15 Наурыз, 2012

Телефондағы терроризм

450 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Телефондағы терроризм

Бейсенбі, 15 наурыз 2012 7:05

Жалған хабар беру жарға жығады

Ойнақтаған от басар деп бекер айтылмаған ғой. Әсі­ресе ойыннан өрт шығады деген сөзде көп мән жатса керек. Бұл орайда жалғандыққа салынған жатып атар­лар­дың әрекеті жан жүдетіп отыр. Мәселен, пәлен жерге жа­р­ылғыш зат қойылды, террористік акт жасалғалы жатыр деп бейбіт халықтың үрейін алу, мемлекетке орасан зор шығын келтіру үйреншікті әдетке айналып бара жатқандай. Ал мұндай әрекеттердің бәрі заң бойынша қылмыс болып табылады. Қылмыс болып тіркелген соң ол ашылып және кінәлі адамдар табылып, жауапқа тартылуы тиіс.

 

Бейсенбі, 15 наурыз 2012 7:05

Жалған хабар беру жарға жығады

Ойнақтаған от басар деп бекер айтылмаған ғой. Әсі­ресе ойыннан өрт шығады деген сөзде көп мән жатса керек. Бұл орайда жалғандыққа салынған жатып атар­лар­дың әрекеті жан жүдетіп отыр. Мәселен, пәлен жерге жа­р­ылғыш зат қойылды, террористік акт жасалғалы жатыр деп бейбіт халықтың үрейін алу, мемлекетке орасан зор шығын келтіру үйреншікті әдетке айналып бара жатқандай. Ал мұндай әрекеттердің бәрі заң бойынша қылмыс болып табылады. Қылмыс болып тіркелген соң ол ашылып және кінәлі адамдар табылып, жауапқа тартылуы тиіс.

Алайда іс жүзінде бұл мәсе­ле қалай, қандай деңгейде жүр­­гізіліп жатыр деген сауал туындайды. Сондықтан да жалған терроризмге қарсы күресті кү­­шей­ту бүгінде өзекті мәселе, дейді Бас прокуратураның аны­қ­тау және тергеу заңдылығын қадағалау департаменті басты­ғының орынбасары Сапарбек Нұрпейісов. Өйткені, өткен жылы статистикалық есеп бойынша қылмыстық қудалау органдарында 242 жалған терроризм туралы хабарлау тіркелген. Оның ішінде 123 дерек қылмыс ретін­де тіркелген, сонда 2010 жылмен салыстырғанда бұл қылмыс түрі 167 пайызға өскен көрінеді.

Әсіресе, Алматы, Астана қа­лаларында, Ақтөбе және Оңтүс­тік Қазақстан облыстарында, Сол­түстік Қазақстан, Батыс Қа­зақстан мен Қарағанды облыстарында қылмыс саны көбірек тіркелген. Бірақ істің көпшілігі айыпталушы ретінде жауапқа тартуға жататын адамның анық­талмауына байланысты ашылмай қалған. 2011 жылы 1 сәуір­де Алматы қаласы Бостандық аудандық ІІБ-ге «Қазақфильм» киностудиясына жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарланған. Арнаулы қызметтің іздеу операциясы жүргізілгенмен, жарыл­ғыш зат табылмады. Содан зардап шеккендер анықталмауына байланысты қылмыс құрамы жоқ деген сылтаумен қылмыс­тық іс қозғаудан бас тартылған. Бірақ заң бойынша қылмыстың орын алғаны белгілі ғой. Сон­дықтан аудандық прокуратура аталған заңсыз шешімді бұзып, қайта қылмыстық іс қозғады.

Осындай бірқатар қылмыс­тық істерді зерделей отырсақ, 5 қылмысты психикасы бұзылған тұлғалар жасаған екен және айыптыларға медициналық мәж­бүрлеу шараларын қолдану үшін істі сотқа жіберу туралы қаулы шығарылған. 2011 жылғы 5 қазанда Көкшетау қаласының тұрғыны С.Садықов (диспансер­лік есепте – параноидтық шизофрения) Халық банктің фи­лиа­лына бомба қойылған деп ха­барлаған. Соңынан түсінде банк­тің қирағанын көрген соң алдын ала ескерту жасағаным ғой деп жауап берген. Негізінен ҚК 242-бабына жататын жалған терроризм деген айып кішігірім ауырлықтағы қылмыс санатына жататындықтан, оған көбінесе жеңіл түрдегі жазалар тағайын­далған.

12 мен 17 жас аралығындағы оқушы және студент жастар 10 рет жалған хабарлауды сабақ­тың өтуін болдырмау үшін бұ­зақылық ниетпен жасаған. Оқу­шы жастар неліктен мұндай заң бұзушылық әрекеттерге барды десек, алдымен жастар арасын­дағы профилактикалық жұмыс­тардың тиімсіздігі, жергілікті атқару және құқық қорғау органдарында нақты бағдарлама­ның жоқтығы, оқу орындары мен шаруашылық субъектіле­рін­де құ­қықтық түсіндіру жүргі­зіл­ме­ге­ні, терроризм актісі туралы кө­рі­неу жалған хабарлау қыл­мыс­тық жау­аптылыққа соқтыра­ты­нын білмеулері салдарын ти­гізген.

