27 Наурыз, 2019

Дәрігер жол апатынан зардап шеккендердің жағдайы жайлы айтты

568 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Аурухананың стационарында 13 зардап шегуші ем қабылдауда. Олардың бесеуіне шұғыл операция жасалған деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты. 

Дәрігер жол апатынан зардап шеккендердің жағдайы жайлы айтты

«№2 ауруханаға 29 зардап шегуші жеткізілді, оның 14-і амбулаторлық жағдайда қаралды, барлығына медициналық көмек көрсетіліп, үйлеріне жіберілді. Қазір стационарда 13 адам ем қабылдауда. Оның сегізі түрлі жарақатпен хирургия бөлімінде емделіп жатыр. Ал үшеуі жансақтау бөлімінде жасанды тыныс алу құралына қосылған. Олардың жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. Екі науқас торакалды хирургия бөлімінде», – деп мәлімдеді  №2 қалалық аурухананың бас дәрігері Иван Ли.

Оның айтуынша, кешеден бері өміріне қауіп төнген бес адамға шұғыл операция жасалған. Тағы қосымша операциялар жасау көзделуде.

Қазіргі таңда барлық науқастың жағдайы тұрақты.

«Өкінішке қарай, бір әйелдің оң аяғын сақтап қала алмадық. Аяғын ампутациялауға мәжбүр болдық. Сол аяғы да сынған, бірақ біз оған шина салдық, алдағы уақытта металлоостеосинтез жасап, аман сақтап қаламыз деп ойлаймыз. Екінші бір әйелдің бір аяғы жол-көлік оқиғасы кезінде  кесіліп кеткен, оған да көмек көрсетіп жатырмыз. Әзірге оны ампутацияламаймыз, металлмен ұстаймыз. Науқастар ұзақ уақыт бойы біздің травматология бөлімінің базасында емделетін болады», – деді Иван Ли.

Еске сала кетейік, бүгін елорда әкімі Бақыт Сұлтанов пен ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов кеше ірі жол-көлік оқиғасының салдарынан зардап шеккен азаматтар ем қабылдап жатқан қалалық №2 көпбейінді ауруханада болып қайтты.

Аурухананың бас дәрігері Иван Ли қабылдау, интенсивті терапия, травматология және жансақтау бөлімдерінің жұмысы туралы айтып берді. Ауруханадағы 3Н жүйесі (шұғылдық санатына байланысты науқастарды сұрыптау жүйесі) мен апаттық ақпарат қызметі жүйесінің жұмысы көрсетілді.