17 Қаңтар, 2012

Жекелеген жағдайлардың сайлау нәтижесіне әсері жоқ

253 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жекелеген жағдайлардың сайлау нәтижесіне әсері жоқ

Сейсенбі, 17 қаңтар 2012 7:47

Конституцияға және Елбасының тапсырмаларына сәйкес Бас прокуратура өткізілген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі­нің және мәслихаттарының депутаттарын сайлау барысында заңдылықтың сақталуын қамта­масыз ету бойынша барлық қажетті шараларды қабылдады, деп хабарлады Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков.

Сейсенбі, 17 қаңтар 2012 7:47

Конституцияға және Елбасының тапсырмаларына сәйкес Бас прокуратура өткізілген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі­нің және мәслихаттарының депутаттарын сайлау барысында заңдылықтың сақталуын қамта­масыз ету бойынша барлық қажетті шараларды қабылдады, деп хабарлады Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков.

Оның айтуынша, электораттық кезеңде бар­лық сайлау процесіне қатысушылардың заң­нама талаптарын және азаматтардың консти­туция­лық құқықтарын мүлтіксіз сақтаулары прокуратура органдары жұмысының басты бағыты болған. Әрбір заң бұзушылық туралы хабарлама мұқият тексеріліп, олар расталған жағдайда бұзылған құқықтарды қалпына кел­тіріп, кінәлі адамдарды заңмен белгіленген жауапкершілікке тартуға бағытталған шаралар қолданылыпты.
Атап айтқанда, сайлау жарияланған күннен бастап прокурорлар 76 қадағалау актісін енгізді. Оның ішінде, бұқаралық ақпарат құралдарында сайлау заңнамасын түсіндірумен 1 үндеу жасалды, заң бұзушылықты жою туралы 2 ұсыныс енгізілді, заңды бұзуға жол бермеу туралы 28 алдын ала ескерту жасалды, әкімшілік құқық бұзушылық туралы 45 іс қозғалды. Алайда, заңнаманың кейбір талап­тарының бұзылуы жекелеген жағдайларда орын алғанымен, олар дауыс беру қорытын­ды­ла­рына әсерін тигізген жоқ, деді Н.Сүйіндіков.
Оның сөзіне қарағанда азаматтардың сайлау құқықтарын өрескел бұзу фактілері анықталған жоқ. Төтенше жағдай режіміндегі Жаңаөзен қаласында да сайлау тыныш өткенін айта кеткен жөн. Сайлауға қатысты қандай да бір жағдайлар мен оқиғалар орын алмаған. Бұл ретте қаладағы сайлаушылар едәуір жоғары белсенділік танытты (63,6 % келген).
*  *  *
Енді жеке және заңды тұлғалардың өтініш­тері мен шағымдарын қарау нәтижелеріне тіке­лей тоқтап кетейін, деп жалғады сөзін ресми өкіл. Сайлау кезеңінде, дауыс беру күнін қоса алғанда 104 прокуратура органдарына 536 арыз-шағым түсті, олардың 64-і Парламент Мә­жі­лісінің, 472-сі мәслихаттар сайлауына қа­тыс­ты. Заң бұзушылықтар туралы ақпараттардың негізгі бөлігі тиісті тексерулер барысында өз дәлелін тапқан жоқ.
Заң бұзушылықтар туралы хабарламалар жекелеген жағдайларда ғана негізді және шынайы болып шықты. Әрбір осындай факт бойынша заңнамамен қарастырылған шаралар қолданылды.
Мысалы, Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихаты депутаттығына кандидат Е.Әбиевтің хабарламасы бойынша В.Н.Суржиков үгiтке тыйым салынған кезеңде оны жүргiзгені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Дауыс беру күні де жекелеген заң бұзушылықтар орын алған. Атап айтқанда, Алматы қаласындағы №225 сайлау учаскесінің хатшысы Иса сайлаушы Енкебаеваға оның отба­сының келмеген үш мүшесі үшін бюллетеньдер берген.
Осы тектес сайлаушыға келмеген отбасы мүшелері үшін бюллетеньдер беру фактісі Степногор қаласындағы сайлау учаскелерінің бірінде де орын алған.
*  *  *
Талдау заң бұзушылықтар туралы арыз-шағымдардың басым бөлігі (60 немесе 11%) прокуратураға Бақытжан Төреғожина басқа­ратын «Ар. Рух. Хақ» қоғамдық қорынан түс­кенін көрсетті, деді әрі қарай Н.Сүйіндіков. Аталған арыз-шағымдар бір мезгілде интернет-сайтқа орналастырылып, «заң бұзушылықтар картасына» жинақталған. Дауыс беру күнінің соңында аталған интернет-картада сайлау заңнамасының бұзылуы туралы 300-ге жуық хабарлама орналастырылған. Қазірге біз олардың 296-сын тексердік. 281 жағдайда (немесе 95%) сайтта орналастырылған ақпарат дәлелденген жоқ.
