Әлем • 02 Сәуір, 2019

2021 жылы пластикалық өнімдерге тыйым салмақ

887 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бұл шешім мұхиттарды тазалау мақсатында шығарылған. Өйткені бельгиялық заң шығарушы Фредрик Ристің мәлім­деуінше, қазір шара қолданбаса, 2050 жылға қарай суда балықтан пластик көп болады.

2021 жылы пластикалық өнімдерге тыйым салмақ
Еуроодақ тыйым салатын тауарлар ішінде тәрелкелер, асхана аспаптары мен түтікшелер бар. Бұл туралы ақпа­рат таратқан Stuff порталы Еуропар­ла­мент­­тің өткен сәрсенбіде Франция­­ның Страс­бург қаласында мақұл­да­ған бір рет­тік қолданылатын пластиктерге арнал­ған тыйым, нақтырақ айтқанда, сусын ішетін ыдыстар мен стақандар, тамақ салатын контейнерлер мен құлақ шұқи­тын таяқшаларға салынатынын жазған.


Еуропарламенттің ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, аталған мәселеге қатысты жаңа заң жобасын талқылауға 560 адам қатысқан, оның 35-і қарсы дауыс берсе, 28-і қалыс қалған. Еуропарламент мүшелерінің басшысы, жоғарыда атап өткен Ф.Рис: «Бұл заң 2030 жылға дейін Еуропадағы пластикалық ластанудың жобалық құны бо­йынша қоршаған ортаға зиян келтіретін шығындарды 22 миллиард еуроға дейін төменде­теді», деді. Ал Еуропалық комис­­сия те­ңіздердегі қоқыстардың 80 па­йызы пластик екенін жеткіз­ді. Пластик қалдық­тары судағы жануарлар мен балықтардың ағзасынан табылып жатыр. Демек, мұндай қоқыстар мұхит, теңіз өнімдерін тұтынатын адамдарда да кездеседі. Бекітілген жаңа заң «Ластаушы төлейді» деген ұстанымды қатаң сақтауды мақ­сат етеді. Бұл дегеніміз – плас­тикалық заттарды, әсіресе пакет­терді тұтынушы бұдан былай тегін болса, сатып алады немесе қымбатқа түседі деген сөз. Яғни, қоршаған ортаға зиян кел­тіруші өтейді. 

Пластмассалар теңіз қоқыс­тарының шамамен 80 пайызын қамтығандықтан, ЕуроОдақ жоспарланған шектеулерді бір жылдан аз уақытта талқылады. Дегенмен бұл мәселе көптеген елдерде бір жақты жолға қойылған және оның айтарлықтай нәтижесі де бар. 


Англиялықтар 2015 жылы 7 млрд, 2016 жылы 500 млн бір рет пайдала­ны­латын пакет қолданған. 1 жылдың ішін­де қалай осынша мөл­шер­ге азайтты? Бар болғаны 2015 жыл­дың қазан айында пластикалық пакетті қолданушыларға 5 пенс көлемінде салық салынды. Басын­­да Шотландия мен Уэлсте сы­­нақ­тан өткізілген бұл жоба кейін Ұлыбританияның өзге де өңір­лері мен қалаларына енгізіле бастады. Соның нәти­жесінде, habr порталының мәлі­метінше, пластикалық пакет­­терді қолдану үлесі 85 па­йызға төмендеген. 

Жалпы осындай бір реттік полиэтилен пакеттерін қолдануға тыйым салу­дан Африка алда келе жатыр. Өйт­кені құрлықта экологиялық проблема күн тәртібінен түспейді. Сол себеп­ті Африкадағы біраз елдерде поли­эти­леннен жасалған бірреттік қалта­ларды қол­дану­ға заңмен тыйым салынған. Пластиктердің орнын матадан және қағаздан жасалған қалталар басты. Тиісінше сол тауарларға сұраныс артқан. Кенияда мұндай пакеттерді қолданған немесе тұтынушыларға сатқан сауда орталықтарына шамамен 40 мың АҚШ долларындай айыппұл салынатын көрінеді. Сонымен қатар Камерун, Гвинея-Бисау, Мали және Уганда сияқты елдерде де полиэтиленді пайдалану­ға қатаң шектеу бар. Ал Дания үкіметі пластик қалталарды қол­­дануға сонау 1994 жылы-ақ шара қабылдаған. 25 жылдан бері да­ния­лықтар арасында плас­тик п­акет­терді қолдану үлесі 90 па­йызға дейін азайған. 


2017 жылы осындай шетел­дік тәжіри­белерді зерделеген бұрынғы Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек 2018 жылдан бастап елімізде мұндай қалталар заң жүзінде ақылы бо­латынын айтқан. «Энер­ге­ти­ка министрлігі халықаралық тәжірибені саралаған соң елі­мізде полиэтилен пакеттің қол­данысына шектеу қою мен ты­йым салуды кезең-кезеңмен атқару туралы бастама көтерді. Бірінші кезеңде полиэтилен пакеттердің тегін таратылуы­на тыйым салу, екінші кезеңде поли­этилен пакеттердің өнді­рі­сін тоқтату жүзеге асы­рыла­ды. Бұл бастама жергілікті ба­с­­қару органдарының, «Kaz Waste» қал­дық­тарды бас­қару қауым­дастығының және «Атамекен» ҰКП-тың қарауына жіберілді», деген еді Ж.Қасымбек.


Бұл әлбетте, Ұлыбритания­ның енгізген әдісі. Алайда бұл бастамаға құлақ асып, үлес қосып жүрген сауда орталық­тары мен дүкендердің қарасы аз секілді. Себебі Magnum, Small сияқты ірі сауда орта­лық­тары­нан бастап шағын дүкен­дердің өзі әлі күнге дейін поли­эти­леннен жасалған бірреттік қал­таларды тегін таратады. Сон­­­дық­тан Қазақстан бастамашы айт­қан ауқымды істің, үлкен бас­­­та­ма­ның небәрі бірінші кезеңін де толық өткерген жоқ. 


Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»