Аймақтар • 03 Сәуір, 2019

Қостанай облысында 27 мектеп балалардың тамақтану ережесін бұзған

587 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Nur Otan» партиясы Қостанай облыстық филиалының бастамасымен өңірдегі орта білім беру ошақтарында қоғамдық мониторинг жүргізілді. 2018 жылдан бастап партия филиалы мектеп асханаларының бірқатар өзекті мәселелерін шешу және ата-аналар комитетінің, асханаларды жалға алушылардың, мектеп әкімшілігі мен білім басқармасы өкілдерінің іс-әрекетін үйлестіру үшін «Мектеп асханалары» жобасын дайындаған еді.

Қостанай облысында  27 мектеп балалардың тамақтану ережесін бұзған

 Оған ата-аналар қоғамдастығының әлеуметтік желілерде жазған балаларды тамақтандырудың сапасына көңілі толмаушылығына байланысты пікірлері себеп болды. Осыған орай арнайы облыстық және аумақтық филиалдарда ведомствоаралық комиссиялар құрылып, қоғамдық бақылау шаралары қолға алынды.

Жыл басынан бері  21 топ  облысымыздың  аудан мен қалаларындағы мектептердің асханаларының ас мәзірімен танысып шықты.

«Қостанай облысында 163 мектеп болса, соның 27-сінде ереже бұзушылық  анықталды. Негізгі төрт бөлікті қамтып отыр. Олар: азық – түлік құрамы, санитарлық талаптарды сақтау, материалды- техникалық қамтамасыз ету мен ақпаратқа қолжетімділік. Кейбір білім ошақтарында азық-түліктер бағалары сапасы сәл төмендеу құрамдас бөліктерге ауыстырылған. Асханалардағы мектеп әкімшілігінің кезекшілік кестесі, сапасыз ыдыс-аяқ пен ескі құрылғылар да қаперге алынды.Ақпаратқа қатысты, кейбір асханаларда ақпараттық стендер болмады. Ал балғындар болса, дұрыс тамақтану туралы бар ақпарды білуге тиіс» дейді  «Nur Otan» партиясы ҚОФ кеңесшісі Жанар Күйшінова.

Барлық кемшіліктерге қатысты ауызша ескерту жасалды. Келесі қоғамдық мониторингке дейін олқылықтардың орны толтырылмаса, тиісті білім бөлімдеріне ақпарат жолданатын болады.

Биылғы жылдан бастап бірқатар білім мекемелері «электронды ас мәзірін» енгізген. Мектеп оқушысы интернеттің көмегімен арнайы жүйеге кіріп, аптасына бір рет ас мәзірінен өзіне ұнайтын тамақты тандай алады.  Айта кету керек, тиісті ас мәзірі арнайы талаптардан құралады.  Санитарлық ережелер, азық-түліктің сапасы басты назарда болады.

Электронды ас мәзірі – мектеп оқушыларының тамақтануын цифрландырудың алғашқы сатысы. Партиялықтар алдағы уақытта қоғамдық бақылау аясында  бизнес-қауымдастықпен тығыз қарым қатынаста жұмыс істемек ниетте. Мектеп асханаларын жалға алып жүрген кәсіпкерлер арнайы ас мәзірін әзірлейтін болады.


Қостанай