11 қаңтарда сайтта Қызылорда облысы Мың­шоқы кентінің №397 орта мектебінің директоры Сәрсенбаева Сәуле сынып жетек­ші­ле­рі­не «Нұр Отан» партиясының кандидаттарына дауыс беруді оқушылардың ата-аналарының назарына жеткізуге мәжбүрлегені туралы хабарлама жарияланған, деді одан әрі ресми өкіл. Сондай-ақ осы хабарламада «Айбын» кол­леджі­нің директоры Тимур Балаимов оқыту­шы­ларын «Нұр Отанға» дауыс беру үшін 10 туыстарын немесе жақын достарын алып келуге мәжбүрлегені көрсетілген. Алдындағы жағдай­лардағыдай, Қызылорда облысында мұндай оқу орындары жоқ екендігі анықталды. Облыстағы басқа білім беру мекемелерінде де аталған адам­дар басшылық етпейді.
Ресми өкіл үстіміздегі жылдың 13 қаң­тарында сайтта аудан әкімінің нұсқауы бойынша тұрғындарды «Нұр Отан» үшін дауыс беруге үгіттеген Астана қаласындағы «Астик» пә­тер иелері кооперативінің төрағасы В.Горо­виковтың заңсыз әрекеттері туралы ақпарат жарияланғанын да айтты. Тексеру барысында Астанада «Астик» пәтер иелері кооперативі жоқ екендігі анықталған. Сондай-ақ, сайтта Шымкент қаласының №96 сайлау учаскесінің төрағасы Азамат Сарыханов дауыс беру күні мас екендігі туралы ақпарат орналастырылыпты. Тексеру барысында аталған учаскеде комиссия төрайымы Насия Алтаева екендігі, ал Сарыхановтың комиссия мүшелерінің ішінде жоқ екендігі анықталған. Осы тектес Тараз қаласындағы №82 сайлау учаскесінің төрағасы Әмір Ниязқұловтың мас екендігі туралы хабарлама да расталмапты.
Н.Сүйіндіковтің сөзінен сайтта сайлау учаскелерінің уақытында ашылмауы туралы хабарламалар орналастырылғаны да белгілі болды. Атап айтқанда, Өскемен қаласындағы №90 және Шымкент қаласындағы №94 учаскелер көрсетіліпті. Алайда, аталған учаскелер белгі­лен­ген мерзімде және халықаралық байқау­шы­лардың қатысуымен ашылғандығы анықталған.
Бұл тізімді, дейді ресми өкіл, ондаған ұқсас мысалдар келтіре отырып жалғастыруға болады.
*  *  *
Сайлау күнінде түрлі ақпарат көздерінде дауыс беру жәшіктеріне жаппай бюллетеньдерді тастау туралы хабарламалар болған, деді әрі қарай Н.Сүйіндіков. Тексерулермен бюллетень­дерді жаппай тастау тетігін қолдануды қоса алғанда, дауыс беру процедурасына заң­сыз араласуға әрекет жасау жағдайлары орын алғандығы анықталды. Қазіргі кезде бұл әре­кеттер арандатушылық сипатқа ие. Мысалы, Алматы қаласының Әуезов ауданындағы №426 сайлау учаскесінде белгісіз ер адам жәшікке бюллетеньдерді жаппай тастап, оны ұстау кезінде жасырынып үлгерген. Алайда, бай­қау­шылардың қатысуымен жәшіктерді ашқан кезде қастық жасаушы бюллетеньдер емес, бюллетеньдерге ұқсас өзі жасаған түсті қағаздардың парақтарын тастағандығы анықталды.
Бұрын хабарланғандай, Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан қаласында дауыс беру күні белгісіз адамдардың сайлау бюллетеньде­рін ашық түрде ұрлау фактісі орын алған. Көшпелі комиссия мүшелері сайлау учаске­сінде дауыс беруге мүмкіндігі жоқ мүгедектер­дің үйлерін аралау кезінде анықталмаған тұлғалар олардың қолдарынан 27 бюллетеньді тартып алып, белгісіз бағытта жасырынған. Бұл жағдай ұрланған бюллетеньдерді қаланың сайлау учаскелерінде әрі қарай дауыс беру кезінде заңсыз қолдану мүмкіндігін туғызды.
Алайда жедел шаралардың нәтижесінде барлық 27 бюллетеньдер табылып, сайлау учас­келеріне қайтарылды. Заң бұзушылықтарға жол берген кінәлілер заңмен белгіленген жауап­кершілікке тартылатын болады, деді ресми өкіл.
*  *  *
Жалпы, бұған дейін атап көрсетілгендей, электораттық науқан мен дауыс беру күні қалыпты жағдайда өтті. Азаматтардан дауыс беруге қатысу құқығын іске асыруда кедергі жасалғаны туралы өтініштер мен шағымдар түскен жоқ.