, ілгерлету және олардың инвестициялық тартымдылығын арттыру болып табылады.

Заң жобасымен арнайы экономикалық аймақтың арнайы құқықтық режимі және салық салуды, кедендік реттеуді, мемлекеттік-жекешелік әріптестікті және қатысушыларды құқықтық қорғаудың кепілдігін қоса алғанда, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың жұмыс істеу шарттары регламенттеледі.

Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар, инвестицияларды тарту, экспортты дамыту және ілгерілету, сондай-ақ әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»заң жобасы да қаралды.

Заң жобасы Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасы Парламенті үшінші сессиясының ашылуы кезінде арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар бойынша заңнаманы жақсарту жөнінде, сондай-ақ 2019 жылғы 27 ақпанда «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде
аз қамтылған азаматтар мен көп балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау шараларын күшейтуге қатысты айтқан тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленді.

Заң жобасының мақсаты Қазақстан Республикасы заңнамалық актілерінің нормаларын «Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы» заңның жобасына сәйкес келтіру болып табылады.

Заң жобасымен бірқатар заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Заң жобасы арнайы экономикалық аймақтар қызметінде жаңа тәсілдерді іске асыруға және индустриялық аймақтардың жұмыс істеуін регламенттеуге бағытталған.

Заң жобасында АЭА және ИА қатысушыларының жер учаскелерін, сондай-ақ инфрақұрылым объектілерін алу және пайдалану тәртібі регламенттеледі. Республикалық маңызы бар және өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтарды бюджеттен толық немесе ішінара қаржыландыру көзделеді.

Сондай-ақ салық салу бөлігінде басқарушы компанияларға АЭА және ИА-ға қызмет көрсету үшін жер салығының, мүлік салығының және жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақының сомаларын айқындау кезінде есептелген салық пен төлемақы сомаларын 100%-ға азайтуға мүмкіндік беретін өзгерістер ұсынылады.

Заң жобасында атаулы көмек көрсету критерийін ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-ына дейін арттыру, аз қамтылған отбасылардағы әрбір балаға арналған ең төмен төлемді 20 789 теңге сомасында белгілеу, сондай-ақ мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға арналған ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақының және бала кезінен бірінші топтағы мүгедекті күтіп бағушы адамдарға ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақының мөлшерін 30%-ға ұлғайту арқылы аз қамтылған азаматтар мен көп балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау шаралары көзделеді.

Заң жобасының аясында білікті педагогтар, дәрігерлер, полицейлер және басқа да мамандар үшін «7-20-25» бағдарламасы шеңберінде жеңілдікті ипотека бойынша бастапқы жарналарды жергілікті бюджеттен ішінара субсидиялау тетігі енгізіледі.

Экспортты одан әрі дамыту және ілгерілету үшін заң жобасының шеңберінде экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік беру көзделеді.
Заң жобасымен мемлекеттік кепілдік берудің шарттары, олардың нысандары, оларды есепке алу, орындау және қолданысын тоқтатудың негіздері,
сондай-ақ осындай кепілдіктерді алуға үміткер тұлғаға қойылатын талаптар белгіленеді.

Заң жобалары Палатаның қарауына жіберілді.