Жоқтықтың да, тоқтықтың да, оқудың да қадірін біліп өскеннен бе екен, біздің қатарымыздың қолынан кітап түспеді, кітаппен өсті. Қолымызға бір кітап түссе, соны бітірмей қоймайтынбыз. Осы дағды бала күннен қалып қойды және жақсы болған деп ойлаймын. Әлі күнге жалғасып келеді. Менің 37 студентім бар. Солардың бәріне кітап оқытамын. Қазірдің өзінде төрт-бес роман оқығандары бар. Қазір өзі кітап көп шығатын заман. Меніңше, кітап шығаруға талпынатын адам дұрыс адам болуы керек. Кез келген кітаптан бірдеңе алуға болады. Оның шедевр болуы міндетті емес. Ең бастысы, оны рухани тазалыққа, керек болса кемелдікке жасалған қадам деп те қабылдау керек. Бұл менің кітап жөніндегі жалпы түсінігім. Бұл тәрізді толғаныстарым күнделігімде де ұшырасып қалады.
Айтайын дегенім, артыма қарасам өкшемізді басып келе жатқан інілерімнің бойындағы осы оқуға, кітапқа деген құмарлықты көргенде марқайып қаламын. Соның бірсыпырасы қалам ұстағандар.
Бұл қатарда Қали Сәрсенбай да бар. Оның қатары, осы бір тегеурінді буынның шығармашылығының алдыңғы буынмен сабақтастығын, ұқсастығын байқаймын. Өзіңнен кейінгі толқынның ізденісіне ден қою өз алдына, олар үшін алаңдап отыратын да кезің болады. Өйткені өнердің қай саласында болсын кешеден қалған үздік үрдіс жалғасын таппай жатқанда кәдімгідей күрсініс күйін кешетінің де рас. Ал олардың шығармашылығына, оның ішінде сөз өнеріндегі Қалилардың қатарына алаңдаушылыққа аса негіз бола бермейді. Олардың әрқайсысының өз қолтаңбасы бар.
Өзім көптен бері шығармашылығын қадағалап жүретін осы буынның бір озық өкілі Қали Сәрсенбай. Құдай берген талантты былай қойғанда, егер оқыған-тоқығаны болмаса, ойы озық, іргелі ізденісі болмаса кімнен де өз қолтаңбасын күту де қиын. Мен Қалидың қолтаңбасын отбасымызға аптасына үш рет құтты қонақ болып келетін «Алматы ақшамынан» байқап отырамын. Газет ұжымдық жұмыс дегенмен де бәрібір одан бас иесінің қолтаңбасы аңғарылмай қалмайды. Осы басылымның қазір өзгеден өзін ерекшелеп тұратын өзіндік ұстанымы, бағыты бар. Бұрыңғыдай түнде көлеңке іздеп жүріп жазатын жазармандар қазір ешкімге де қызық емес. Өзі айтқандай, Қали «қыңыр емес, қоңыр газет» жасады. Бұл басылымның зиялы қауымның, элитаның оқитын басылымына айналуының сырына тереңдесек, алыстап кетеміз.
Әйгілі Әбең, қазақ әдебиетінің абызы мен аңызы Әбдіжәмил Нұрпейісов менің осы газетке күнделіктерім жарияланған күннен бастап телефон соғып, кемі 40 минут әңгімелесетін едік. Бұл кісі әбден шешіледі, бір тұста жастар туралы айтуды да ұмытпайды. Бірде Қалиға «Мен сені неге ПЕН клубқа мүшелікке қабылдадым? Неге саған Зейнолланың өзі кепілдеме берді?» деп оған өзі «Сенің жазуыңда культура бар» деп жауап беріп еді. Міне, басылымға сол культура келді. Менің аға досым, аса талғампаз академик Төрегелді Шарманов «Ақшам» туралы айтқанда өзін зорға тежейді. Қалиды жан досым Ақселеу айрықша жақсы көрді. «Жас Алашта» жүргенінде «Сенің де қарым-қабілетің газеттің қара жұмысына кетіп қалатын болды-ау» деп алаңдағаны бар еді. Ақселеудің сол алаңдауынан қорытынды шығарды ол. Газеттің қара жұмысымен алысып жүріп, шығармашылығынан да қол үзбеді. Басылымның беделін тұлғалар өмірін дендеп жазу, ұлт зиялыларымен тығыз байланыс арқылы көтерді. Қалидың шығармашылығын, азаматтық болмысын жоғары бағалайтын Әшірбек Сығай алғаш рет «Алматы ақшамына» Қапан Бадыровтың күнделіктерін ұсынды. Одан кейін Қадырдың афоризмдері, менің күнделіктерім, Сәбит досымның әңгімелері жылдар бойы жарияланып, кейін «Алматы ақшамының» кітапханасы» сериясымен кітап болып жарық көрді. Бұдан соң Т.Әсемқұловтың Асқар Сүлейменов туралы «Кемеңгер өмірінен бір үзік сыр» атты эссесі жарияланды. Сөйтіп ол басылымды қаптаған жиналыстар мен ағымдағы ақпараттар құрсауынан «құтқарып», рухани дүниемізді бүтіндеуге кірісті.
