27 Наурыз, 2019

Елімізде алғашқы «Киелі бесік» республикалық музыка фестивалі басталады

723 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ертең алғаш рет елімізде Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде ұлттық мұрамызды ұлықтауға бағытталған «Киелі бесік» республикалық музыка фестивалі басталады.

Елімізде алғашқы «Киелі бесік» республикалық музыка фестивалі басталады

– Білім мен ғылымның қарашаңырағы Қыздар университетінің бастамасы алғаш рет ұйымдастырылып отырған «Киелі бесік» республикалық музыка фестивалі – ұлтымыздың ұлылығын ұлықтап, мерейін таcытуға бағытталған бірегей жоба. Бұл фестиваль – бабадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық қазыналарымызды қадірлеуге, жастарды отбасылық құндылықтарды құрметтеуге үндейді. Қазақ елінде тұратын түрлі этнос өкілдері мен халықтардың салты мен төл мәдениетін насихаттауға бағытталған бұл шара алдағы уақытта да дәстүрге айналатынына кәміл сенімдіміз, – дейді университеттің Өнер және мәдениет факультетінің деканы Гүлнұр Өмірбаева.

Фестивальға еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің қоғамдық бірлестіктері мен жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері, мектеп оқушылары қатысады деп күтілуде. Байқау екі кезеңнен тұрады. Алғашқы турда қатысушылар бесік тақырыбында театрландырылған қойылымды көпшілік назарына ұсынса, екінші кезеңде «Киелі бесік» тақырыбындағы халық әндерін орындамақ. Олардың қатарында бесік жырлары, ана әлдиі және бесік туралы әндер бар.

Қатысушылардың өнері театр қойылымының ақпараттық насихатталуы, бұрын зерттелмеген тың идеяны көрсету, декорация, костюм және актерлік шеберлік сынды бағыттар бойынша бағаланады. Ал музыкалық бағытта әннің сөзі мен әуенінің сапалылығы, шығарманың күрделілігі, орындаушының сахналық киім үлгісі мен мәдениеті назарға алынбақ.

Фестиваль жеңімпаздары арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