Экономика • 01 Сәуір, 2019

«Қарапайым заттар экономикасы» жобасы кәсіпкерлерге қолдау көрсетеді

1510 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бизнес-жоспар дайындаудан бастап жобаны қаржыландыруға дейінгі жұмыстың бәріне қолдау көрсетіледі. Атырауда өңірлік Кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған «Қарапайым заттар экономикасы» жобалық алқасының мақсаты – осы.

«Қарапайым заттар экономикасы» жобасы кәсіпкерлерге қолдау көрсетеді

- Жобаларға мониторинг жүргізіледі. Банктер не себепті несиелеуден бас тартады, бизнес-жобаларды қолдаудың қандай жаңа механизмдері бар? Осы бағытта кәсіпкерлерге жан-жақты түсіндіріледі, - дейді өңірлік Кәсіпкерлер палатасының басшысы Абдолла Идресов.

«Қарапайым заттар экономикасы» туралы ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың халыққа Жолдауында айтылған. Елбасы тапсырмасын іске асыру – басты міндет. Жергілікті жобаларды жеңілдікпен несиелеу бағдарламасына жете мән беріледі. Осы мақсатқа қаралған 600 млрд теңгенің 400 млрд теңгесі өңдеу өнеркәсібі салаларына бағытталады.

Жобалық алқа құрамында облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы мен «Даму» қорының Атыраудағы  бөлімшесінің өкілдері бар. Жоба бастамашылары қазірден бастап екінші деңгейлі банктерге жеңілдетілген несиеге өтімін беруге болатынын айтады. 2025 жылға қарай «қарапайым заттар экономикасы» аясында 16 мың тұрақты жұмыс орнын құрып, бюджетке салық түсімдерін 1,1, трлн теңгеге дейін жеткізу көзделіп отыр. Сол арқылы өндіріс көлемі артып, импорт үлесі 37 пайызға қысқарады.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Айқын Елеусізовтің айтуынша, мұндай жобалық алқа елімізде алғаш рет Атырау облысында қолға алынып отыр. Бұл – кәсіпкерлерге үлкен мүмкіндік.


Бақытгүл БАБАШ,


«EgemenQazaqstan»



АТЫРАУ