27 Наурыз, 2019

Түркиядағы сайлауға 4 күн қалды

885 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Осы аптаның аяғында, яғни 31 наурыз күні  Түркияда сайлау  өтеді.  Сайлау  болғанда Парламент немесе Президент сайлауы емес, жергілікті сайлау болмақ. 1840 жылдан бері өтіп келе жатқан  осынау сайлау Түркияда  саяси реформа жасалып, президенттік басқару жүйесіне көшкеннен бері алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Деректерге қарағанда елде 57 млн 93 мың 985 дауыс беруші тіркелген. Ал  сайлау учаскелеріндегі сандықтар саны 194 мың 715 екен. 

Түркиядағы сайлауға 4 күн қалды

Әдетте, Түркиядағы сайлауларда партиялардың өзара бәсекесі жоғары деңгейде өтетіні бар. Дегенмен, азаматтардың өзін-өзі ұсыну құқы да сақталған. Бес жыл сайын өтетін жергілікті сайлауларда қала мэрлері, республикалық статусы бар қалалардың әкімдері,  қалалық кеңестер мүшелері, аймақтық кеңес мүшелері, ауыл әкімдері, ақсақалдар кеңесінің мүшелері сайланады. Түркияда жергілікті сайлау бұдан бұрын 2014 жылы 30 наурызда өткен-ді. Бірақ, ол кезде елдегі саяси жүйе де өзгеше еді. Кейін, 2017 жылы өткен жалпыхалықтың референдум нәтижесінде парламенттің ықпалы әлсіреп, президенттік басқару жүйесі орнады. Демек, осы жолғы сайлаудың нәтижесі елдегі басқару жүйесіне енгізілген өзгерістердің  болашағының қалай боларын анықтауы тиіс. Өйткені, оппозициялық блок  сайлаушылардың көп бөлігінің  қолдауына ие болған жағдайда елде орныға бастаған президенттік басқару жүйесінің қайтадан талқыға түсіп, түптің-түбінде  оны өзгерту мәселесі көтерілуі мүмкін. Сондықтан,  31 наурыздағы  жергілікті сайлау Түркиядағы саяси күштер үшін шешуші кезеңдердің бірі болғалы тұр.

Әу баста  осы жолғы сайлауға Президент Режеп Тайып Ердоған басқаратын Әділет және  даму партиясы, Республикашыл-халықтық партия, Ұлтшыл-халықтық партия, «Жақсы партия» немесе IYI Parti, Отан партиясы бастаған  13 партия қатысатыны айтылған. Бірақ, саяси салмағы бар партиялардың ішінен «Еркін мақсат» партиясы сайлауға қатысудан бас тартты да, қазір 12 партия сайлау науқанына араласқан жайы бар. Дегенмен, сайлауға қатыспайтын партия біреу ғана емес. Бірнеше партия сайлаудан тыс қалыпты. Олар түрлі коалицияларды қолдауға бел буып отыр. Бүгінде 31 наурыздағы сайлауға байланысты Түркияда екі ірі саяси коалиция әрекет жасап жатыр. Біріншісі, «Халықтық альянс» деп аталса, екінші «Ұлттық альянс» деген атауға ие болған. Алғашқы коалицияға билік асындағы Әділет және даму партиясы мен Ұлтшыл-халықтық партиясы біріксе, екінші одақ Республикашыл халықтық партия мен IYI Parti-ден құралып отыр. Негізі бәсеке де осы альянстардың арасында  өтеді деген  болжам бар. Дегенмен, сайлауға қатысып жатқан өзге партияларға да қолдау көрсетушілер бар. Атап айтқанда, «Азаттық қозғалысы» ұйымы, Демократиялық аймақтар партиясы, Революциялық күрд  ұйымы, Күрдістан коммунист партиясы  тәрізді біраз ұйымдар Халықтардың демократиялық партиясын қолдауға бекініпті. Ал маошылар, атап айтқанда Тунжелидегі Социалист мәжілістер федерациясы Түркияның коммунистік   партиясын жақтамақ.

Бұрын Түркияда сайлау кезінде партиялардың одақ құруына рұқсат берілмейтін. Қазір ол тыйым жоқ. Сондықтан, партиялар альянстарға бірігіп жатыр. Бұл одақтастықтың ең басты ерекшелігі– альянс құрған саяси күштер  өзара келіскен сайлау округтерінде бір-бірінің кандидаттарын қолдауы керек. Яғни, белгілі бір аймақта одақтас партиялар ортақ кандидат ұсынды. Бір жағынан бұл партиялар арасындағы сауда-саттыққа да ұқсап тұрған жайы бар. Сайлауда  одақтас болғанымен бұл партиялар саяси қызметтері кезінде бір-бірімен келіспей қалуы да мүмкін. Өйткені, билікке үнемі оппозицияда жүретін саяси күштер бар. Олар үшін оппозициялық ұстаным принципті мәселеге де айналған. Бірақ,  биылғы сайлау қарсаңында биліктегі Әділет және даму партиясын мен Ұлтшыл-халықтық партияның одақтасты. Ұзақ жылдар бойы биліктегі партияға оппозиция болып келген ұлтшылдардың мұндай қадамға баруы таң қалдырған. Бірқатар сарапшылар ұлтшылдарда Алпарслан Түркеш тәрізді нағыз лидер жоқ деп бағалайды. Сондықтан,  партияның қазіргі төрағасы биліктегі партиямен ымыраласса керек. Ымыра демекші, екінші коалицияның құрамындағы IYI Parti осы ұлтшылдардан бөлініп шыққан-ды. 2015 жылғы сайлауда ұлтшылдар сәтсіздікке ұшыраған соң партия құрамындағы бірқатар қайраткерлер Ұлтшыл-халықтық партиядан бөлініп, осы «Жақсы партияны» құрған еді. 2017 жылы құрылған партия Республикашыл-халықтық партиямен одақтасқан. Сөйтіп, саяси күштердің арасалмағы тым қатты өзгере қойған жоқ.

Жалпы, Түркиядағы жергілікті сайлаудың нәтижелерін алдын ала  болжау қиынға соғып тұр. Өйткені,  билік басындағы Әділет және даму партиясы бастаған коалицияның  қарсыластары да оңай болмай тұр. Тіпті, кейбір  қалаларда олар билік тізгінін  қарсыластарына беріп қоюы да ғажап емес. Мәселен,  KOMSAR зерттеу орталығының  мәліметтеріне қарағанда осы жолғы сайлауда Анкара мен Анталияда жағдай өзгеруі мүмкін екен. Сауалнама қорытындысына сенсек анкаралықтардың 51,88 пайызы, Анталия  тұрғындарының 51.07 пайызы «Ұлттық альянс» кандидатына дауыс беруі мүмкін. Бұл дегеніңіз осы қалалардағы биліктің мемлекет басқарып отырған  партияның қолынан шығып кетуі мүмкін екендігін байқатады. Ал Ыстамбұлда «Халықтық альянс» ұсынған кандидат Биналы Йылдырымды жақтайтындар 50,24 пайызды құраған. Яғни, билік партиясы Түркияның ең үлкен қаласындағы ықпалын сақтап қалады деген сөз. Алайда, социологиялық зерттеулер мен сайлау нәтижесі кейде сәйкес келмей жататыны бар. Сондықтан,  сайлау өтпей тұрып қандай да бір болжам жасау қиын.