Онысы жемісті болды да. Мен оның бар кітабын оқып шықтым. «Сендерді сағынғанда», «Өнер-өмір», «Тұлға-тағдыр», «Шал мен шындық», «Шер-шындық», «Абыз-аңыз» атты кітаптары арқылы ол ұлт мәдениеті мен өнеріне зор үлес қосып келеді. Басқасын былай қойғанда тұлғалар туралы толғануға шебер. Өзі де биік, кейіпкерлері де биік, соның қыр-сырын ашып, аршып жазады. Бүгіннен гөрі өткеннің әңгімесін, өнегесін айтуға көп пейіл.
«Кейбір тұлғалар туралы жаза қалсаң ұлт мүддесі, мұраты туралы үлкен сөз қатар жүреді. Мұндайда қаламың да қиналмайды, жүрдек келеді. Ал кейбір тұлға деп жүргендер жөнінде айтуға сөз таба алмай ит боласың» дейді Қали. Бүгінде шын мәнінде қоғамда бар мәселені ол осылай талғам таразысына салып қарайды.
Қазір қоғамда тұлға бар ма? Болса қандай? Ол соның бағасын біліп, қадіріне жетіп жүрген азамат. Шыны керек бүгінде көзден де, көңілден де таса болып, назардан тыс қалған тұлғаларымыз да бар. Бұл солардың да жоқтаушысы және олар жөнінде жай ғана жазып қоймайды, жұртқа беймәлім қырын, болмысын терең ашып, зерделеп, жарқыратып жазады. Бұдан артық іс бола ма? Рухани сауап деген осы. Оның әр жыл сайын өз басылымында оқырманға арнау сөзінде «Тұлғатану үрдісі жалғаса береді, біз мерейтойға, басқаға қарамай оларға қайта-қайта оралып отыруымыз керек» дейді. Егер шын зерделеп айтатын болсақ, әлдебір зерттеушінің жазғанындай, ол «Тұлғатануды» тұңғыш рет шығармашылық, ғылыми айналымға ендіріп, тіпті бір «жанр» ретінде қалыптастырды десек артық айтқандық емес. Бүгінде тек басылым бетінде ғана емес, арнайы «Тұлғатану» сериясымен шағын кітаптар шоғырын шығара бастауы соның дәлелі.
