29 Наурыз, 2019

Еуразиялық интеграцияға – 25 жыл

508 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылық қасиеттері мен ерік-жігерінің арқасында заманауи еуразиялық интеграция түзіліп, ЕурАзЭҚ, Кеден одағы, Біртұтас экономикалық кеңістік және Еуразиялық экономикалық одақ құру ісінде нақты табыстарға қол жеткізілді. Сонымен қатар Елбасы посткеңестік елдердің ынтымақтастығын одан әрі дамыту мақсатында тынымсыз ізденіп, еуразиялық интеграцияның стра­тегиялық негізін қалады.

Еуразиялық интеграцияға – 25 жыл

КСРО-ның ыдырау уақыты жаңа тәуелсіз мемлекеттердің саяси элитасы үшін даму бағытын таңдау мезгілі іспеттес болды. Кеңестік шаруашылық жүйесін жалғаушы біртұтас тіннің үзілуі ауқымды әлеуметтік-экономикалық күйзелістерге әкеліп соқтырды. 

Мәселен, 1990 жылдардың бірінші жартысында посткеңестік республикаларда ІЖӨ көрсеткіші төменге құлдилай бастады. Осының нәтижесінде 1994 жылы негізгі макроэкономикалық көр­сет­кіштердің төмендеу деңгейі 1990 жылмен салыстырғанда 30 пайыз­ға жетті. Міне, осындай жағдайда инте­гра­цияға байланысты саяси ерік-жігерін көрсеткен Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзін тек ұлы мемлекеттік қайраткер ғана емес, сонымен бірге ойшыл-стратег ретінде таныта білді. 

Елбасының: «Өзара қарсылық кезе­ңінен құтылу мүмкін емес болатын, бірақ мен бұл күйзеліс уақыт өте тұрақ­тылықтың жаңа кезеңіне жол ашып, түсіністік танытпаған елдер мен халық­тардың оқшауланудан бас тартып, интеграция жолына түсеріне сенімдімін» деген сөздері айна-қатесіз келді. 

Нұрсұлтан Назарбаев «Еуразиялық мемлекеттер одағын құру туралы» жоба­сын 1994 жылы 29 наурызда М.Ломоно­сов атындағы ММУ профес­сор­лық-оқытушылық құрамы алдында сөйлеген сәтінде жария етті. 

Мен сол уақытта Қазақстанның Ресей­дегі елшісі ретінде Мәскеу мемле­к­еттік университетіндегі осы тарихи кездесуге куә болдым. Одан алған ерекше әсерім есімде ұзақ сақталады. Бұл батыл да өжет интеграциялық жобаға ресейлік белгілі ғалымдардың таңданысқа толы жанарлары әлі күнге көз алдымда. 

Бұл посткеңестік кеңістікте орталық биліктің дәуренін жүргізуге тырысу­шы­лық асқақтап тұрған уақыттағы болашаққа ұмтылыс бейнеленген көзқарас еді. Шынтуайтына келгенде, бұл ертеңгі күнге аса кемеңгерлікпен қарау болатын. Бір қызығы, осы идеяның төңірегінде сарапшылық алаңдары мен бұқаралық ақпарат құралдарында қоғамдық пікірталастардың ауқымының кең болуы еш таңданыс тудырған жоқ. Еуразиялық жоба аймақтық дамудағы күрмеуі қиын мәселелерді ұғыну мен олардың шешу жолдарын анықтауға зор серпіліс берді. 

Сол күні Нұрсұлтан Назарбаев Мәс­кеу мэриясында Ресей астанасының бизнес және ғылым саласы өкілдерінің алдында сөз сөйледі. Сондай-ақ арада бірнеше сағат өткенде Нұрсұлтан Назарбаев ресейлік бұқаралық ақпарат құралдары элитасының бір шоғырымен кездесіп, мазмұнды әрі ашық әңгіме өрбіді. 

Тісқаққан сарапшылар мен публицистер Елбасының интеграциялық идея­сы­ның төркіні мен оның түбегейлі жаңа­шыл­дықтардан құралғандығын айт­қызбай-ақ ұққандай болды.  

Сол аудиториялар мәселеге терең бойлап, оның әрбір түйткілге қызығушылық танытқандарына қарап, Нұрсұлтан Әбішұлы өз идеясын қалың бұқараға жет­кізудің дұрыс жолын тапқандығы сезіл­ді. Сол сәтте ашық пікір алмасу арқылы дәстүрлі байланыстардың бұ­зы­луы­ның теріс зардаптарын сезіне бас­та­ған жаңа тәуелсіз мемлекеттердің әрі қа­райғы қарым-қатынасы қандай болаты­ны туралы сауалдарға нақты жауап берілді. 

Бұл кездесуге қатысқандардың барлы­ғы дерлік біздің мемлекеттеріміздің «өркениетті ажырату идеологиясын» ауыс­тыратын, тиянақты ойластырылған, нақты тұжырымдалған заманауи еура­зия­лық интеграцияның жай-жапсары жа­рия­ланған тарихи оқиғаның куәгер­лері мен қатысушылары екендігін анық сезінді. 

