Әдебиет • 31 Наурыз, 2019

Өлең жаздым жарықтардың тілінде...

1676 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Оқырмандар назарына ақын Айнұр Төлеудің бірнеше өлеңін ұсынамыз.

Өлең жаздым жарықтардың тілінде...

Айнұр ТӨЛЕУ


2004 жылы Алматыдағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын Абай атындағы мектеп-интернаттын бітірген. 2008 жылы ҚазҰУ-нің филология факультетін аяқтаған. 2016 жылы әдебиеттану мамандығы бойынша «Қазіргі қазақ прозасындағы мифопоэтика» деген тақырыпта магистрлік диссертация қорғады. 2018 жылы «Отқарақ» деген атпен өлеңдері мен монография және прозалық шығармалардан тұратын кітабы шықты. Қазір Шалқар арнасынан  әдеби-танымдық «Құс жолы» радиожурналын жүргізеді. «Open asia» порталының қазақ бөлімінде қызмет атқарады.


Кемпірқосақ

 

Жұмыр жерге қарап қойып қуанып,

Өткіншінің мөлдірінен су алып,

Шөлдемеген қой-ешкісін суарып

Сұлу кемпір жүреді,

Жарылардай жүрегі...


Жердегілер оған қарап күледі

Қалың бұлттан шыққандай шын тілегі

Елжіреткен қос әлемнің жүрегін

Кемпірқосақ - жер мен көктің тірегі.


Пейіл және пиғылына қарамай,

Шашырайды түрлі-түсті сан арай.

Оны көріп қарттығына кейіген

Бір кейуана қуанады баладай.


Ойына кеп қисыны жоқ сан айла,

Бір топ бала жүгіреді арайға.

Сұлу кемпір сан айлаңа қарай ма?

Қосақтарын сақтау үшін қалай да,

Өң береді одан сайын арайға.


Хас батырдың буындары босады

Көрінгенде сол кемпірдің қосағы.

Шыға қалса шын перизат көрікті,

Тілін жұтып қояр еді бөрікті.


Кемпір дейді оны жұрт.

Кеңкілдейді нені ұғып?

Доға- болмыс дөңгелек жер секілді

Көрген емес зорығып.


Кемпірқосақ – доға әлем,

Домалақтың жартысы,

Өз қолыммен бір ескерткіш соғар ем

Жиіркенішті оған бірақ,

Жер бетінің тартысы.



Аспанды аңсау

 

Төңкерілген қазан сынды теріс қып,

Аспанымды аңсадым.

Бал мен уын  жер бетінің бөлістік

Ал мен бүгін у ішкеннен шаршадым.                     


Қызық екен мекендестер, жер деген

Неге бізге бір жола

Өлетін у бермеген?!


Бұл мекенде күн де жоқ қой

Бірақ сенсің ең ыстық!

Саған қатты ұнайды

Қол ұстасып жүре алмайтын кеңістік!


Ұнайды ғой,

Саған осы жер-мекен.

Алыс жақтан айға сырды

Отырасың ақтарып,

Мен жайында жерлесіңе

Айта алмайсың, шаттанып!


Ей, ғизатым!

Миллардтардың бөлшегі!

Жалғыздығын жұлдыз санап жұбатқан

Түсініксіз сендер жақтың өлшемі.

Соның үшін бәлкім сені ұнатқам,

Соның үшін жақсы көрем мен сені!


Көктем

Ояндың ба ұйқыңнан,

Күн қытықтап тұрғызды ма тағы да

Мың сәулелер түрткен шығар мен болып

Шыдай алмай ұйқыдағы шағыңа.


Сүйгім келген ауадағы үніңді,

Айтқым келген шынымды.

Менің жаным Зау аспаннан сен жаққа

Жарық болып жығылды.

Шуақ болып құлады.


Тұрсаңшы енді көктемім,

Рас еді  асыққаным,жеткенім!

Мынау маңғаз дүниені сен үшін

Тәрк етпедім, кетпедім!


Ақ көрпенің астында

Жатырмысың налып көп.

Кірпігіңе қонайын

Күннен тамған жарық боп!


Түсінетін шығарсың

Мені ылғи қинайды

Уақыттың келтесі,

Көздеріңді аша ғой

Күллі әлемнің еркесі!


Тіріміз

 

Армандадық ойнасақ деп Айды алып,

Көрсек дедік бір-бір Күнге айналып.

Кейін неге жанымызды аяулы,

Тіршілікке ақтық етіп байладық?


Өтіп жатыр салқын көктем, жылы күз.

Мен есенмін, Cен де амансын, Тіріміз.

Сағынамыз, cөйте тұра неге осы,

Іздемейміз бірімізді-біріміз?


Айтылмаса, шерің қалай тарқамақ?

Жүрміз мұңды мұнша неге арқалап?

Мезгілдерге мейірлене қарадым,

Ажарымды ажалымнан қалқалап.


