10 Наурыз, 2010

ӨҢІРЛІК МӘСЕЛЕ ӨЗЕКТІ ДЕ МАҢЫЗДЫ

768 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Сондай-ақ отырысқа Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев, “Нұр Отан” ХДП хатшысы Сергей Громов, Парламенттегі өкілдіктер басшылары мен Сенат аппараты және Премьер-Министр Кеңсесінің жауапты қызметкерлері қатысты. Алдымен сөз алған Сенат Төр­ағасы дағдарыстан кейінгі әлемде мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, реформа жасауда белсенді іс-әре­кеттер жасаған елдер ғана басым жағдайға ие болады дегенді ерекше айтты. Қасым-Жомарт Кемелұлы: “Президент ұсынған 2020 стра­те­гия­лық жоспарын іске асыру Қа­зақстанға дамыған елдердің ал­дың­ғы қатарында болуға және ке­лешекте болуы мүмкін сынақтарға төтеп беріп, барша қазақстан­дық­тардың игілігіне қызмет ететін ор­нықты экономиканы құруға мүм­кіндік береді”, деді. Осы стра­те­гиялық бағыт мемлекеттің барлық деңгейдегі органдарының белсене атсалысуын және барша қазақ­стан­дықтардың қолдауын талап етеді. Спикердің айтуынша, жұмыла жұмыс істеудің арқасында ғана еліміздің жаңа экономикалық өрлеуін қамтамасыз ете аламыз. Президенттің сенімді тірегі болып табылатын “Нұр Отан” партиясы үшін бұл бағдарламаны орындау оның жұмысының басты өзегіне айналуы тиіс. “Өңір” депутаттық тобы партиямен бірлесіп алға қой­ыл­ған барлық міндеттердің орын­да­луына, соның ішінде қаражаттың пайдаланылуына бақылауды қам­та­масыз етуге, кәсіпкерлердің және тұтастай алғанда халықтың нақты проб­лемаларына назар аударып, оны шешудің оңтайлы жүйесін құруға тікелей атсалысуы қажет. Сенат Төрағасы: “Кеден одағы біз­дің Президентіміздің интеграциялық идеясын нақты жүзеге асыра бас­тады. Дегенмен, интеграция біреу­лерге пайда әкеліп, екіншілеріне зиян шектірмеуі тиіс. Интеграция – ол екі жаққа да тиімді құбылыс, және ұзақ мерзімді мүдделерді өзара есептесудің жемісі”, деп оның ма­ңызын ашып берді. Мемлекет бас­шысының стратегиясында көрсетіл­ген міндеттерді жүзеге асыруға және ел экономикасын дамыту үшін жағдай қалыптастыруға айтарлықтай қадам жасалды”, деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. “Өңір” депутаттық тобының өт­кен жылғы жұмыстары туралы оның жетекшісі сенатор Ермек Жұмабаев баяндап берді. Топ жетекшісінің айтуынша, “Өңір” депутаттық тобы 2009 жылы өңірлік даму саласын­да­ғы заңнамаларды жетілдіру, сон­дай-ақ дұрыс әрі біркелкі қолдану жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу бағытында бірқатар шаралар өт­кіз­ген. Соның нәтижесінде Үкіметке және орталық мемлекеттік орган­дар­ға бірқатар ұсынымдар әзірленіпті. Мемлекеттік органдардағы өңір­лерді дамыту мәселелері жө­нін­дегі депутаттық сауалдарды қарау қорытындылары туралы Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетінің хатшысы Қуа­ныш Айтаханов хабардар етті. Отырысқа қатысқан Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев былтыр Үкімет тарапынан қабылданған шараларға кеңінен тоқталды. Өмірзақ Ес­тай­ұлы өткен жылдың екінші жарты­сы­нда дағдарыстан шығу жолын­дағы елеулі өзгерістер болғанымен, Америка, Ресей және Еуразия мем­лекеттеріндегі экономика біршама төмендегендігін тілге тиек етті. Ел­ба­сы саясатының арқасында елдегі жағдай оң қалыптасқан. Атап айт­қанда, банк жүйесінің тұрақтылығы мен жұмыссыздық деңгейінің сақ­талып қалуы, үлескерлер мәселе­сі­нің біртіндеп шешіле бастауы және халық тұрмысының төмендемеуіне жол бермеу сияқты мәселелер өз шешімдерін тауыпты. Сондай-ақ Үкімет басшысының бірінші орын­басары қазіргі кезде атқарылып жат­қан депутаттық сауалдар бой­ын­ша айта келіп, сенаторлардың сұрақтарына жауап берді. Дерек көзі: Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.