Мен осы кездесулердің барлығына қатыса отырып, Нұрсұлтан Әбішұлының аудитория назарын жобаның бар­лық ұңғыл-шұңғылына аударып, ауди­то­рияға жақын қалтарыстарға көңіл бөліп, түсінікті және көкейге сенім ұяла­татын дәйекті түсініктерді әбден ойлас­тыр­ғанына көзім жетті. 

Еуразиялық интеграцияның негізгі кезеңдері

Қазақстан, Беларусь, Қырғыз Республикасы, Ресей және Тәжікстан президенттері 2000 жылғы 10 қазанда елордада Еуразиялық экономикалық қауымдастықты (ЕурАзЭҚ) құру туралы келісімге қол қойды. Ол 2001 жылғы 30 мамырда күшіне енді. Қауымдастыққа жоғарыда аталған бес мемлекет мүше болса, бақылаушы елдер қатарына Армения, Молдова, Украина кірді.

Кеден одағын құру, келісілген эконо­ми­калық саясат жүргізу, экономи­каның нақты секторлары бойынша іс-қимыл, энергетикалық нарықты қалып­тас­тыру және оны дамыту, көлік одағын қалыптастыру және Қауымдастықтың транзиттік әлеуетін арттыру, ауыл шаруа­­­шылығы саласында өзара іс-қи­мыл­­ды жандандыру, қызмет көрсету сала­­сының ортақ нарығын құру, жалпы қаржы нарығын қалыптастыру және валюта интеграциясын дамыту, әлеу­меттік-гуманитарлық және көші-қон саясаты саласындағы ынтымақтастық және Қауымдастық органдарының өкілеттіктерін кеңейту ЕурАзЭҚ-тың басым бағыттары болып белгіленді.

ЕурАзЭҚ халықаралық мәртебеге ие, сондай-ақ ол БҰҰ-ға бақылаушы болды. ЕурАзЭҚ халықаралық ұйым­дар­­мен өзара іс-қимыл жөнінде 35 ме­­мо­рандумға қол қойды. БҰҰ және оның ұйымдары: БҰҰ ЕЭК, АТМЭӘК, ЮНИДО, ЮНЕСКО, БҰҰ ДБ, сондай-ақ ЕО, Дүниежүзілік кеден ұйымы, ЕҚЫҰ; аймақ­тық бірлестіктер арасында – ТМД, ҰҚШҰ, ШЫҰ ЕурАзЭҚ-тың басты халық­аралық әріптестері саналады. БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарларында ЕурАзЭҚ-тың түрлі салалардағы БҰҰ жү­йесінің ұйым­дары­мен тығыз ынты­мақ­тастығы бірнеше рет атап өтілді.

Қауымдастыққа мүше елдер халық­аралық іс-қимылды, азық-түлік қауіп­сіздігін, бірыңғай энергети­калық нарық пен бірыңғай көлік кеңісті­гін қалып­тастыруды қамтитын бірқа­тар бірлескен мемлекетаралық бағдарла­малар мен тұжырымдамаларды әзірледі.

ЕурАзЭҚ – әлемдегі ең үлкен аумақта орналасқан және минералды-шикізат базасы және экономикалық және сыртқы сауда әлеуеті зор ірі аймақтық нарық.

2007 жылдың 6 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясының 62-ші сессиясында, ЕурАзЭҚ Бас хатшысы ретінде мен «БҰҰ мен Еуразиялық экономикалық қоғамдастық арасындағы ынтымақтас­тық» атты резолюцияның бірауыз­дан қабыл­данғаны туралы баяндама жасадым.

Кеден одағы және Біртұтас экономикалық кеңістік

ЕурАзЭҚ шеңберінде шектеулерді қол­данбайтын еркін сауда аймағын құру­дың арқасында 2008 жылы қоғам­дастық елдерінің арасындағы өзара тауар айналымы 2000 жылмен салыс­тыр­ғанда 4,2 есе өсті (29 миллиард доллардан 123 мил­лиард долларға дейін). Бұл интеграцияның келесі сатысы – Кеден одағын құрудың алғышартын қалыптастырды.

Кеден одағын құру туралы шешім 2007 жылдың 6 қазанында Душанбеде өткен ЕурАзЭҚ-тың Мемлекетаралық кеңесі отырысында Қазақстан, Беларусь және Ресей басшыларының қатысуымен қабылданды.

Сонымен қатар КО-ны қалыптас­тыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді.

Кеден одағының біздің елдеріміздің аза­мат­тарына берген үлкен мүмкіндігі ретін­­де кедендік рәсімдердің шекаралар­дың сырт­қы контурына ауысуын айтуға болады.

