23 Ақпан, 2012

Құтыла салып тұтылды

324 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Құтыла салып тұтылды

Бейсенбі, 23 ақпан 2012 8:10

Апталап созылған аязды күн­дердің бірінде қызық болды. Қы­зық емес, шыжық болды дегеніміз жөн шығар. Өйткені, ұры-қары­ңыз екі кештің аралығындағы апақ-сапақ уақытта қасыңда, қол­ты­ғыңда келе жатқан бәйбішең­із­дің қол сөмкесін ала қашып, жет­кізбей кетсе, солай демегенде не дерсің!

Ол өзі қысқартып айтсақ, былай болды. Яғни, сол күні қақап тұрған аязға қарамастан Абай ат­ындағы драма театрына барған­быз. Онда арқалы ақын Ұлықбек Есдәулетов және атақты сазгер-күйші Секен Тұрысбековпен кездесу өткелі жатса, онсыз да суық үйде қайтіп қамалып отырарсың!

 

Бейсенбі, 23 ақпан 2012 8:10

Апталап созылған аязды күн­дердің бірінде қызық болды. Қы­зық емес, шыжық болды дегеніміз жөн шығар. Өйткені, ұры-қары­ңыз екі кештің аралығындағы апақ-сапақ уақытта қасыңда, қол­ты­ғыңда келе жатқан бәйбішең­із­дің қол сөмкесін ала қашып, жет­кізбей кетсе, солай демегенде не дерсің!

Ол өзі қысқартып айтсақ, былай болды. Яғни, сол күні қақап тұрған аязға қарамастан Абай ат­ындағы драма театрына барған­быз. Онда арқалы ақын Ұлықбек Есдәулетов және атақты сазгер-күйші Секен Тұрысбековпен кездесу өткелі жатса, онсыз да суық үйде қайтіп қамалып отырарсың!

Сөйтіп, қас таланттармен өт­кен жылы жүзді жүздесуден соң жанымыз жадырап, бойымыз жылынып қалғандай болған. Сол жақсы әсермен тайғанақтай басып, үйдің бұрышына іліккеніміз сол еді, соңымыздан гүрс еткен бір дыбыс естілді. Мен болсам бастапқыда бәйбішем тайғанақтап құлап қалды ма деп ойлағанмын. Бірақ іле-шала оның «сөмкені алып кетті» деген даусын естіп, тұра ұмтылдым. Бірақ кейін ан­ықталғанындай жиырманың үс­тін­дегі жас жігіт гүрс етіп тай­ға­нақтап құлап түскенмен, атып тұ­рып зымырап бергенде пайғамбар жасына тақап қалған бізге қайдан жеткізсін! Ал сағат тілі кешкі жетіге әлі жетпегенмен, аязды күні көшеде жан баласы жоқ еді.

Артынан, ес жинаған соң «кә­дімгі Сәбит Мұқановтың» соңын­да қалған бір күлкілі әңгімесі есімізге оралып, ал күлейік. Бірде түн іш­ін­де дейді Сәбең, академик Мұха­мет­жан Қаратаев екеуміз қонақтан шығып, үйге қайтып келе жат­қан­быз. Бір уақытта әл­де­кім Мұхамет­жанның басындағы ондатра құлақ­шынын ала қашсын. Мен де жүй­рікпін ғой, әлгінің соңынан қалмай келемін. Бірақ Мұ­хаметжан менен де жүйрік екен, ұрыңызға тақап-ақ қалды. «Иә, содан ұрыны ұстап алған шығар» дейді ғой Сәбеңнің жел­діртіп айтқан әңгімесін ынта қоя тыңдап отырғандар. Сөйтсе Сәбең «ұрыңыз Мұхаметжаннан да жүй­рік екен, жеткізбей кетті» дейтін көрінеді.

