04 Ақпан, 2012

Жүздеген жүректі емдеген қыз жүрегі неге жылайды?

1552 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Жүздеген жүректі емдеген қыз жүрегі неге жылайды?

Сенбі, 4 ақпан 2012 7:12

…Қыз жылады. Қай қыз жыламайды дейсіз бе? Дұрыс, кез келген қыз қуаныштан немесе уайымнан, сағыныштан жылайды. Бірақ, бұл қыздың жылауы тегін емес еді. Ол намыстан жылады. Отыз алтыға толып, отыз жетіге аяқ басқан күні, дәл туған күнінде оны жұмыстан шығарды. Негізсіз. Заңсыз. Әлемнің талай елдерінде болған, заңды да, өз мамандығын да жақсы білетін қыз дәл осындай әділетсіздік көре­мін деп ойламаған еді.

Сенбі, 4 ақпан 2012 7:12

…Қыз жылады. Қай қыз жыламайды дейсіз бе? Дұрыс, кез келген қыз қуаныштан немесе уайымнан, сағыныштан жылайды. Бірақ, бұл қыздың жылауы тегін емес еді. Ол намыстан жылады. Отыз алтыға толып, отыз жетіге аяқ басқан күні, дәл туған күнінде оны жұмыстан шығарды. Негізсіз. Заңсыз. Әлемнің талай елдерінде болған, заңды да, өз мамандығын да жақсы білетін қыз дәл осындай әділетсіздік көре­мін деп ойламаған еді.

Қыздың аты-жөні Гүлзия Есенгел­ді­қызы Тойева. Мамандығы дәрігер. Дәрігер бол­ғанда кардиолог, яғни жүрек дәрігері. Гүл­зия қыз Кентау деген қалада өсіп, мектепті жақсы бітіріп, өтпелі кезеңдегі қиындық­тарға тұс келгендіктен жоғары оқу орнына бара алмай, жақсы білім береді деп сол кездегі Целиноград облысының Атбасар қаласындағы медицина училище­сіне оқуға түсіп, оны сол кез тілімен айтсақ, «қызыл дипломмен» бітірген. Оқу­ды бітіре сала Кентауда біраз уақыт медбике болған қыз Түркістандағы ХҚТУ-дің шығыс медицинасы факультетіне оқуға түседі. Жеті жылдан соң оны да өте жақсы бітіреді.
Таза еңбегімен жүрген, мамандығын жанындай сүйетін, ең бас­тысы адамдарды жылы сөзбен емдеу деген қа­сиет бойында бар бұл қыз облыс­тық кар­диологиялық орталықтың бас дәрі­геріне неге жақпай қалғаны түсініксіз. Бұрынғы бас дәрігер, осы орталықты ашу үшін бүкіл өмірін арнаған, үйін ұмытып, күндіз-түні осында жүретін Сәуле Райым­бекқызы да талапшыл басшы болатын. Сол кісіге жаққан бұл қыз жаңа басшы келгелі неге қағажу көрді? Бұл жерде бір «гәп» бар ма? Гәп неде екенін жүрегіміз сезеді. Оны құ­зырлы органдар анықтай жатар. Біздің айтпағымыз мынау:
Гүлзия Тойева осы орталықта еңбек ет­келі бері, яғни он жыл ішінде халықара­лық, отандық сертификаттардың 15-ін алып­ты. Мақтау қағаз, Алғыс хаттар жетіп артылады. Тіпті, осы биылдың өзінде осы кардиологиялық орталықтың бас дәрігері С.Бекжігітовтің өзінің, облыстық денсау­лық сақтау департаментінің бастығы Қ.Исмаиловтың да, кәсіподақтың да мақтау қағаздарын алыпты.
Гүлзия Тойева осы орталықта кардиохирургия ашылған соң Израильде, Польшада, Мәскеуде, Новосібірде білімін же­­­тіл­­дір­ген бірден бір перфузиолог дәрігер. Айлы­ғынан басқа түгі жоқ, ол айлығының өзін ипотекаға алған үйіне төлейтін, анасы жоқ, әкесінің зейнетақысын ұқыптап жұм­сай­тын, бауырларына бас болып отырған мына қыз қандай қаржыға оқып жүр деп те ойлауымыз мүмкін.