Ұзындығы 7,5 мың километрді құ­рай­тын Қазақстан-Ресей шекарасында жұмыс істейтін екі елдің мың­даған кеден қызметкерлері бүгінде жұ­мысын тоқтатты. Нәтиже­сінде қос мем­­лекеттің іргелес өңірлеріндегі мил­­лиондаған адамдар (Ресей жағын­да 26 млн адам тұратын 12 ай­мақ, Қазақ­станнан 6 млн адам тұра­тын 7 аймақ) шекарадан кедендік рәсім­дерсіз еркін өтеді.

Алматы қаласында 2009 жылғы 19 желтоқсанда өткен бейресми саммит барысында Қазақстан, Беларусь және Ресей президенттері Біртұтас экономикалық кеңістік қалыптастыру жөніндегі 2010-2011 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекітті.

БЭК, бұл – кәсіпкерлерге тауарларын еркін сатумен қатар, қызмет көрсету, электр жеткізу, көлік және бай­ланыс сала­лары бойынша өзара әріп­тес­тік орнатуға мүмкіндік беретін бірың­ғай нарық. Біртұтас экономикалық кеңіс­тікте экономиканы, салық, қаржы және кеден саясатын реттеудің тиімді бірың­ғай тетігі жұмыс істейді.

Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы

Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы келісімге 2014 жылдың 29 мамырында елордада Қазақстан, Беларусь және Ресей президенттері қол қойды. Аталған келісімді қатысушы мем­лекеттер ратификациялап, соның нәти­жесінде ЕАЭО 2015 жылдың 1 қаң­тарынан жұмыс істей бастады.

Келісімге сәйкес ЕАЭО шең­берінде тауарлардың, көрсетілетін қызмет­тердің, капиталдың және жұмыс күшінің еркін қозғалысы, экономика салаларында үйлес­тірілген, келісілген немесе бірың­ғай саясат жүргізуі қамтамасыз етіледі.

ЕАЭО-ның негізгі мақсаттары – мүше мемлекеттер халқының өмір сүру деңгейін арттыру мүддесіне орай олардың экономикаларының тұрақ­­т­ы дамуы үшін жағдай жасау, тауар­лар­дың, көрсетілетін қызмет­тер­дің, капиталдың және еңбек ресурс­та­ры­ның бірыңғай нарығын қалып­тас­тыру, сондай-ақ жаһандық экономика жағ­дайында ұлттық экономикалар­ды жан-жақты жаңғырту, кооперация­лау және олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру. 

Кеден одағы мен Біртұтас экономи­калық кеңістіктің оңтайландырылған шарттық-құқықтық базасы ЕАЭО туралы келісімге негіз болды. Сондай-ақ ЕАЭО келісімі Дүниежүзілік кеден одағы мен басқа да халықаралық ұйымдардың ережелеріне сәйкес жетілдірілді. 

Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы Еуразия кеңістігіндегі интегра­ция­лық үдерістерді дамыту бойынша және ХХІ ғасыр тарихындағы елеулі оқиға болды. 

Заманауи экономикалық интеграция­л­ық құрылымдар – ЕурАзЭҚ, Кеден одағы, Біртұтас экономикалық кеңістік және ЕАЭО – «Еуразиялық интеграция» жобасын іске асырудың негізгі құрал­дары саналады.

Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ энергетикалық нарығы

Әлемдік энергетика бүгінде дамудың жаңа сатысында тұр. Ол интеграциялық үдерістерді күшейту, энергия өндірісі саласындағы жаңа технологияларды дамыту, сондай-ақ энергия тасымалдаудың жаңа бағыттарының пайда болуы арқылы сипатталады.

Осындай жағдайда ЕАЭО-ға мүше мем­лекеттер үшін энергетикалық қауіп­сіз­дік мәселелері айрықша мәнге ие. Бұл орайда ұлттық экономикаларды және әріптес елдерді электрмен үздіксіз әрі сапалы қамтамасыз ету міндетін орын­дау маңызды.

2015 жыл Еуразиялық экономика­лық одаққа мүше елдердің ортақ энергети­калық нарықтарын қалыптастырудың маңызды кезеңі болды. Нақтылай айт­қанда, ЕАЭО ортақ нарығының энергетика, газ, мұнай және мұнай өнімдері бойынша үш тұжырымдамасы әзірленді.

2015 жылдың мамыр айында ЕАЭО-ның бірыңғай электр энергетикалық нары­ғын қалыптастыру тұжырымдамасы бекі­тіл­ді, ал 2016 жылғы желтоқсанда ЕАЭО-ның ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру бағдарламасы қабылданды.

ЕАЭО-ның мұнай және мұнай өнім­­дерінің ортақ нарығын қалыптас­тыру 2016 жылдың мамыр айында мақұл­данған Одақтың мұнай және мұнай өнім­дері ортақ нарығын қалыптас­тыру тұ­жы­­рым­дамасына және 2018 жылғы 6 жел­­тоқ­сандағы ортақ нарықты қалып­тастыру бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылады.

Тайыр МАНСҰРОВ,

Қазақстанның Ресейдегі елшісі (1994–2002 жж.),

ЕурАзЭҚ-тың бас хатшысы (2007–2015 жж.)