27 Наурыз, 2019

Қалқаман САРИН, ақын: Өлеңді өмірдің өзінен аламыз

2586 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бүгін халықтың сүйікті ақыны, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері, Халықралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, «Алтын қалам» әдеби сыйлығының жеңімпазы, «Арманымның бейнесі», «Құс жолындағы керуен» атты жыр жинақтарының авторы, «Шалқар» радиосының бас директоры Қалқаман Айымғазыұлы Саринмен сөйлесіп, көкейімде жүрген сұрақтарды қоюға мүмкіндік туды. Ақынмен сұхбаттасу барысында өнер мен қазақ әдебиеті туралы ақтарыла әңгімелестік.

Қалқаман САРИН, ақын: Өлеңді өмірдің өзінен аламыз

- Сіздің тілмен айтқанда «Ақындық – теңдесі жоқ ақсүйек өнер». Өлең, поэзия ақынның жан азығы, осыған орай өміріңіздің қай тұстарынан шабыт алып, қандай кездерде қолыңызға қалам ұстап, өлең жазасыз?

– Шынында да, әрбір адам үшін өзінің кәсібі, өнері асыл. Ақындық мамандық емес, ақындық құдайдың берген өнері, өлеңі. Мен үшін ең аяулы, ең асыл өнер ақындық. Ақындық ұлы махаббаттан туған ой, сөз. «Өлең деген тумайды жайшылықта, өлең деген тулайды қайшылықта» деп Мұқағали ағамыз сіздің сұрағыңызғы екі жолмен жауап берген. Өлеңді көбінесе өмірдің өзінен аламыз, қуанған сәтте, шаттанған сәтте, күйзелген, күйінген сәтте, сағынған сәтте, табиғаттың тылсым құбылыстарын көрген сәтте өлең өзі күн талғамай, түн талғамай, мезгіл талғамай келеді.

– Өлең жазғанда жаныңызға, жүрегіңізге қандай тақырыптар жақын?

– Менің шығармашылығыма аз-кем пікір айтқан, сынаған, жалпы жылы пікір білдірген адамдар лирикаға жақынсың дегенді айтады. Оны өзім іштей сеземін, лириканың да түр-түрі бар, табиғат лирикасы, махаббат лирикасы, өмір лирикасы. Қандай тақырып жазсам да лирикалық сипатпен жазамын. Бір ауыз сөзбен айтқанда, лирика жаныма жақын.

– Бүгінгі таңда жастар поэзиясы қарқынды өсіп келе жатыр, осы тұста жас қаламгерлердің дүниелеріне көңіліңіз тола ма? Жас ақындардан кімдерді ерекше атап өте аласыз?

– Жалпы, поэзияның өте жылдам таралатын, танылатын жақсы тұсы бар. Жастар поэзиясы өте жақсы дамып келе жатыр. Көңіл тола ма деген сұраққа келсек, толады. Жастарды қазір сынаудың орнына, уақыт беріп, шығармашылығымен айналысуға жағдай жасауымыз керек. «Балапанды күзде санайды» дегендей, жастардың емін-еркін қалам тербеуіне мүмкіндік беріп, көкжиек көзін ашу керек. Қай ақынды атайсыз деген сұраққа келсек, ешкімді бөле-жарғым келмейді, барлығын уақыт көрсетеді. Менің үнемі айтатын сөзім «үлкен екі өлшем бар: уақыт және халық». Кімнің қандай ақын екенін уақыт көрсетіп, халық айтады. Қазіргі артымыздан еріп келе жатқан іні-қарындастарымыздың бәрі жақсы, бәрі өзін іздеп, қалыптасу кезеңінде жүрген ақындар.

– Қалқаман аға, өзіңіздің «Қауырсын ғалам» атты авторлық әдеби-сазды бағдарламаңызды жарыққа шығарудағы басты мақсатыңыз қандай еді, не түрткі болды?

– Қазақ радиосында ашылған «Қауырсын ғалам» бағдарламасы осыдан бір жарым жыл бұрын ашылды. Ол кезде радиомыздың бас директоры Мәди Манатбек мырза ұсыныс тастап, жастар әдебиетіне қатысты бір хабар ашсақ деген ойдан туған дүние. Ойымызға бірден үлкен әлеуметтік-саяси, қалыптасқан мәдени орталықтар – Алматы мен Астана келді. Бірақ ауылдық жерде жүріп, өлкелік әдебиетті дамытып, өлеңге адалдық танытып жүрген қыз-жігіттерді насихаттау, оларлың атын атап, түсін түстеп, жұртшылыққа таныстыру – біздің негізгі мақсатымыз.