2007-2009 жылдары Денсаулық сақ­тау министрлігі тұрғындарға кардиоло­гиялық және кардиохирургиялық көмекті дамыту бағдарламасы аясында мамандарды шетелдерде оқытуға байқау жариялаған. Сол үлкен байқаудан өткен Гүлзия қыз Израильге жолдама алып, сонда жеті ай оқып келген. Министрлік оқу, сонда тұру, тамақ­танудың барлық шығынын мойнына алып қана қоймай, күніне 50 доллар қаржы да бөлген. Яғни, министрлік еліміздегі кар­дио­орталықтарда қызмет ететін заманауи мамандар үшін қыруар қаржы бөліп, олар­ға қамқорлық жасаған. Республика­мыздың бірнеше облыстарында мұндай мамандар елге қызмет етуде.
Келесі жылы облыстық денсаулық сақ­тау департаменті Г.Тойеваны Польшаға оқуға жіберді. Әрине, мемлекет қаража­тымен. Польшада екі ай білімін көтерген Тойева Алматыдағы Сызганов атындағы ғылыми-зерттеу институтында екі ай тәжі­рибеден өтті.
Былтырғы жылы күзде оңтүстікке Елбасы келгенде кардиоорталықты аралады. Монитор арқылы жүрекке жасалып жатқан операцияны көрді. Ел денсаулығына өте қатты алаңдайтын, сондықтан да осы са­лаға қаржыны қомақты бөлдіріп отырған Елбасы мұндағы жұмысқа көңілі толды. Президент алдында жүрекке күрделі операция жасаған дәрігерлер арасында шекесі шып-шып терлеген Гүлзия қыз да бар еді.
Тойева дара маман дедік. Ол қандай маман? Ол перфузиолог дәрігер. Перфузиолог дегеніміз жасанды қан айналдыруды іске асыратын дәрігер. Яғни, жүрекке ота жасау кезінде жасанды жүрек, жасанды өкпе қызметін атқаратын аппаратпен жұ­мыс істейтін дәрігер. Ота жасау кезінде жүрек пен өкпе жұмысын тоқтатып, жасанды қан айналдыратын аппаратқа көші­­реді. Ота біткенше жасанды жүрек, өкпе қызметін атқаратын ақылды аппаратпен жұмыс істеп Гүлзия дәрігер отырады. Нау­қас жаны, тағ­дыры осы дәрігер қолында. Бұл орталықта, облыста мұндай маман болмаған. Тойева облыстағы жалғыз маман. Ендеше, осы маманды неге сақтап қалма­ған? Неге жұмыс­тан босатады? Себебі не?
– Мені жұмыстан босату «дайындығы» өткен жылы екі-үш ай жүргізілді. Алдымен әлдебір қағазға қол қоюымды талап етті. Мен ондай заңсыз құжатқа қол қоймай­тынымды айттым. Содан соң менің орныма қызмет істейтін адамдарды үйретуді талап етті. Үйреттім. Үйрету мен оқып келу, маман­данудың арасында қанша айырма барын білесіз. Он жыл бойы бір рет те демалыс алмай, демалу орнына білімімді көтер­ген менің орныма үш адам алды. Кімдер екенін айтпай-ақ қояйын. Әріптестерім ғой, бала-шағасын асырасын. Осыдан соң бір комиссия шығып, құжаттарды тексеріпті. Тексеру кезінде жетпейтін құрылғылар, есептен шығарылуға тиіс медициналық аппараттар, қосып жазылған оксигенаторлар жайлы анықтама толтырыпты. Ол тексеру комис­­сия­сының жұмысынан хабардар емеспін. Сонымен әлгі анықтаманы әкеліп, түсі­ніктеме жазуымды талап етті. Мен қаржы жағына жауапты емес екенімді, тек дәрігер екенімді айтып, түсі­ніктеме жазудан бас тарттым. Осыдан соң менің жұмыстан кетуімді талап етті. Мен жұмыстан кету туралы арыз жазудан бас тарттым. Мені түстен кейін жиналысқа шақырды. Заңгермен және қорғаушымен ақылдастым. Олар бұл әрекеттің заңсыз еке­нін айтты. Таңертең жұмысыма келдім. Мені жұмыстан босатты. Бұйрыққа қол қоюымды талап етті. Мен «бұйрықпен таныстым. Бірақ бұл заңсыз бұйрыққа келіс­пеймін» деп жазып, қол қойдым, – дейді Г.Тойева.