Әу баста консерваторияның актерлік бөліміне бет түзеген ол бәрібір бұл саладан алыстаған жоқ. Ол тұста Қазақстанда бір-екі жерде ғана журналист кадрларын даярлайтын еді. Ол жолы болып 1976 жылы КазГУ-дің журналистика факультетіне оқуға түсті. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген, бұл буын да ұстазға жарыды. Атақ-даңқы дүрілдеп тұрған Т.Амандосов, З.Қабдолов, Т.Қожакеев сынды айыр көмей шешендерден дәріс алды. «Мен бұл мылтықты наган кезінен білемін ғой» демекші, ол сол наган кезінен-ақ іргелі ізденістерге кірісті. Бүгінгі тұлғаларды түгендеп жүретін қасиеті сол кезде қалыптасты. Оның университеттен кейінгі ұстаздары да мықты болды. Өзіміз жақсы білетін, пікірлес, сырлас болған ұлт қайраткерлері Ш.Мұртаза, С.Бердіқұлов, К.Смайылов, Ә.Кекілбаев, О.Бөкеев, Б.Мұқаи, Н.Оразалин сынды тұлғалардың мектебінен өтті. Ж.Бейсенбаев, Ж.Аупбаев, Н.Жүнісбаев, Қ.Жиенбаев сынды журналистердің шеберлігінен үйренді. «Жас Алашқа» келгенде Нұртөре екеуі жарасып жұмыс істеді. Жұртты жұмысын «Жас Алаштан» бастайтындай жағдайға жеткізді. Сағиым өмірден озғанда «Жас Алашқа» берілген көңіл айту менің еңсемді көтерген еді. Кейіннен сол көңіл айтуды «...Жан бөлек» атты кітабымда пайдаландым. «Жас Алаш» шын мәнінде ұлт мінберіне айналды. Басылым бетінде құр сөз, бос айқай емес, бүгінгі күннің шындығынан өзге елдің мұңын мұңдайтын, жоғын жоқтайтын, тарихты түгендейтін дерек пен дәйекке негізделген танымдық, тағылымдық дүниелер көптеп берілді.
Әлі есімде. Бірде Қалидың «Ұлылықтың бетін жуатын жан бар ма?» атты шағын мақаласы жарияланып, онда Абай ескерткішіне ит-құстың саңғып кетіп, сағал-сағал боп тұрғаны туралы ащы айтылған еді. Ертеңіне ескерткіш жалтырап шыға келді. Енді бірде Бердібек Сапарбаевпен сұхбатын «Ер екеніңді білейін, Шымкентті басқарып көрші» деп атап, елжанды, мемлекетшіл тұлғамен болған сұхбат ел назарын айрықша аударып еді.
Осы «Алматы ақшамына» басшылыққа келгенде қызметін ең алдымен басылымның қақ маңдайшасындағы сөзін өзгертуден бастап, «Мың жасаған шаһардың шамшырағы» деп жаздырды. Бұл тұста Алматының мың жылдығы туралы әңгіме әлі айтыла да қоймаған еді. Бір бөстекі басылымдарда қайта-қайта «Алматыға 150 жыл» деп жазылуы оның намысына тиіп, осындай шешімге келген. Осы сөзге байланысты басылымның бірінші бетіне жазған алғысөзінде ол «бұл сөзді бізге жаздырып отырған намыс» деп түсініктеме берді. Шынында, Ұлы Жібек жолының бойында жатқан, тарихы мыңдаған жылдарға кететін жеті кенттің бірі Алматының (Аlmaty. Алмалық. Алматы) тарихын кеңестік тарихшылардың айтуымен Верный бекінісінен бері қарай жазып келгеніміз де рас қой. Бас қаланың бас басылымының маңдайшасына әлгі сөздің қашалып жазылуы бұл шын мәніндегі ел назарын аударған оқиға еді.
Ол Алматы қалалық мәслихатының 5, 6-шы шақырылымында екі мәрте депутат болып сайланды. Осы сайлауда Сәбит екеуміз оның сенімді өкілі болдық. Сол күндерде байқағаным, Қалидың ел ішінде абыройы, беделі биік екен. Халықтың мұң-мұқтажын, өтінішін байыппен тыңдап, мәселені сабырмен шешудің жолдарын айтқанда шын зиялылықтың, мәдениеттің үлгісін танытып жүрді. Бүгінде ол журналистік қызметпен қоса осы қоғамдық жұмысын да абыроймен атқарып келеді. Оның азаматтық, елжандылық болмысын айғақтайтын мұндай мысалдарды айта берсең көп.
Кей тұста қойын дәптеріме түртіп қойып жүретін мына бір тапқыр тіркестердің өзі оның қаламгерлік келбетін ашып көрсетпей ме? Оқып көріңізші.
