27 Наурыз, 2019

Семейде «Әскер барысы - 2019» турнирі өтті

557 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының барлық Күш құрылымдары, атап айтқанда Қарулы Күштер, Ішкі Істер Министрлігі, Ұлттық Ұлан және тағы басқалары арасында «Әскер барысы-2019» атағы үшін сайыс өтті. Қырықтан астам мықты балуандар Ұлт Көшбасшысы - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен өтетін «Қазақстан барысы» IX Республикалық турниріне қатысуға жолдама алу үшін бақ сынасты.

Семейде «Әскер барысы - 2019» турнирі өтті

- Жарыс жоғары деңгейде өткізілді,-деді ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты Армия орталық спорт клубының төрағасы Айталап Қорғамбаев,-барлық қатысушылардың дайындығы бар. Әр жекпе-жек те  қызықты әрі эмоцияға толы болды. Жыл сайын Қарулы Күштер аясында өткізілетін басқа да жекпе-жектік чемпионаттар қарқын алуда. Жарысқа қатысушылардың саны ғана емес, сонымен қатар әскери қызметшілердің шеберлік деңгейі де арта түскенін байқадық.

«Шығыс» әскери өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің жетекшісі, аға лейтенант Исламбек Қалдыбековтың айтуынша, ссы қазақша күрес түріне бейімделіп, өсіп келе жатқан жас ұрпақ та қызығушылық танытып отыр. Қазақстан Қарулы Күштерінің сегіз гарнизонында әскери қызметшілердің балалары АОСК нұсқаушыларының басшылығымен спортпен айналысуға мүмкіндіктері бар екен.  

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаз атағын Армия орталық спорт клубының спортшысы, кіші сержант Талғат Әміренов жеңіп алды, екінші орынды Мемлекеттік күзет қызметінің әскери қызметшісі лейтенант Әлібек Зекенов иеленді, ал үшінші орынды Армия орталық спорт клубының мерзімді қызметінің әскери қызметшісі, қатардағы жауынгер Әділ Оразбаев иеленді.

- Жеңіс оңай болмады, өйткені барлық қарсыластар дайындық пен кәсіпқойлықтың жоғары деңгейін көрсетті. «Қазақстан барысы-2019» республикалық турниріне дайындыққа әзірмін. Онда мен еліміздің Қарулы Күштерінің атынан шығамын,- дейді кіші сержант Талғат Әміренов.

Раушан НҰҒМАНБЕК                          

«Еgemen QAZAQSTAN»

СЕМЕЙ