Бұл қандай бұйрық еді? №145-ж бұйрық Тойеваны еңбек шартының талаптарын дө­рекі бұзғаны, бас дәрігердің шақырғанына келмегені, бас дәрігердің бұйрығын орында­мағаны үшін ҚР Еңбек кодексінің 61-бабы­ның 1-тармағы негізінде еңбек шарты бұзы­лып, жұмыстан босатылсын деп шығарыл­ған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің облыстағы бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің бас мем­лекеттік еңбек инспекторы Б.Есқараев мекемеге барып, тексеру жүргізіп, Тойева­ның қолына мынадай қорытынды берген:
«Аталған №145-ж бұйрық заңға қайшы қабылданған. Өйткені, ҚР Еңбек кодексінің 61-бабының 1-тармағындағы тармақшалары нақтыланбаған және бұл баптың 1-тармағы­ның 1, 2, 3, 4 тармақшаларында еңбек шар­ты­ның талаптарын дөрекі бұзғаны, жұмыс берушінің шақырғанына ашықтан ашық бармаймын деп бұйрықты орындамағаны үшін еңбек шартын тоқтату қаралмаған».
Біз де қызығушылықпен ҚР Еңбек Ко­дексінің 61-бабы, 1-тармағымен таныстық. 61-баптың 1-тармағында «медициналық қоры­тынды негізінде қызметкердің ден­саулық жағдайына қайшы келетін жұмысты атқаруға еңбек шарты жасалған жағдайда..» деген жолдарды оқыдық. Екінші тармақ сотталған адаммен еңбек шарты жасалса дегенді мегзеп тұр.
Құдай сақтасын, дәрігер қыздың дені сап-сау, жүйкесі жайында, ешқандай емханада есепте тұрмайды. Қылмыс жасамаған, сот­талмаған. Сонда бас дәрігер болып, бас­қалар болып, жабыла жазған бұл бұйрық қандай бұйрық? Ауру, сотталған адам болса Тойева он жылдан бері орталықта неге жүр? Ден­сау­лық сақтау министрлігі Израильге оқуға мұндай дәрігерді қалай жіберген? Облыстық денсаулық сақтау департаменті осындай «міні» бар адамды Польшаға, Мәскеу, Новосібірге оқуға қалай жіберген? Тиісті медициналық тексерулерден білдір­мей өтіп кететіндей Тойева «көрінбейтін адам» ба?
Облыстық денсаулық сақтау департа­менті басшысының кадр жөніндегі орынбасары «мына бұйрығыңыз не?» деген соң бас дәрігер екінші бұйрық шығарады. Шыға­рады да, ол бұйрықты бес күннен соң пошта арқылы Тойеваға жібереді. Енді бұл бұй­рықты заңды, сауатты жазған болар дейсіз ғой.
Мемлекеттік инспектордың тексеру қорытындысына тағы да көз жіберейік.
«Тойева ханым! Бас дәрігер Еңбек Ко­дек­сінің 61-бабының 1-тармағымен берген бұй­рық­ты өзгертіп, сізге екінші рет №146 бұйрық шығарған. Ол бұйрық бойынша сізді Еңбек кодексінің 54-бабы 1-тармағы 13-тармақшасымен жұмыстан босатқан. Бұл бұйрықты 20.10.2011 жылы шығарған. Тәр­тіп­­тік жазаны қолданғанға дейін сізден жазбаша түсініктеме талап етпеген, бұйрықпен таныстырмаған. №146 бұйрықтың негізі көрсетілмеген және де ҚР Еңбек кодексінің 4 тармағының талабын бұза отырып, бұй­рықты 5 күннен кейін, яғни 25.10.2011 жылы пошта арқылы сіздің мекен-жайыңызға жолдаған. ҚР Еңбек кодексінің 11 бабының 3 тармағында «жұмыс берушінің ҚР еңбек заңдарымен сақталмай шығарылған актілер жарамсыз болып танылады» делінген.
Біз тексеру қорытындысы бойынша жа­зылған акті мен жоғарыда көрсетілген бұйрықтарды 14.11.2011 ж.-ға дейін заңға сәйкестендіру туралы мемлекеттік еңбек инспекторының нұсқамасын орталыққа жібергенбіз.
Облыстық кардиологиялық орталық нұс­қамамен танысқанын, нұсқамада көрсетіл­ген кемшіліктердің бір қатарын түзегенде­рін, заңға қайшы бұйрықтарын заңға сәй­­кес­тендіру туралы өз уәждерін алға тартқан хабарлама келіп түсті.
Облыстық кардиологиялық орталықтың сізді қайта жұмысқа алу мәселесін азамат­тық жолмен сот арқылы шешуді ұсынамын. ОҚО бойынша бас мемлекеттік инспектор Б.Есқараев» деп қол қойылған.
