Спорт • 04 Сәуір, 2019

Конор МакГрегор айқас алаңына қайта оралды

615 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ирландиялық файтер Конор МакГрегор осыдан он күн бұрын өзінің Twitter парақшасына: «Сәлем, жігіттер, шұғыл мәлімдеме жасаймын. Мен «аралас жекпе-жек» деп аталатын спорт түрінен кетуді ұйғардым. Бұрынғы әріптестеріме сәттілік тілеймін» - деп, ережесіз жекпе-жекпен қош айтысатыны туралы мәлімдеген еді.

Конор МакГрегор айқас алаңына қайта оралды

Алайда, атынан аңыз ерген спортшы арада ай өтпей жатып сүйікті спортынан қол үзе алмайтыны туралы жарты әлемге жар салды. Конордың бұл шешімін сарапшылар сан-саққа жүгіртуде. Бірі бұл кезекті жарнамалық қадам десе, енді біреулер Конордың ММА-ге деген махаббаты деп топшылауда.

Есімі әлем спортындағы ең танымал спортшылардың санатында аталатын Конор МакГрегор ММА талабы бойынша өзінің соңғы кездесуін өткен жылдың қазан айында өткізіп, ресейлік Хабиб Нурмагамедовке есе жіберген болатын. Спорт жанкүйерлері қос көкжалдың қайта айқасуын асыға күтуде. Сөздеріне қарағанда, шаршы алаңда қайта жүздесуге екі спортшы да қарсы емес. Дегенмен бұл - UFC-дің құзырындағы мәселе.