Аймақтар • 31 Наурыз, 2019

Мектеп-интернат - қоғам бақылауында

882 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атыраудағы психоневрологиялық ауытқуы бар балаларға арналған мектеп- интернатта ата-ана қамқорлығынсыз қалған 98 бала тәрбиеленеді. Прокуратура тексеруінен кейін тәрбиешілердің мүмкіндіктері шектеулі балаларға зәбір көрсетіп, қол жұмсау деректері анықталған болатын.

Мектеп-интернат - қоғам бақылауында

Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов қоғам өкілдерімен бірге мектеп-интернаттағы балалардың жағдайларын тексерді. Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлағандай,  комиссия мүшелері балалардың палаталарын қарап, оқу-әдістемелік базамен, асхана мен медбөлімшенің жағдайымен танысқан.

Комиссия мүшелері тәрбиешілер тарапынан дұрыс бақылаудың жоқтығына, балалар жатқан палаталардың санитарлық нормаларға сай еместігіне көз жеткізген.

Мекеме директоры Рымбек Тұрдағалидың айтуынша, ол бұл лауазымға өткен жылы келген.

 -Жауапкершіліктен жалтаруға бұл себеп емес. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы екі ай бұрын тағайындалды, мен де осы салаға жақыннан бері жетекшілік етемін, бірақ бұл бізден де, осы салаға бірнеше жылдан бері  жетекшілік жасап отырған адамдардан да жауапкершілікті алып тастамайды.  Барлығына шара қолданылады, ерекше балаларға тікелей жауапты басқарма басшысының орынбасарына сөгіс жарияланды,  мұнымен де аяқталмайды,  қызметтік тексеру қортындысымен барлық жауапты тұлғаларға қатысты шешім қабылданады, -деді Шапкенов. -Біз жағдайды жұртшылықтың ашық бақылауына шығарамыз - ҮЕҰ өкілдері әр интернатты қарап, біздің жұмысымызға бақылау жасайды. Сіздердің өткен жылы лауазымға тағайындалып, бірақ ешқандай шара қолданбағандарыңыз бәрін өз бетімен жібергендеріңізді көрсетеді.

Директордың кабинетінде бейне бақылау камерасы бар, сол арқылы балаларға қол көтеру деректері анықталған. Жағдайды мекеме қызметкерлері емес, прокуратура анықтады.

-Сіздің кабинетте отырып, қызметкерлеріңіздің балалармен қандай қарым-қатынаста екенін қарауға мұршаңыз болмады,-деді Серік Шапкенов. -Тіпті сіздің өзіңізге жасап отырған жағдайыңыз бен балалардың халін салыстыру арқылы көп нәрсеге көз жеткізуге болады. Егер балалар сіздің жұмыс орныңыздың жағдайындай жерде өмір сүрсе, бәрі басқаша болар еді. Бұл-жауапсыздық.

Облыста комиссия құрылды, құрамында білім беру, халықты әлеуметтік қолдау, қоғамдық денсаулық сақтау, денсаулық сақтау салаларының өкілдері, қаржы аудиторлары мен қоғам өкілдері бар. Комиссияға мүмкіндігі шектеулі,  психоневрологиялық ауытқуы бар адамдар тұратын мекемелерді кез келген уақытта тексеруге құқық берілген. Комиссия жұмысының қортындысы бойынша жағдайды жақсартуға ұсыныстар беріледі.

Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары барлық кабинеттерге интернетке қосылған  веб-камера орнатуға тапсырма берді, сол арқылы ата-аналар, комиссия мүшелері мен тексеруші органдар балалардың жағдайын тәулік бойы бақылай алады.

Атырау

Соңғы жаңалықтар