Енді осы орталықта он жыл қызмет атқарғанда тек қана алғыс алып жүрген, он жыл ішінде өз білімін жетілдіру жөнінен 15 сертификаты бар қыздың алған тәртіптік жазаларына келейік. Тойеваға бас дәрігер С.Бекжігітов «ескертуді» 22.06.2011 жылы берген. Себебі не? Шымкенттік бір мықты операция жасайтын блокка кіріп кетеді. Онда медицина қызметкерінен басқа адамның кіруіне қатаң тыйым салынған. Осы блокта еркін жүрген адамға Тойева бір­неше рет онда кіруге болмайтынын ескер­теді. Мықты тыңдамайды. Тыңдамаға­нымен қоймай, Тойе­ваның үстінен шағым жасайды. Қара­ңызшы, осы операциялық блокта жасалып жатқан операцияны Елбасымыздың өзі де монитор арқылы көріп тұрды ғой. Елбасы да заңға бағынды. Сонда анау мықты кім, ол қалай рұхсат етілмеген блокка өтіп кетті, оны төменнен кім өткізді – мұның бәрі зерттелмейді.
Мемлекеттік бас инспектор «Сізге №74 бұйрықпен «ескерту» тәртіптік жазасы қол­да­нылған. Жұмыс беруші жазалау туралы бұйрығында заңға сілтеме жасалған негіз­деме жоқ және ҚР Еңбек кодексінің 73-бабының 3-тармағында көрсетілгендей жа­сал­­ған тәр­тіптік теріс қылықтың мазмұнын, оны жасау­­­дың мән-жайларын ескермеген» дейді. Яғни, «ескерту» шарасы да заңсыз берілген.
2011 жылы 19 қазанда, яғни Тойева жұ­мыс­­­тан босатылатыннан бір күн бұрын бас дәрігер №90 бұйрықпен бекіткен комиссия актісіне сай Тойеваға №119-ө бұйрықпен «қатаң сөгіс» жариялаған. Бұйрықта өз қызметтік міндетіне салғырт қарағаны, жұ­мыс барысында дөрекі қателіктер жібергені, өз ісіне немқұрайды қарағаны үшін ҚР Еңбек кодексінің 54-бабының 13-тармағына сәйкес қатаң сөгіс жариялансын деп жазылған.
Бұл бұйрықтың заңды, заңсыз екенін тексерген мемлекеттік инспектор «бұйрық­тың негізі заңға дұрыс сілтеме жасалмаған, лауазымды нұсқаудың қай тармағын бұз­­ғаны көрсетілмеген. ҚР Еңбек кодексінің 74-бабы­ның 1-тармағында көрсетілген талапты бұза отырып, анықтамада көрсетілген теріс қы­лық бойынша 57 күннен кейін жұмыс беруші №119-ө бұйрықпен тәртіптік шара көрген» деп жазып отыр. 57 күннен кейін қызды жазалау кімге, неге, не үшін керек болды екен?
Бас дәрігер бас болып, орынбасары бар оннан астам қызметкер жүргізген қызметтік тексеру хаттамасы түзілген күні қойылма­ғаны, жиналыстың қай күні өткені белгісіз екені, сондай-ақ тексеру қорытындысын талқылау туралы жиналыс болатындығы жө­нінде Тойеваға жазбаша ескертілмегені туралы да мемлекеттік инспектор жазып отыр.
Енді осының бәрін қорытындыласақ, Тойеваны жұмыстан босату туралы бір күнде шығарылған қос бұйрық та заңсыз, негізсіз болып отыр. Берілген тәртіптік шара да заңсыз. Моральдық және жауапкер­шілік жағын ойласақ, Тойева алғашқы «ес­кертуді» кардиоорталықтағы тәртіпті сақтау үшін, операциялық блокта жатқан аурулардың қауіпсіздігі, ішкі тәртіп үшін алып отыр. «Қатаң сөгісті» де негізсіз ал­ғанын мемле­кеттік инспектор тайға таңба басқандай анықтап, жазып берді.
Осы мақаланы дайындап жатқанда екі жақты тыңдауға, зерттеуге тиіс болғандық­тан да бас дәрігерге бардым.
– Сізден бір-ақ нәрсе сұраймын. Заңге­ріңіз сауатты адам ба? – дедім.
Облыстық кардиоорталықтың бас дәрі­гері Бекжігітов мырза: «Иә, өте тәжірибелі маман», деді.
– Онда неге бір күнде қос бұйрық жазады? Қос бұйрық та заңсыз екенін мем­лекеттік инспектор дәлелдеп берді емес пе? Тіпті заңгеріңіз түгілі жәй адамның өзі заңның бабын оқып, танысып, содан кейін қолданады ғой. Адам тағдырын неге ойла­­мағансыздар? – дедім.
Бас дәрігер: «Ол шақырғанға келмеді. Бағынбады», деген әңгімесін қайталады.
Біз мақаланы дайындамас бұрын об­лыс­­­­тық денсаулық сақтау департамен­тінің бастығы Ж.Исмаиловқа да бардық.