– «Шалқар» радиосын ұлттық бояуы басым, қазақи нақыштағы радио деп білеміз. Радио тыңдармандарының басым көпшілігі орта жастан жоғары аудитория. Жастардың көбі әлеуметтік желілерге бас ұрған. Жас аудиторияның бетін бұру үшін қандай жұмыстар жүргізуге болады?

- Дұрыс айтасыз, «Шалқар» радиосы жарты ғасырдан астам ұлттың руханиятына, мәдениетіне, әніне, жырына, тарихына, тікелей өзіне қызмет етіп келе жатқан қазақ тіліндегі жалғыз радио екені анық. Расында да, сөзіңіздің жаны бар, радионы тек қана орта буын, аға буын өкілдері тыңдайды. Радио мінезі бөлек жанр, өйткені бұл жерде визуалды ақпарат жоқ, тек есту, тыңдау арқылы насихатталады. Уақытты да ықшамды пайдалану қажет, радионың форматы көлемді дүниелерді шығаруды көтермейді. Қысқа да нұсқа, мәнді хабарлар жасап, жастардың арасында радионың беделін арттыру әлі де негізгі мәселелердің бірі. Жастар сүйсініп тыңдайтын радиоға айналдыру мақсатында бұрыннан жұмыстар істеліп жүр. Көркемдік кеңестен өткен, тыңдауға тұрарлық қазақ эстрадасының концерттері, жастар хабары, түнгі эфирлер, әдеби хабарлар «Шалқар» радиосының эфирінде насихатталады. Алдағы уақытқа да қойып отырған жоспарларымыз бар.

– «Қазақ эстрадасын поэзияландыру керек, қазақ поэзиясын эстрадаландырмау керек!» деген екенсіз бір сұхбатыңызда. Осы күні танымал әншілер орындап жүрген көп әндердің авторысыз. Қазіргі таңда мағынасы жоқ, қисынсыз, кездейсоқ ұйқастармен жеңіл-желпі өлеңдерге жазылған әндер көбейіп кетті. Осы тұрғыда сіздің ойыңыз қандай?

– Мен өте қарсымын. Бұл – әнді жазған ақындардың ғана жауапкершілігі емес. Әнші композиторды таңдағанда сақ болуы қажет. Үштік одақ, композитор, ақын, әнші бірігіп сапалы дүние шығаруы қажет. Қазіргі қазақ эстадасындағы сын көтермейтін барлық мәтіннің авторы – ақындар емес. Әнге сөз жазуға хақысы жоқ адамдардың осы салада жұмыс істеп жатқаны өкінішті. Қазақ радиоларында осы мәселені көтеріп, Көркемдік кеңес жұмыс істеді. Шәкәрім атамыз айтқандай, «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек, бұған ұйқасты өлең, сөз керек». Ән – көркем дүние. Сондықтан әннің сөзін жазудағы көркемдік талаптардың барлығы сақталуы қажет. Енді насихатталуына келсек, тек қазақ радиоларында қисынсыз әндерді сараптағанмен, басқа да тарайтын алаңдар көп. Қазақ радиолары бір есігін жапқанмен, басқа тесіктен кіріп жатыр. Осы тұрғыда бір-ақ ұсыныс айтылуы қажет. Тұтас ұлттық көркемдік кеңес құрылып және оның құдіреті барлық арналарға, радиоларға, концерттерге жүруі керек. Ал оларға жеке-жеке айтқанмен, еш пайда жоқ.

- 2011 жылы Астана қаласындағы Конгресс-холда ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Арманымның бейнесі» атты әдеби-сазды шығармашылық кешіңізді дүркіретіп өткіздіңіз. Содан бері біраз уақыт өтті. Тыңдармандарыңызға тағы бір осындай керемет кеш сыйлау жоспарыңызда бар ма?

– Әрине, ойда бар. Сонау 2011 жылғы кешімді есіме түсіріп отырсыз, сол жылдар сағынышқа айналды. Менің ең алғашқы шығармашылық кешім тұңғыш жыр жинағымның тұсаукесерімен қатар өтті. Кеш беру деген айтуға оңай, бірақ ақынның ішкі жан-дүниесінде бір дайындық, жауапкершілік деген ұғым болады. Ел алдына шыққаннан кейін есеп беру керек, сондықтан сапалы кеш ұйымдастыруды жоспарлап жүрмін. Бірақ енді дәл кесіп айта алмаймын.

Сұхбаттасқан Айкерім ПЕРНЕБЕКОВА