«Тазалық пен тартымдылықтың тәңіриясы құстан асқан әнші жоқ», «уайым жей бергеннің ұшпаққа шыққан кезі жоқ», «сұлу тағдырға, сымбатты өнерге сор жабысқыш келетіні-ай!», «теңіздің тілі – толқын», «суреткерде ауыз жоқ, жүрек сөйлейді», «қасіретті түсіне алмағаннан қасиет те күтуге болмайды», «пендешіліктен биік тұрмаған талант таусылады, шашылып қалады», «ақиқат айтылған жерде өзіңді адам сезінесің», «кеңдікті теңдік деп түсінетіндер бар», «теледидар тойхана емес», «адам театрға не үшін барады? Сірә, адам бола түсу үшін баратын шығар», «жоғарыда көр қазылып жатыр, етекте біреуді тағы да сол көрге түсіретін өсек қызып жатыр», «адамды адам жейді екен», «Аға» деген ауру бар», «дилетанттар – рухани қалдықпен өмір сүретіндер», «ақиқаттың өзі де соңғы сөз емес, процесс...», «партиялар алдымен Абайды оқысын», «дәстүр сақталмаған жерге жын-шайтан үйір», «шеберге шебер қосылса шедевр туады», «әйел болмаса үйдің пердесі де ашусыз қалады екен», «біздің қоғамда жақсылардың атын атай бермейтін бір иттік бар», «айтар сөзі, көрсетер өнегесі жоқтар өсекпен күн көріп жүр», «дүниені сұмдық көңілсіздік басқан кезде көңілденіп кететін адамдар болады», «қызып алған бір әнші «тірі даусымды сағындым» деп жылапты», «тіліңді білмесең, өмірбақи тіліңді тістеп өтесің», «бір азамат «дерттімін» деді. Ойдың дерті болса жақсы әрине», «елге барса алдымен әкесіне емес, әкімге сәлем беретіндер бар», «бір Алладан асқан сценарист жоқ», «көргенсізде көз болмайды, санасызда сөз болмайды», «бүгінгі қоғам қажетін қанағаттандырмағандар өткенді сағынады, өзге елдің жетістігі туралы айтқыш келеді», «тұлғасын танып, қадірін білген елдің таңы ағарып атады, күні қызарып батады», «қазіргі қоғамды ұстап тұрған өтірік тәрізді», «ешкімді сағынбайтын бала көрдім», «біраз нәрсені көріп келе жатырмыз, еңіреп отырып ет жегенді де көрдік», «жақсы көру сезімі дамымай қалған адамдар бар».
Кейде Қалиға осы бір ойлары үшін ризашылық білдіре қалсаң «Ой, аға жұмыс қой» дей салады. Соншалықты сөз, ой энергиясын жұмсап жазылған дүниеге «жұмыс қой» деп жайбарақат қарайды. Тиісті орындардың маңдайшасына жазып-ақ қоятын сөз ғой. Өз басым юморы бар адамды ұнатамын. Қалида сол қалжың бар. Күнделігімде жазған болуым керек, бұл Нұртөре екеуінің басы қосылса, бір шағын театр.
Қалидың қолтаңбасы қазір кемеліне келді деуге болады. Басқасын былай қойғанда соңғы уақытта бас басылым «Егемен Қазақстанда» жарияланған Мейрамбекке хаты руханият дүниесін дүр сілкіндіргенін айтсақ та жетіп жатыр. Бұл шын мәніндегі сенсация, руханият әлеміндегі бағдарлама іспетті болды. Айналып келгенде, Қалидың қатарының қаламының қуатты болуының басты себебі, қазіргі интернет иірімдерінен аман қалып, шын мәніндегі ұлттық құндылықтар қайнарынан, таза бұлақтан шөл қандыруы еді. Содан болар бұлар елдің мәдени-рухани деңгейін терең талдап, саралай алады. Бұлардың өзі де қазір бір мектеп қалыптастырып, шәкірт тәрбиелеп үлгерді. Артыңда осындай ірі інілерің барда алаңдамайсың. Өйткені олар кешегі біз көрген, бүгінде аты аңызға айналған редакторлардың тәлімін алды. Менің барлық кітаптарыма редакторлық еткен ол сол мектептің үздік өкілінің бірі екенін әркез дәлелдеп келеді. Алдында көргені бар. Бұлар сондықтан да жаман жұмыс істей алмайды. Қазір өзі адамшылықпен жұмыс істеу сирек жағдайға айналды ғой. Рухани мұратқа адал, бардың бағасын, жоқтың қадірін біледі бұл буын. Мені де осындай інілеріммен көбіне жақындастыратын туыстық сезімдер емес, рухани туыстық. Рухани жағынан жақындық тапқан адамның жұмысында да жетістік болады. Ондай адамның бойынан алдымен зиялылық, тектілік ұшқындап жүреді.
