Кеңесте облыс басшысы Қырымбек Көшербаев жаппай кәсіпкерлікті дамыту негізінен үш мәселені шешетіндігіне тоқталды. Біріншіден, жаңа кәсіпкерлер арқылы салық базасы ұлғаяды. Екіншіден, жаңа жұмыс орындары құрылады. Үшіншіден, халықтың қалтасы тоғайып, қоғамдық-саяси ахуал жақсарады.
– Біз өткен жылы жалпы бюджеті 32 млрд теңге болатын арнайы Жол картасын әзірледік. Бұл қаражаттың 3 млрд теңгеден астам бөлігін «Стартап» жобаларына бағыттадық. Ал биыл әртүрлі қаржы көздерінен 34 млрд теңге қарастырдық. Сонымен бірге қайтарымсыз гранттар, шағын несиелер мен несиелер берудің жолдарын, типтік бизнес жоспарларды әзірлеп, жобаларды қолдау үшін әрбір ауылдық округке облыстық деңгейдегі жауапты лауазымды тұлғаларды бекіттік, – деді аймақ басшысы. – Осындай жұмыстардың нәтижесінде жақсы көрсеткіштерге қол жеткізілді.
Сөз ыңғайында еске салсақ, 2018 жылдың басында аймақтағы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 37 450 бірлікті құраса, бүгінде 42 342-ге жетті. Яғни, бір жыл ішінде облыстағы жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес нысандары 4 892-ге ұлғайып, өткен жылмен салыстырғанда анағұрлым өскен.
Облыс әкімдігінің жұмыссыздар мен өзін өзі жұмыспен қамтығандардың арқасында 90 мыңнан астам адам шағын және орта бизнестен орын тауыпты. Ағымдағы жыл тағы да жағымды жаңалықтармен басталатындығы облыстық мәслихаттың сессиясында анықталған. Былтыр несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау үшін 750 млн теңге қаралса, биыл қосымша 150 млн теңге, оған қоса несиені ішінара кепілдендіруге 100 млн теңге бөлінеді.
Микро және шағын бизнес жобаларды қаржыландыру мақсатында биыл Өңірлік инвестициялық орталыққа 1 млрд теңге қаржы бөлінгенін де айта кетейік. Бұдан басқа «Даму» қорынан шағын және орта бизнесті қаржыландыру үшін 800 млн теңге тартылмақ. Өңірлік инвестициялық орталық арқылы несие 10 млн теңгеден 20 млн теңгеге дейін 5 жыл мерзімге берілетін болады.
Облыс әкімі кеңеске қатысып отырған екінші деңгейлі өңірлік банктер мен қаржы институттарының басшыларына «Кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік және өңірлік бағдарламалары бойынша жастардың бизнес жобаларына, сондай-ақ өңдеуші өнеркәсіпті одан әрі дамытуға басымдық беру қажет» екендігін айтты.
Сондай-ақ бизнесті дамыту үшін көптеген мүмкіндік беретін агроөнеркәсіптік сектор да анықталды. Мысалы, өңірде 2688 жеке қосалқы шаруашылықты біріктіру арқылы 106 кооператив құрылды, соның ішінде ауыл шаруашылығы кооперациясына біріктірілді. Анықтама үшін айта кетсек, өткен жылы облыс әкімдігінің, мәслихаттың, Nur Otan партиясының, қоғамдық кеңестің және кәсіпкерлер палатасының бірлескен шешімімен 2018-2020 жылдар жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үш жылдығы деп жарияланған болатын.
Жұмыс істеп тұрған бизнесті қолдау және кәсібін жаңадан бастаған жас кәсіпкерлерге жағдай жасау үшін өңірде Кәсіпкерлер үйі ашылды. Екі жыл бұрын республика бойынша Қызылорда облысында алғаш рет облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы жанынан Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы құрылды. Онда кәсіпкерлерге «бір терезе» қағидасы бойынша 70-тен астам қызмет түрі, олардың қатарында жер, сәулет және құрылыс, инженерлік желілерге қосу тегін көрсетіледі.
Өткен жылы мыңнан астам жұмыссыз және өзін өзі жұмыспен қамтыған азамат жалпы сомасы 4,3 млрд теңгенің шағын несиесін алды. Оның ішінде облыстық бюджеттен өңірлік инвестициялық орталықты қаржыландыруға 1 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде мыңнан астам шағын бизнес жоба іске асырылды, 1,5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды.
Жыл қорытындысы бойынша «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында несиелердің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау бағыты бойынша жалпы сомасы 9,8 млрд теңгеден астам 153 несие мақұлданды. Міне, осындай жұмыстардың арқасында өткен жылы Қызылорда облысы республикамыздағы бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасаған ең үздік облыс номинациясына қол жеткізген болатын.
Әрине далада жатқан батпан құйрық жоқ. Облыс әкімдігі жұмысын жаңа бастағанымен елеулі табысқа жетіп үлгерген үздік кәсіпкерлерге миллион теңгеден ұстатып жатса, бұл түк те асып-тасығандық емес.
Бүгінде үкімет өлтірмейдінің заманы өткенін әлі де мойындай алмай жүрген, өзінің еңбекке қыры жоқтығына мың сылтау тауып, отбасының бар ауыртпалығын мемлекет мойнына артып қоюға еш қиналмайтын адамдар кездеседі. Ал миллион теңгеге қол жеткізген үздік кәсіпкерлер адал жолмен мал табудың жолын ұғынды. Еңбегі жанды. Енді ол қатарды жаңа кәсіп ашуға әлі де тәуекелі жетпей жүргендер толтырса миллиондар оларды да өзі іздеп табады.
Қызылорда облысы