11 Желтоқсан, 2012

Козлов – Әбіләзовтің қылмыстық бұйрығын орындаушы

283 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Козлов – Әбіләзовтің қылмыстық бұйрығын орындаушы

Сейсенбі, 11 желтоқсан 2012 7:35

Ақтаудағы сот қылмыскер Әбіләзовтің шет елде жасырынып жүріп, Қазақстанға қарсы теріс әрекеттер жасағанын анықтады. Бұл алаяқ қазақстандықтардан ұрлаған ақшаға елдегі жағдайды тұрақсыздандыруды көздеді. Ол қарапайым жұмысшыларды пайдаланып, айдап салып, арандатты. Ал оның осы арам ойларын орындауға Козлов және «Алғаның» басқа да мүшелері көмектесті.

 

Сейсенбі, 11 желтоқсан 2012 7:35

Ақтаудағы сот қылмыскер Әбіләзовтің шет елде жасырынып жүріп, Қазақстанға қарсы теріс әрекеттер жасағанын анықтады. Бұл алаяқ қазақстандықтардан ұрлаған ақшаға елдегі жағдайды тұрақсыздандыруды көздеді. Ол қарапайым жұмысшыларды пайдаланып, айдап салып, арандатты. Ал оның осы арам ойларын орындауға Козлов және «Алғаның» басқа да мүшелері көмектесті.