Ал жасөспірімдерге қылмыс­ты жасауға көбіне өзінің батыл­дығын құрдастарының арасында дәлелдеуге баруы, сабаққа қа­тыс­пауы немесе сабаққа дайын­ды­­ғы жоқтығы және кек алу се­кіл­ді сылтаулар себеп болған. Мә­селен, істерді сараласақ, 2009 жылы қылмыстық жауап­ты­­лық­қа тартылғандардың 34-інің 10-ы, 2010 жылы 22-нің 3-еуі жас­өспірімдер болған, олардың 3-еуі ресейлік те, қалғандары Қа­зақстан азаматтары.

Сөйтіп, терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау қылмысы бойынша жаза тағай­ындау үрдісі көрсеткендей, бар­лық жағдайларда да бас бос­тандығынан айырмау жазасы қолданылған. Аталған санатта қылмыстық істер бойынша сот үкім шығарар алдында жасалған қылмыстың онша ауыр емес­тігін, материалдық шығындар­дың өтелгендігі, сотталушының бұрын сотты болмағандығы, кінәсін толық мойындауы және басқа да жеңілдететін мән-жайларды назарға алған. Ал бұл көрсетілген шешімдерді қабыл­дауға ҚК-тің 53-бабының 5-бө­лігінің талаптары, яғни егер осы Кодекстің ерекше бөлімінің адамды кінәлі деп тануға негіз болған бабының бірінші бөлі­гінің «д» тармағында көзделген жеңілдететін мән-жайлар кездес­кенде кішігірім және орташа ауырлықтағы қылмыстар үшін бас бостандығынан айыру та­ға­йындалмайтындығы ескерілген.

Бүгінгі күні терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау бойынша қылмыстар ҚК-тің 10-бабының 2-бөлігі бойынша онша ауыр емес қылмыстардың қатарына жатқызылып, аталған Кодекстің 242-бабында 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаралған. Сонымен қа­тар, ҚК-тің 67-бабының 1-бөлігі және Жоғарғы Соттың «Қазақ­стан Республикасы ҚК-нің 67-ба­­­бын қолданудың сот тә­жі­рибесі туралы» нормативтік қау­лысының 3-тармағының талаптарын қолданған жағдайда қыл­мыстық жауаптылықтан боса­­ты­лу­ға жатады. Сондықтан, қара­лып отырған санаттағы қылмыс­тық істер бойынша соттар та­ғайындаған жазалар ҚК-тің 52-бабындағы жалпы негіздерге қайшы келмейді.

2011 жылы прокуратура және ішкі істер органдары мемлекет пайдасына 1 140 540 теңге өн­­діру үшін сот­­қа 8 талап-арыз жолда­ған. Қазір 6 талап-арыз қыл­­­­­мыстық іс шең­­­берінде және 1 іс азамат­тық тұрғыда қарал­ған, 1 азамат­тық іс сот өн­ді­рі­сін­де жатыр. Мы­салы, проку­рор­дың талап арызы Тараз қа­ла­лық соты­ның шеші­мі­мен 2011 жылғы 15 сәу­ір­де қа­на­­ғат­тан­ды­рылып, кә­ме­леттік жа­с­қа тол­маған П. Крав­цовтан (оның ата-анасынан) №31 орта мектепте лаңкес­тік жасалмақ деген жал­ған хабарлауы үшін облыстық ІІД, ҰҚКД, ТЖД-нің пайдасына 59 542 теңге өндірілген.

Талдау барысында құқық қорғау және арнаулы қызметтегі органдарға, жергілікті проку­рор­ларға жалған терроризммен күресуде жұмысты жандан­ды­ру­ға, жедел-тергеу сапасын артты­руға бағытталған Бас Прокур­ор­дың нұсқауы жолданды. Сол сияқты ҚК-тің 242-бап санкциясын күшейтуге, яғни ол бойынша айыпталғандардың бостан­дығын шектеуді 7 жылға, бас бостандығынан айыруды 6 жыл­ға дейін ұзартуды көздейтін заң жобасы дайындалып, Парла­мент­те қаралуда.

Бас Прокурор, жалған терроризмнен келтірілген барлық шы­ғындарды кінәлі тұлғалардан мем­лекет пайдасына өндіру ай­мақтық прокурорлар қызметін­дегі басты міндет екенін айқын­дады. ­Сотқа жолданатын қыл­мыс­тық істер және күшіне енген үкімдер бойынша азаматтық тәртіппен міндетті түрде талап-арыз енгізу тапсырылды. Сонымен қатар, келтірілген шығын­дарды мемлекеттік органдар тарапынан кінәлілерден өндіру әрекеттерін үйлестіру, жасөспі­рімдер мен жастар арасында профилактикалық жұмыстарды күшейту, қылмыс жасаудың алдын алу және халық арасында қабылданған сот актілеріне қа­тысты түсіндіру жұмыстарын атқару жүктелді. Бұған қоса Ішкі істер министрлігіне осы санаттағы қылмыстық істердің ашылуына және алдын ала тергеу барысының сапасын көте­ру­ге бағытталған Бас Проку­рор­дың ақпараттық хаты жолданды. Ал Жоғарғы Сотқа айыпталушыларды жазалау тәжірибесіне шолу жасау, келтірілген шы­ғын­дарды өндіру және ашық сот үдерісін жиі өткізу ұсынылды. Жалпы қылмыстың жалғандығы болмайды, ендеше, жалған тер­роризмнің де орасан зиян келті­ретіні айдан анық.

Александр ТАСБОЛАТОВ.

Соңғы жаңалықтар