27 Наурыз, 2019

Отандық ғалымдар Мәскеуде өткен халықаралық форумға қатысты

258 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов бастаған университет делегациясы М.Ломоносов атындағы ММУ-де (Мәскеу қ., РФ) өткен «Университеттер, қоғам және адамзат болашағы» халықаралық форумына қатысты. Жетекші жоғары оқу орны басшысының «Жаңа ұрпақ университеті: 4.0 траекториясы» тақырыбындағы баяндамасы форум қатысушылары арасында үлкен қызығушылық тудырды.

Отандық ғалымдар Мәскеуде өткен халықаралық форумға қатысты

Форум жұмысына мыңдаған жетекші ресейлік және шетелдік жоғары оқу орындарының ректорлары, халықаралық ұйымдардың өкілдері, Жапония, Франция, Германия, Ұлыбритания, Испания, Италия, Греция, Қытай, Қазақстан, Иран, Египет және басқа да елдердің танымал мемлекет қайраткерлері мен сарапшылар қатысты.

Олар жаһандану дәуірі мен қазіргі заманның сын-тегеуріндері жағдайында жоғары мектептерді дамытудың және ғаламдық ғылыми-білім беру, технологиялық және гуманитарлық кеңістікті үйлестіруде жоғары оқу орындарының рөлін арттырудың маңызды мәселелерін талқылады.

Форумның пленарлық отырыстары адамзаттың ғылыми-білім беру және мәдени дамуындағы университеттердің тарихи рөлін талқылауға, сондай-ақ қазіргі заманның жаһандық мәселелерін еңсеруге арналды.

Іс-шараны аша отырып, М.Ломоносов атындағы ММУ ректоры, Еуразиялық университеттер ассоциациясының президенті, академик Виктор Садовничий университеттердің қоғамдағы маңызды миссиясын атап өтті. «Гуманитарлық білім беруді барынша дамыту керек, ол тарих, мәдениет, ана тілі және өнерге назар аудара отырып, жаһандану жағдайында сөзсіз пайда болатын моральдық және рухани ауытқуларды теңгере алады», - деді академик.

Қазақстанның жетекші жоғары оқу орны – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры, Ғалым Мұтановтың жаңа буындағы университет үлгісін қалыптастыру тәжірибесі туралы баяндамасы қатысушылардың қызығушылық тудырды. «Төртінші буын университетінің моделі халықаралық тәжірибе негізінде жасалған және жоғары технологиялық әрі рухани-адамгершілік платформалардың симбиозына негізделген. Ол жас ұрпақтың әлемнің азаматтары ретінде ізгілікті және тұрақты қоғам құруда әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған», - деді ректор. Бұл модель ҚазҰУ-да «әл-Фараби - Smart City» жобасы арқылы іс жүзінде көрініс тауып жатқанын алға тартты. Форумның қатысушылары ұсынылған үлгіге қолдау көрсетіп, оның өзектілігі мен сұранысқа ие екендігін  атап өтті.

Форум аясында, Еуразиялық университеттер ассоциациясының құрылтайы өткізіліп, онда ғылым және білім саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»