Иә, бірнеше миллиардтаған долларды қалтасына басып елден қашқан Әбіләзов пен ол құрған ұйымдасқан қылмыстық топқа басшылық еткен Козлов болмағанда Жаңаөзенде орын алған қайғылы оқиға да болмас па еді. Бірақ айдаhардың бір басын кессең, екінші бас өсіп шығады дегендей, кім біледі, қазіргі күні ақшаға сатылатындар аз болмай тұр ғой. Алтын көрсе періште де жолдан таяды дегендей, еліміздегі сыбайласқан жемқорлардың ақшаға өңештері кептелсе де, көмейлеріне тыққыштай беретіні осыдан-ау. Козловтың да елдегі сыбайласқан жемқорлардың көптігіне сеніп, ақша күшімен бәрін арандатуға болады деп қорықпай, еркінси әрекет еткені осыдан.
Сондықтан да ол жауапқа тартылып, сотталды. Өйт­кені, ұйымдасқан қылмыстық топты немесе сыбайласқан қылмыстық ұйымды құру қандай да бір қылмыстық әрекеттің жоспарланғанына немесе жасалғанына қарамастан қылмыстың аяқталған нәтижесі болып табылады. Демек, Козловтың ұйым­дасқан қылмыстық топты құруының өзі-ақ, оның сол топтан, солардың сортынан екенін көрсетіп отыр. Осы іс-әрекетінің салдарынан бірнеше жазықсыз жандардың қаны төгілді. Сөйте тұра ол құқық қорғау ор­гандарының әбден сараланған тексерісімен мойны­на қойылған кінәден жалтарып, ел ішін бүлдіріп, би­лікке қарсы арандатқанын жасырып, жазадан оп-оңай құтылғысы келеді. Заң алдында адамдардың бәрі тең, әркім қолымен жасағанын мойнымен көтеруі тиіс. Оны және оның сыбайластарын соттаған соттың әре­кеті әділ. Мұны көптеген куәлердің өзі растап отыр.
Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің Жаңа­­өзенге барған сапарын Козловтың өзі қаржы­лан­дырған. «Халық майданының» өкілі арқылы оларды күтіп алу, орналастыру, ереуілдеуші мұнайшылармен кездес­тіру шараларын ұйымдастырып, тікелей қада­ғалап отырған. Ол осы топ мүшелерінің белсенділігін қолдап, әйтсе де оған көңілі толмағандай жоспарланған 50 мың адамға жуық наразы көпшілікті қалалардың көшелеріне шығаруға мүмкіндік беретін шынайы факторлар Қазақстанда жоқ екеніне қынжылып, нақты іспен айналысатын адамдар керектігін айтқан. Сонымен қатар, ол елдегі жағдайды тұрақсыздандыру мақсатында халықтың үрейін ұшырған Атырау облысы әкімдігі ғимараты маңындағы жарылыс пен облыс прокуратура ғимараты жанындағы өзін-өзі жарған «Джунд аль-Халифат» («Халифат сарбаздары») халықаралық лаңкестік топ мүшелерінің әрекеттерін мысал ретінде келтіріп, бос сөзден нақты іс-әрекетке көшуді үгіттеген.
Сонымен көптеген жайттердің бәрі Козловтың басшылығымен жүргізілгені расталды. Өйткені, Амированың жұмыс орнын тінту барысында, ол өзі Козловтан алғандығын айтқандай, одан «Голос Республики» газеті, «Қасиетті Маңғыстау елінің күрескерлері» атты үнпарақтары, оған бірнеше дана «Көтер басыңды, қазақ!» деген тақырыптағы үнпарақтар, бес беттен тұратын «Грамотная организация протестов» брошюрасы табылып, айғақ зат есебінде іске тіркелген.
Ал бұл үнпарақтарда не жазылған дейсіз ғой. Онда жақсы сөз жазылмағаны белгілі. Сот-психологиялық және филологиялық кешенді сараптама қорытындысы бойынша, Козловтың ереуілдегі мұнайшыларға тараттырған «Қасиетті Маңғыстау елінің күрескерлері», «Көтер басыңды, қазақ!» атты үнпарақтарының мәтінінде елдегі қалыптасқан жалпы бағыттағы әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси ахуалға, президенттің қызметіне, бүтіндей билікке қатысты оқырманның келеңсіз пікірін қалыптастыру ойы өріліпті. Оған қоса, жоғарыда айтқанымыздай, ел билігін ауыстыру мақсатына белсенді қатысу үшін әлеуметтік араздықты және алауыздықты қоздыру белгілері мәтіннің тұтас мағынасынан аңғарылады.
Бұл үнпарақтардың, шамамен, 2000 данасын Жаңаөзен қаласындағы мұнайшыларға жолдағанын Козловтың өзі де жасырмайды. Дегенмен, оны ақпарат ретінде жібергенін, басқа ойы болмағанын айтады. Оның мұндай өтірігіне сену мүлде қиын. Өйткені, әлгі жасалған сараптамадан анықталғандай, «К+» телеарнасының, «Стан-ТВ», «Республика» интернет-порталдарының, «Взгляд», «Голос Республики» газеттерінің, тіркелмеген «Алға» партиясының және «Халық майданы» қоғамдық қозғалысының саяси мақсаттары бір, бір үлесте екендігі және ең бастысы олардың Әбіләзовтің бақылауында екендігі анықталып отыр.
Жоғарыда аталған үнпарақтардың қауіптілігі адамдарды теріс ойларға жетелейтіндігі. Оқырмандардың әр тектілігі, олардың мәдениет деңгейі, жалпы білім деңгейі, өмірге көзқарасы ереуілшілердің талаптары туралы ақпараттық-функционалдық нәтижеге ғана емес, сонымен қатар, компания басшыларына, билікке, тіпті ереуілге қатыспаған жұмысшыларға, зауыт­ты ашқан қытайларға қатысты пікірдің қалып­тасуына соқтыратын дисфункционалдық нәтижеге алып келеді. Өйткені, белгілі бір адамдардың мем­ле­кеттік құрылымдар мен жұмыс берушілердің, сон­дай-ақ олардың тараптары мен оның жекелеген өкілдерінің келеңсіз стереотипін мақсатты түрде қалыптастыру және еңбек дауын саяси арнаға бұру, сондай-ақ осыған байланысты нақты іс-шараларды әрі қарай іске асыру – ол әлеуметтік алауыздықты қоздыруға үгіт-насихат жүргізу болып табылады.
Сонымен саясаттанушы-сарапшы, сарап­шы-психолог, сарапшы-филолог, лингво-сарап­тама­шылардың тікелей өздері қатысқан кешенді сот-сарап­тама қорытындысында нақты ақиқат ашылып отыр. Мәселен, саясаттанушы-сарапшы зерттеуге берілген нысандарды тексеру барысында тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Козловтың мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіру туралы алдын ала жос­парлары болғанын айтады. Бұл іс-шараларды олар өз мүдделеріне пайдалану үшін жасаған көрінеді. Телефон арқылы сөйлесулер, электрондық хат алмасу мәтіндері, аудиожазбалар және басқа да материалдар әлеуметтік алауыздықты тудыруға бағытталған іс-шаралар болған. Ал әлеуметтік алауыздықты тудыру, жұрттың бәрі білетіндей, билікті құлатудың бір бөлігі болып саналады. Ендеше, Козловқа жалтаратын жол қалмады.
Ол қолымен істегенін мойнымен көтеруі тиіс. Мұндай арандатушылықтан Әбіләзовтің да тасада қалмағаны анық. Ол «Өзіміздің билік органдарын қайта сайлауымыз керек», «Көтер басыңды, қазақ!», «Қорқынышты жеңіп, әрекет етуге кірісу керек» мақалаларында ашық түрде билікті күшпен басып алуға, конституциялық құрылысты күшпен өзгертуге, сөйтіп, елдің аумақтық тұтастығын бұзуға бағытталған сөздерді келтіреді. Мұндағы негізгі түйін: Әбіләзов мемлекеттік билікті күшпен басып алып, Қырғызстандағы «түрлі-түсті» революцияны қайталауға үндейді.
Ал осындай ниеті теріс адамнан қайтіп қайыр күте аласыз? Ол жоғарыдағы ойын нақты жүзеге асыру мақсатында «Алға» халықтық партиясының аймақтық бөлімшелері жетекшілерінің қатысуымен өткізілген скайп-конференцияда тездетіп қалың жұртты бір жерге топтастыру арқылы 2011 жылдың аяғына дейін мемлекеттік билікті құлатуға нұсқау береді. Бұл сөздердің бәрі аталған конференция жазбаларында сақталып тұр. Сонда Козловтың Әбіләзовтің бұл тапсырмасын орындауға даяр екенін сендіре сөйлеген сөздері де жазылыпты.
Ақыр аяғында Әбіләзов-Козловтың барлық қылмыстық әрекеттері әшкереленіп, дәлелденді. Қашқын Әбіләзов іздестірілуде, ал Козлов Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 235-бабының 1-бөлігінде, 164-бабының 3-бөлігінде, 170-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыстық әрекеттерді жасағаны үшін кінәлі деп танылып, соттың үкімімен 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылып тынды.