Ұлттық комиссия өкілінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстан қазіргі таңда гендерлік көрсеткіштер бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр. 1999 жылдан бері Ұлттық комиссияның қолдауымен «Қазақстанның әйелдері мен ерлері» статистикалық жинағы шығарыла бастады. Жинақ – ұлттық гендерлік саясаттың маңызды ресурстарының бірі. Ол әйелдерді, балаларды және отбасын қолдау мен дамытуға бағытталған барлық мәселелерге қатысты мәліметтерге негізделген.
2019 жылғы 1 қаңтардағы статистикалық деректерге сәйкес, Қазақстан халқының саны 18,4 млн. Соның ішінде 9,5 млн-ы – әйелдер. Бүгінде Қазақстанда 4 млн-нан астам отбасы бар, оның 340 мыңнан астамы көп балалы отбасылар. Көп балалы отбасылардың 132 606-сы – қалалықтар, ал 207 771-і ауылда тұрады.
Отырыста сонымен қатар еліміздегі 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру бойынша 2017-2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының Ақмола облысында орындалу барысы талқыланды. Аталған облыс әкімінің орынбасары Айна Ермекқызы өңірде қабылданып отырған шаралардың нәтижесінде ана мен бала өлімінің азайғанын және сәйкесінше халықтың өсімі байқалатынын айтты. 2018 жылы бала өлімінің көрсеткіші 15,4 пайызға азайған.
Бұдан бөлек, Ұлттық комиссия мүшелері Бейжің декларациясы мен іс-әрекеттер тұғырнамасын жүзеге асыру бойынша БҰҰ-ның салалық комитетіне жолданатын Ұлттық шолудың жобасымен танысты.
Отырыс соңында Г.Әбдіқалықова мемлекеттік органдар мен жауапты ведомство өкілдеріне бірқатар нақты тапсырмалар берді.
«Egemen Qazaqstan»