Хат


Біздің ғасыр бұрынғыдай

Сөз тізбейді параққа

Хат келеді,

Хат өледі заматта!


Алаңдамай,

Маған қарай

Сөз ұшады құлшынып,

Содан кейін сөніп кетер

Уақытқа тұншығып.


Саған ұшты жанымның бір парасы

Сөзге сіңіп мендегі мұң, сабыр, дем!

Жатырқамай  жазғаныма қарашы...

Хат келмейді қабірден!


Сәуле сынды кеңістікте көсілген

Жүйрік сөздер-жүректердің сыбыры.

Өшкен ойды дәл өзімдей кешіргем,

Дәл Өзіңді кешіргендей бұрынғы.


Жұлдыз-жүрек

 

Жалғызым!

Жырақтағы жұбанышым!

Жантөзгісіз күйімнің шыдамысың.

Сен үшін күллі әлемге күліп қарап,

Мөлтілдеп арғы жақта тұрады ішім!


Мені кейде мұндағы жасытты арман,

Жер жалыққан жылаңқы ғашықтардан.

Жұлдыз еді жүрегім  іңкәрлікпен,

 Құс жолынан өзіңе қашып  тамған...


Жел тұрса билей салар мың бұралып,

Қайыңдар баяғыдан жынды халық.

Сені де самал болып түртіп ем ғой,

Міз бақпадың, сол тұстан  жылжымадық!


Жарығым, жаның неге  құлыптаулы?

Жек көруді, содан соң ұлықтауды,

Кімнен, қашан үйрендім есімде жоқ,

Осыншалық сүюді, ұмытпауды.


Күбір

 

Сал дәуреннің салбыраған Әз басын,

Албыратып көтеруден қысылмай,

Сүрттім түнде бір дәуірдің көз жасын,

Жылап тұрды қаламымның ұшында Ай!


Жұлдыздарды сөз қып тізіп аспанға,

Өлең жаздым жарықтардың тілінде.

Қонып жатты көлеңкесі жасқанбай,

Ақ қағазға жазу болып күбірлеп.


Көз жасымның көлеңкесін таныдым,

Жұлдыз етіп бір кездері орнатқам.

Мөлт ете қап мейірімді жарығым,

Өлең болып тамып тұрды ол жақтан!



Қала

 

Көшесінде темір көші,

Тыншымайды бұл қала!

Шамдарымен жымиып,

Оған қымбат

құн сұрайды бұлдана!

Бұл қала ма –

Көктемімді қымыз қылып сіміріп,

Жастығымды жұтып жатқан құлғана!


Маңғаз қала кір етегін жасырмай,

Жымияды жұлдыз сынды жанармен

Басынан сөз асырмай.

Аузын ашып әлемде жоқ аранмен.


Сан қиялдың қырқып тастап қанатын.

Жұлдыз жайлы ойламайды қала тым.

Аспан оған не керек?

Әз оты бар өз ішінде жанатын!


Ұры-уақыт оның ізгі досындай,

 Қалған оған тағдырымыз арбалып,

Екеуміздің жүрегіміз жылағанда қосылмай,

Қала тұрған қызыл-жасыл шам жағып.


Жасырмаймын,

жиі көрем жирен күзді түсімде,

Көмейіме көміледі көп ойлар.

Біз адастық осы қала ішінде,

Осы күзде

адасады біздей тағы талайлар!


Алло!

 

Сенің жаның дірілдейді тамағыңда,

Тірісің!

Маңызды емес кім үшін

Тірлік кешіп жүргенің!

Күллі әлемнің тыңдағандай тынысын.

Менің мынау тұрысым!

«Алло» дейсің

Дір-дір етіп дыбысың

Кім екенін білгің келіп

Қашты ма екен тынышың!

Тамағыңда дірдектеген жан дыбысын естіген

Менің күйім құрысын!

Жүрегімді аяймын,

Қозғалыссыз саған қарай жүгірген

Дауа іздеген сенің қоңыр үніңнен.

Танымадың бейшараны сен қалай

Аяқсыз-ақ алдыңа кеп сүрінген!



Жатырқау

 

Жұмыр тірлік күн жолында

Бара жатты айналып,

Бұл жолы да екеуміз

Атқыласып уақытпен ойнадық!


Терезеден шашыраған шамдардың

Жарығындай тым әлсіз,

Үлпілдеген сезіміңе таңғалдым,

Тыныстаған күмәнсіз,


Айналдырып  қиялыңды қылжаққа,

Мұнда ешкім ертегіге сенбейді.

Екеу жайлы әңгімені бұл жақта,

Ешкімнің де естігісі келмейді.


Мәлім еді көзіңдегі от маған,

Өз отымды жазбай бірден таныдым.

Адамы мол,

Жалғыздығы Адамынан көп қала

Жатырқайды екеумізді, Жарығым!