Қоғам • 02 Сәуір, 2019

Су басу қаупі жоқ

793 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин орталық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз-мәслихатында елдегі су тасқыны мәселесі мен төтенше жағдайларды алдын алу шаралары жөнінде баяндады.

Су басу қаупі жоқ
Жиында сөз алған вице-министр Ю.Ильин еліміздің кейбір өңірлеріне жауын-шашын көп жауғанымен, су тасқыны бойынша жағдай қалыпты екенін айтты. Оның мәліметінше, қазіргі таңда елді мекендерді су алу қаупі жоқ. «Өткен аптада Түркістан, Жамбыл облыстарында төтенше жағдайларға дайындық күшейтіліп, қосымша бөлімшелер жіберілді. Ақмола, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы топ­тардың жұмысын күшейту үшін орта­лық құтқару жасағының қыз­мет­керлері жөнелтілді», деді ол. 


Сондай-ақ аталған ведомство өкілі төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша атқарылған нақты шараларға тоқталды. Айталық, жа­зық­тық өзендерде мұз өткелінің өтуін қамтамасыз ету және мұз кептелісінің алдын алу мақсатында Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында 26 мұз жару жұмысы жүргізілген. Батыс Қазақстан облысында жалпы ауданы 215 мың шаршы метр мұзды кесу жұмыстары аяқталды.


Ю.Ильин атап өткендей, «Қаз­гид­ромет» беретін апта сайынғы метеорологиялық болжамға сәйкес 1-5 сәуір аралығында Қостанай, Сол­түс­тік Қазақстан, Шығыс Қазақ­стан, Ақмола және Қарағанды облыстарында (14-20 мм дейін) жауын-шашын болуы мүмкін, ол жағ­дайды қиындатуы ықтимал. 


Шара барысында министрдің орынбасары Ақмола облысының Бурабай ауданындағы Кенесары бөгетіндегі жақында орын алған жағдайға да тоқталды. 30 наурызда сағат 19.00-де қалың қардың еруі салдарынан су көтеріліп, ағын су бөгетті бұзып кеткен. Ю.Ильиннің айтуынша, бөгеттен тасып аққан су Хан өзеніне барып құйылған. Сондықтан Иванов су қоймасы жарылып кетуден аман тұр. Иванов су қоймасының маңында Иваново елді мекені бар. Көкшетау қаласы мен Ивановоны су басу қаупі жоқ.


Аталған ведомство өкілінің ақпа­ратына сүйенсек, 25-31 наурыз аралығында Ақмола, Шығыс Қазақ­стан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қа­зақ­стан және елорданың айнала­сын­дағы елді мекендерден 440 мың текше метр қар суы сорылды, өзен деңгейінің көтерілуі салдарынан ауылдарды су басу фактілері тіркелмеген.


Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,


«Egemen Qazaqstan»