Боранды күні ит пен бала құтырады демекші, аязды күні бізді ұрыңыз осылайша қатырып кетті. Ол қағып кеткен сөмкеде ұялы телефон мен үйдің кілті, ең бастысы жолдасымның жеке ба­сы­ның куәлігі бар еді. Ақша сал­ған әмиянын соған дейін дүкен­нен шыққанда қалтасына сала салған ғой. Бірақ, қалай десеңіз де тападай тал түсте дерлік шақта тоналғаныңызға қапа болады екен­сіз. «Өзімнен де жүйрік» ұрыға же­те алмай, тоналған жерімізге қай­тып келсем, дәл сол тұста бір ұялы телефон жатыр екен. Мен оны сөмкеден түсіп қалған өз дүниеміз бе десем, олай болмай шықты.

Демек, бұл әлгі сабаздікі болуы мүмкін ғой деген оймен үйге келісімен орталық полиция бө­ліміне телефон шалдым. Осы арада айтайын дегенім сол, полиция қызметкерлері айналасы бес-алты минуттың ішінде пәтерімізге же­тіп келді. Сонсоң Руслан Рымбеков, Біржан Құдажанов деген полиция лейтенанттары мені мәши­неге отырғызып алып, бірден із кесуге шықты. Шыны керек, бұ­лар­дың жедел іс-қимылына ішім жылып қалды. Олар айналасы бір сағаттың ішінде оншақты күдік­тіні тергеп үлгерді. Бірақ «өз ұры­мызды» тап басып танымаған соң, басқаның обалына қалып неміз бар. Осы орайда, сөмкеміз табылмай кеткен күннің өзінде тәртіп сақшыларына риза едік. Уақыт­пен санаспай, күні-түні дерлік жұмыстан табылатын оларды да кейде орынсыз жазғырып жататынымыз рас қой.

Сол күні болмағанмен, ұры­мыз араға күн салып қолға түсті. Әлгі түсіп қалған ұялы телефон соныкі болып шықты. Расында со­ныкі емес, оның жолдасынікі екен. Осы екі аралықта ұрымыз біздің ұялы телефонды өтем ре­тінде жолдасына беріп үлгеріпті. Соның бәрін тергеуші, полиция­ның аға лейтенанты Нұржан Ба­шығұлов індетіп отырып, тез-ақ анықтады. Іле шала бізді ұрымен де беттес­тірді. Жасы жиырмадан енді ғана асқан жас жігіт балалар үйінің түлегі екен. Оның осының алдында ғана тағы бір әйелдің қол сөм­кесін қағып кеткені де анық­талды.

Тергеуші мұның ісі енді сотқа жіберіледі дегенде, біз абыржып қалдық. Жетім баланы соттатып неміз бар, біз кешірдік деп жатырмыз өзімізше. Артынан ана әйел де бізді қостап жатты. Ал тер­геуші болса, оны мен емес, сот шешеді деді.

Енді сотты күтпеске амал жоқ. Осындайда еріксіз ойға қалады екенсіз. Жақсы, ұры құтыла салып, тұтылды. Бірақ, солай екен деп қуанудың жөні қайсы? Әр нә­р­сенің себебімен ғана емес, салдарымен күрескеніміз дұрыс болар. Яғни, жетім балар үйінің түлегі басында баспанасы, айналысатын жұмысы болса, мұндайға барар ма еді? Ол бізден кешірім өтінгенде жүре­­гі­мізге біреу ине сұғып ал­ғандай болғаны да рас. Мүмкін керісінше қатыгезденіп бара жат­қан қоғам осындай жетімдерден кешірім өті­ніп жатса, кәнеки! Әйт­песе, себеп­тің салдарына үң­іл­мей, қылмыс­керді тек жаза­лауға ғана ұмтылсақ, бұдан қо­ғамда тәртіп орнығады дегенге өз басым сенбеймін!

Солай солай. Бірақ, қалай десек те орталық полиция бөлімінің бастығы Әлібек Бағдатов мырза былтырғы жылы оның алдындағы жылмен салыстырғанда қылмыс­ты ашу біршама ілгерілегенін айт­қанда, ол да дұрыс екен дестік.

Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ,

Семей.