– Осылай да осылай. Заңсыздық белең алып тұр. Облыстағы жалғыз перфузиолог маман, маман болғанда Үкімет, облыстық ден­­саулық сақтау департаменті қаржы бөліп оқытқан маман, шетелдерде білімін жетілдірген, Елбасы келгенде жүрекке операция жасауға қатысқан, осы кардио­орталықта еңбек еткен он жылда он жеті сертификат, сансыз алғыс хаттар алған қыз неге жұмыстан қуылады? – дедік.
Ж.Исмаилов бізбен жалғыз өзі сөйлес­педі. Әлдебір маманын шақырды. Одан соң қабылдау бөлмесінде отырған Г.Тойеваны да шақырды. Алдымен өзіне бас дәрігер емес, маман аса қажет екенін айтты. Бас дәрігер болуға таласатындар мен талпына­тындардың түйіндемесі толып жатқанын да жасырмады. Біраздан соң Г.Тойеваға шүй­лікті. «Баспасөзге бармастан бұрын өзіме келмейсіз бе? Бопсалағыңыз келе ме?» деді. Қыздың тізесі дір-дір етті.
– Оныңыз не, көзімізді бақырайтып қойып? Сізге газетке жазамын деп келген жоқпын ғой. Қорқыту, бопсалау жасадық па? Мына маманды сақтап қалуға көмек­тесіңіз деп тұрмын ғой. Бұл қыз менің ешкімім емес. Жұмыстан басқаны білмей­тін, басына мұндай іс, әділетсіздік түспе­­ген қорғансыз қыз, – дедім.
Облыстың бас дәрігері өзінің кадр жөніндегі орынбасарын шақырды да:
– Тез шара көріңіздер. Мәселені шеші­ңіздер, – деп тапсырма берді.
Облыстық әкімдіктен де бас дәрігерге «Сіз қандай адамды заңсыз босатып отырсыз? Мұныңыз заңсыз», деген әңгіме айтылып, қоңырау соғылды.
Бас дәрігер ешкімді тыңдамады. Әді­­­­лет­­­­­сіз­­діктің неше атасын көрген осы жолдар авторы да дәрігер қызға «шыдай тұр, айналайын, ойланар бәлкім» деп айтқым келмейтін бос ақыл айттым.
Нәтиже шықпады. Облыстың бас дәрі­ге­рінің де өз бағыныштысына шамасы келмеді-ау деп ойлаймын.
– Заңға жүгін, қарағым, – дедім, жұ­­­мыс­­­­­сыз екі ай сарсаңға түскен дәрігер қызға. Оның ипотекаға алған үйінің қары­зын тө­лей алмай қиналғанын көзім көрді.
Ол қыз енді сотқа жүгінді. Істің қара­луына жаңа жылдың келіп қалуы да әсер етті-ау деймін. Одан соң сайлау келді. Істі қарау кешеуілдей берді. Сайлауда бас дә­­­рігер де бағын сынап көрді. Депутат болды. Сайлау өткен соң барып қыздың ісі қаралды. Кардио­орталықтың заңгерінің құжаттарды толық әкелмеу салдарынан іс кейінге қалдырылды.
Кеше Тойеваны тағы да көрдім. Мен оны бұл жолы жұбата алмадым. Қорғансыз қызды жылатып қойып, «Мен халық қа­лаулысымын» деп Бекжі­гітов қа­­­лай айтар екен? «Баспасөзге неге бардың? Қорқыт­қың келе ме?» деп, қызға әлі келген облыс­тың бас дәрігері Ж.Ис­маиловтың «маған маман керек» дегені де бекер болғаны ма? Әлде Бекжігітовке «шамасы» келмеді ме екен? «Мәселені өздері шешер жігіттер» деп төрт ай күткен мақа­ланы қыздың көз жасын көрген соң, қызының қолына қарап отырған зейнеткер шалдың шарасыз, мұңды кейпін көріп, жаным ауырған соң қағазға түсірдім. Заң бойынша еңбек даулары тез қаралуға тиіс. Мына Тойеваға келгенде заң да «табандап» қалды. Мықты болсаңыз мына нарық заманында төрт ай жұмыссыз өмір сүріп көрі­ңізші. Ас-ауқат табу өз алдына, ипотекаға алған үйіңіздің ақысы тағы бар. Бас­­қалар күтсе де, банк сізді күтпейді.
…Біздің қазақта қызды жылатпаушы еді. Қызды налындырмаушы еді.
Налыған қыздың соңғы үміті сотта енді…
Анар АСПАН.
Оңтүстік Қазақстан облысы.