Бизнес • 30 Наурыз, 2019

Тимур Құлыбаев: Азық-түлік импортын алмастыруды экономикалық қауіпсіздік тұрғысынан қарастыру керек

605 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мұндай пікірді «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев Агроөнеркәсіп кешені комитетінің жұмыс отырысында айтты.ҰКП басшысы импорттың жоғары үлесі азық-түлік бағасының өсуіне әсер ететіндігін атап өтті.

Тимур Құлыбаев: Азық-түлік импортын алмастыруды экономикалық қауіпсіздік тұрғысынан қарастыру керек

«Біз инфляция импортына қатты тәуелдіміз. Елімізге әкелінетін валютаға сатып алынған азық-түлік өнімдері нарығындағы бағалар теңге бағамының құбылуына бірден әсер етеді, бұл жайттың өз кезегінде инфляцияға да ықпалы бар. Еліміздің өнеркәсіптік және экономикалық қауіпсіздігі тұрғысынан қарайтын болсақ, импортты алмастырудың әлеуетті нишаларын ескере отырып, азық-түлік өнімдерінің отандық өндірісін дамыту қажет», – деді Тимур Құлыбаев.   

Соңғы үш жылдағы статистика деректеріне қарар болсақ, қант, сары май, ірімшік сынды импорт тауарларының үштен бір есе қымбаттағанын көреміз.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2018 жылы импорт үлесі 3,4 млрд АҚШ долларынан 3,6 млрд АҚШ долларына дейін артқан. Осы ретте, жиынға қатысушылар атап өткендей, қазақстандық шаруалар ішкі нарыққа сүт және сүт өнімдері, құс еті, жұмыртқа секілді отандық өнімдерді жеткізер болса, импортты ең кемі 1 миллиард АҚШ долларына азайтар еді.

Алайда, Қазақстан Агроөнеркәсіп кешенінің айтарлықтай әлеуеті болғанымен үдерісті тежейтін бірқатар факторлар бар. Мәселен, 2000-шы жылдардың басында енгізілген субсидиялау жүйесі өндірістік көрсеткіштердің өсуін қамтамасыз етпеді. Бұған себеп субисдиялардың «ынталандырушы» құрауышының әлсіздігі.

Ал, мемлекеттік қолдауды көп жағдайда ірі және орта кәсіпорындар алады. «Атамекен» ҚР ҰКП міндеті – Агроөнеркәсіп кешені комитетінің қолдауымен шағын кәсіпорындар мен кооперативтерге теңдей шарттарды құру, ал мемлекеттік қолдау механизмдері – шаруаларды тиімді өндіріс және жаңа технологияларды енгізуге ынталандыруы керек.

«Атамекен» Төралқа Төрағасының айтуынша, агроөнеркәсіп кешені ел дамуының негізгі бағыттары тізімінде болуы керек. Кадр мәселесі және жұмыспен қамтудан бастап, агроөнеркәсіп кешені және ауыл шаруашылығы саласына ғылымды интеграциялауға дейінгі аралықта нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін шаралардың бүкіл кешенін және қолдауды ескеру маңызды.

 «Қазақстан халқының тең жартысын құрайтын ауыл тұрғындарын еңбекпен, тұрақты жалақысы бар, маусымдық емес, жыл он екі айлық жұмыспен қамту қажет. Ауылдағы жұмыс көздері ауыл шаруашылығымен ғана емес, сонымен қатар шағын және орта бизнес ұсынған қызмет түрлері, өнімді өңдеу, көрші аудандар мен облыстарға тауарлар мен қызметтерді өткізумен өлшенеді. Қазір жүргізіліп жатқан скрининг жаңа өндірістер мен қызмет көрсету саласына арналған негізгі нишалар мен мүмкіндіктерді анықтайды. Мұнда  маңызды рөлді ауыл шаруашылығы шикізатын терең өндеу өнеркәсіптері атқара алады. Жол, ауруханалар, мектептер, спорт кешендері және басқа да қажетті әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтылған тірек ауылдарды дамыту бойынша кешенді жұмысты жүргізу қажет. Ауыл тұрғындарына ыңғайлы болуы үшін ауылда өмір сүру деңгейін көтеру қажет, ауыл балаларының ішінен шыққан, мемлекеттік грант бойынша білім алған агрономдар, мал дәрігерлері, инженерлер мен механизаторлар ауылға қайтып, жұмыс істеуі керек. Оларға баспана, орналасуға қажетті несие бөлініп, жағдай жасалуы тиіс», – деп ұсынды ҰКП басшысы.

         Тимур Құлыбаев Агро ғылымның бұрынғы тәжірибесін қайта жандандыруға қатысты ойын білдірді. Ғылыми институттар, жоғары оқу орындарының жұмыс істеуіне қарамастан отандық ғылым қажетті нәтиже көрсетпей отыр, сондықтан жүйеге түбегейлі өзгерістер керек. Бірінші кезекте мемлекеттік бюджеттен және басқа да көздерден қаржыландыру қарастырылып, ең жақсы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін  жаңа сұрыптар мен технологияларға сынақ жүргізу және бейімдеу бойынша тәжірибелі шаурашылықтардың тиімділігін арттыру қажет.

Қазақстан үшін пайдалы ауыл шаруашылығы дамыған елдердің тәжірибесі мен инвестциялары өте маңызды. Мәселен, Қазақстан-Германия іскерлік кеңесі бидайды терең өңдеу бойынша жобаларға бағытталуы мүмкін несиелеу ресурстарына ие. Неміс инвестицияларын тарту озық тәжірибемен алмасуға, технологияларын алуға және ауыл шаруашылығын Еуро Одақта өткізуге мүмкіндік береді. 

  «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев Агроөнеркәсіп кешені комитетіне қауымдастықтармен түйткілді мәселелерді шешу бойынша барлық ұсыныстарды талқылау, құзырлы органдар және Үкімет деңгейінде ары қарайғы талқылау үшін шоғырланған ұстанымды қалыптастыруды тапсырды.