27 Наурыз, 2019

Шымкентте автокөлікті тіркеуге арналған орталық ашылды

332 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкент көлік құралын тіркеуге және қайта тіркеуден өткізуге, жүргізуші куәлігін ауыстыруға арналған екінші мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды.

Шымкентте автокөлікті тіркеуге арналған орталық ашылды

Енді көлік жүргізушілері автокөліктерді қайта тіркеу және жүргізуші куәлігін ауыстыру сияқты мемлекеттік қызмет түрлерін Қ.Түлеметов көшесі, 35 мекен жайда орналасқан фронт-офисте жүзеге асыра алады. Жаңа мамандандырылған ХҚО мемлекеттік корпорацияның Шымкент қаласындағы тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсететін он бірінші фронт-офиске айналып отыр.

Жаңа мамандандырылған ХҚО-да 52 қызметкер жұмыс істейді, ал дайын құжаттарды қабылдау және беру бойынша 20 жұмыс орны құрылған. Мамандандырылған ХҚО жаңа жиһазбен жабдықталған, 150 автокөлікке арналған тұрақ та бар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін пандустар мен шақырту түймелері қарастырылған.

Аталған орталықтың ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Данат Жумин, «Азаматтарға арналған үкімет» басшылығы және қалалық Полиция басқармасының бастығы Ералы Жұмаханбетов қатысты.

«Шымкент миллион тұрғыны бар жеке қала статусын алды. Экстерриториалдылық қағидаты бойынша мұнда жақын жатқан аудандардан да көліктерінің құжаттарын жасату үшін жүргізушілер көп келеді. Бұл ретте біз тұрғындардың өтініштерін ескеріп, тағы бір мамандандырылған ХҚО ашып отырмыз. Жыл басынан бері Шымкенттегі алғашқы мамандандырылған ХҚО арқылы азаматтарға 45 мың жүргізуші куәлігі берілді және автокөлікті қайта тіркеу бойынша 200 мыңнан астам қызмет көрсетілді» деді мамандандырылған ХҚКО басшысы Дәулет Дүйсенбеков.

Шаһардағы екінші ХҚО ғимаратында көлік құралын тіркеуге және қайта тіркеуден өткізуге, жүргізуші куәлігін ауыстыруға болады. Әзірге A, A1, B, B1, C, C1, D, D1 жүргізуші категориялары бойынша практикалық емтихан тапсыру және медициналық тексерістен өту жұмыстары Достық мөлтек ауданындағы мамандандырылған ХҚО-да ғана жүзеге асырылады.

Нұршат ТӨКЕН,

«Egemen Qazaqstan»

Шымкент