Жиынға Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері, жауапты ұйымдар мен мекемелердің басшылары қатысты.
Кеңес барысында облыс әкімі 10 жас маманға шаруа қожалықтарына жұмысқа орналасуға жолдама, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан немесе арнайы есепте тұратын жастарға «Жақаевшылар» еңбек лагеріне 10 жолдама табыс етті.
Көшпелі отырыс Ыбырай Жақаев атындағы ауылда ұйымдастырылды. Онда Жастар жылы аясында кешенді іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру, жастар мен жасөспірімдер қылмысының алдын алу, Шиелі және Жаңақорған аудандарында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Облыс әкімі Қ.Көшербаев көшпелі отырыс тұрақты түрде өткізілетінін атап өтті.
«Мемлекеттік жастар саясатын жетілдіру, басым бағыттары мен міндеттерін іске асыру, жастар арасында қалыптасқан өзекті мәселелердің шешу жолдарын қарастыруда Кеңестің орны ерекше. Сондықтан, өткен жылдың соңында өткізілген Кеңес отырысында биылғы Елбасы жариялаған Жастар жылына орай облыс әкімдігі жанындағы кеңес отырыстарын көшпелі негізде тоқсанына бір рет, аудан әкімдіктері айына бір рет өткізуді тапсырған болатынмын. Алдағы уақытта облыстық кеңес отырыстары Сырдария, Арал аудандарында және қорытынды отырыс Қызылорда қаласында өткізілетін болады», – деді ол.
Облыс әкімі бүгінгі таңда мемлекет тарапынан жастарды қолдауға арналған бағдарламалардың барлығы олардың тұрмыс жағдайын түзеуге бағытталғанын атап өтті. Әлеуметтік маңызы бар «Болашақ» халықаралық бағдарламасы, «Дипломмен — ауылға!», «Жастар кадрлық резерві», «Жасыл ел», «Жұмыспен қамту – 2020», «Жас кәсіпкер», «Жас маман» бағдарламалары жастарға арналған.
Кеңесте облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Қуаныш Жанұзақов «2021 жылға дейінгі Қызылорда облысының мемлекеттік жастар саясатын дамытудың «Жол картасы» және «NEET» санатындағы жастармен жұмыс жөніндегі іс-шаралар жоспары» аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.