27 Наурыз, 2019

Санкт-Петербургте Ә. Қастеев музейінің көрмесі ашылды

513 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Петербургтегі Ресей Көркемсурет академиясының Ғылыми-зерттеу музейінде Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің  жауһар туындыларына баланатын  «Сергей Калмыковтың жұлдызды тостағаны» атты айрықша көрме ашылды. Айтулы өнер жәрмеңкесін екі ел арасындағы мәдени дәстүрлердің қоспасы деп атауға болатындай.

 Санкт-Петербургте Ә. Қастеев музейінің көрмесі ашылды

Сергей Қалмыков Самарқанд қаласының тумасы. Мәскеуде және Санкт-Петербургте  оқып, өмірінің көп бөлігін Орынбор мен Алматыда өткізген. Алатау баурайында өткерген шабытқа толы жалынды жылдары оның шығармашылығын биікке көтерді. Қазақ даласының сұлулығы, алматының арайлы кештері суретшінің дарынына қанат бітірді. Қылқалам шебері аспанмен таласқан биік таулары, жылы шырайлы адамдары мен өзіндік қайталанбас атмосферасы бар Алматыны үнемі қайтып орала бергісі келетін «жұлдызды тостағанға» балапты. Қазақ даласының тұмса табиғаты оның шығармашылығында дара  мәнге ие.   

Көрменің ашылу рәсіміне  қатысқан еліміздің Санкт-Петербургтегі Бас консулы Болат Иманбаев, Ресей жерінде қазақ көрмелерін өткізу игі дәстүрге айналғандығын атап өтті. «Қазақстан қазақ өнерін әлемде ілгерілету бойынша «Рухани жаңғыру» бағдарламасын белсенді түрде жүзеге асыруда, және «Сергей Калмыковтың жұлдызды тостағаны» көрмесі осы бағдарламаның қисынды жалғасы. Қастеев музейінің көрмесі ірі мәдени мұралардың алтын ошағы деп айта аламыз. Жыл сайын екі мемлекет арасындағы мәдени қатынастар қарқынды және әр қилы даму үстінде. Мұнда мәдениет саласындағы көптеген іс-шаралар, жастарға арналған бағдарламалар, бизнес-форумдар өтіп тұрады. Наурыз – жылылық мейрамы, қонақжайлық пен тату көршілік байланыстарды нығайтатын ерекше күн. Қазақстан мен Ресей – мәдениет пен білім беру саласында көптеген жобаларды жүзеге асырып келе жатқан жақсы көршілер», - дейді консул.

       

Калмыковтың коллекциясы еліміздің бейнелеу өнері тарихында айрықша орын алады. Көрмеге қойылған әр шығарманың өзіне тән тарихы бар. Ресейлік көрерменнің назарына ұсынылған картиналар жиынтығын уақыт пен заман тынысын аса дәлдікпен берген бірегей туындылар құраған.       

«Сергей Калмыковтың өмірі мен қызметі – Қазақстан мен Ресейдің ортақ тарихи тағдыры кезеңіндегі тығыз өзара мәдени байланыстарының жарқын мысалы. Бүгінде, оның көп қырлы шығармашылығы зерттеушілердің қызығушылығын тудыруда. Біздің музей үшін көрмені осындай тарихи маңызы бар орында өткізу үлкен құрмет», – дейді Ә. Қастеев атындағы өнер музейінің директоры Гүлмира Шалабаева.       

Көрме аясында мәдениет саласындағы қазақстан-ресей қарым-қатынастарына арналған дөңгелек үстел өтті. Оған Ресей Көркемсурет академиясы музейінің директоры Алексей Мудров, Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің директоры Гүлмира Шалабаева, Ресей этнографиялық музейінің Қазақстан және Орта Азия бөлімінің жетекшісі        Лариса Попова, көрменің жетекшісі Еркежан Омарова, Ә. Қастеев атындағы  Мемлекеттік өнер музейінің баспасөз қызметінің жетекшісі Клара Исабаева, өнертану кандидаты Екатериа Резникова, «Особые миры Сергея Калмыкова» фильмінің авторы Игорь Гонопольский, кескіндеме факультетінің деканы Светлана Грачева және график-суретші Латиф Казбеков қатысып, жалпы қазақ суретшілерінің өзгеше стилі мен екі ел арасындағы мәдени байланыстар төңірегінде әңгіме өрбітті.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»