Кісінің уызға жарып өскені, тегінде бары жүріс-тұрысынан, өмір салтынан аңғарылып тұрады. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, атақты Күләш Ахметованың оған арнаған «Тереңдік пен кемелдік» деген өлеңінде:
Тектілікке бермейміз-ау әлі мән,
Тереңдікті кемелдіктен танығам.
Жақсылар мен жайсаңдардың көзі едің,
Парасаттың уызына жарыған, – деуі де тегін емес.
Тектіден текті туады деген рас. Қалидың шыққан тегі, өскен ортасы да маған жақсы мәлім. Жамбыл облысының Сарысу ауданында Сәрсенбаевтар, Тоқаевтар әулетін ел жақсы біледі. Менің пірәдар Ысқақ атаммен замандас болған атасы Сәрсенбай астындағы бәйге атын Сәкенге түсіп берген деген аңызға бергісіз әңгіме бар. Бір заманда атаман Аненковтың азап вагонынан қашып шыққан Сәкен Бетпақдаланы, Қаратаудың теріскейін паналаған ғой. Атақты «Тау ішінде» әні сол күндерде туған көрінеді. Әлгіндегі аңызға бергісіз әңгіме де сол тұста сәтімен болған болуы керек. Сәкеннің өмір жолының сол бір қиын шақтары туралы әңгіме көп. Ол жөнінде осы «Ақшамда» жазушы Жеңіс Шыныбеков те жақсы жазды. Сәрсенбайдың әкесі Жұмағұл қажыға барған адам. Үлкен әкелерінің бірі Елемес Тоқаевты ел құрмет тұтты. Әкесі Қошқар мен шешесі Тұрғын ұзақ жылдар ұстаздық етті. Қошекеңмен тете Алдаберген ағамыз өзімізге сабақ беріп, Сарысу өңіріне білім, мәдениет әкелген алғашқы аға буын өкілдерінің бірі. Бұл бір зиялы, бекзат кісі, жүріс-тұрысында, мінез-құлқында, сөз сөйлеу мәнерінде тектілік тұнып тұратын. Көлгірсіп көп сөйлемейтін, өтірік айтпайтын. Мен Қалиды осы кісіге көп ұқсатамын. Бұл кісі Байқадам мектебінде директор болды. Атақты Герольд Бельгерді алғаш жұмысқа алған да осы кісі. Аудандық оқу бөлімін басқарды, Талас аудандық партия комитетінің ұзақ жылдар хатшысы болды. Жамбыл облыстық мәдениет басқармасына басшылық етті. Алдекеңнің қарындасы Рәбиғамен бірге оқыдық. Бүгінде елде осы әулеттің үлкені, балаларға бас-көз болып отыр.
«Сенің жазуыңда культура бар».
Әбең бәріміздің көкейіміздегі ойды бірауыз сөзге қалай сыйдырған?! Сөздің киесі, қасиеті деген болады. Халқымыз сөзді биік ұстаған, өнер деңгейіне көтерген. Бүгінде сөз бостандығы дегенді желеу етіп зілді сөйлеу, көкбеттеніп жазу да бәзбір жазармандардан байқалмай қалмайды. Бұрынғының тілшілері қандай еді, сөздің дәмін алып жазатын еді ғой. Олардың сөз қолданысында кешегі билердің шешендік мектебінің үлгісі, болмысы, сөз саптауы көп кездесетін. Менің бір қуанатыным осы буынның бойында сол қасиет бар. Жалпы, бұл буынның жазуында культура бар. Сол қасиет кейінгілерге жұғысты болса деймін.
Асанәлі ӘШІМҰЛЫ,
Қазақстанның Еңбек Ері