Қазақстан • 05 Сәуір, 2019

Кореяның Қазақстан тәжірибесін зерттеуі

911 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Оңтүстік Корея «Корей түбегін денуклеаризациялау. Жаһандық мәселерді шешудегі Қазақстанның антиядролық тәжірибесі» тақырыбында өткен халықаралық дөңгелек үстелде ядролық қауіпсіздік мәселелерін талқылады. Екі елдің сарапшылары өзара пікір алмасқан шараны Тұңғыш Президент – Елбасы Қоры мен Әлемдік экономика және саясат институты Оңтүстік Кореяның ең ірі коммерциялық емес ұйымы саналатын Корей қорымен бірлесіп ұйымдастырған.

Кореяның Қазақстан тәжірибесін зерттеуі

Дөңгелек үстел ғаламдық ядролық қауіпсіздік мәселелерін талқылау, сонымен қатар, Корей түбегінде туындаған дағдарысты шешу жолдарын іздеу, ядролық қарусыздандырудағы Қазақстанның тәжірибесін зерттеуді көздейді.

Қазір Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасы дүниежүзіндегі бұқаралық ақпарат құралдары мен сарапшылардың, сондай-ақ, саясаткерлердің ерекше назарына іліккен өзекті тақырыбына айналды. Өйткені оның артында адамзаттың қауіпсіздік мәселесі тұр.

Жиында сөз алған Тұңғыш Президент Қоры атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов адамзат ядролық қару қолданудың зардабын ұмыта қоймағанына қарамастан, қазіргі таңда ғаламдық ядролық қауіпсіздік жүйесі жаңа қауіп-қатерлермен бетпе-бет келгенін айтты.

Корей қорының президенті Ли Сихён өз делегациясының барлық мүшесі Қазақстанның ядролық қарусыздану шешімін қабылдағанын және оны қолданысқа енгізу үшін қаншалықты күш жұмсағанын, ғаламға жойғыш қаруларды таратпау режимін сақтауға зор үлес қосуын ерекше ықыласпен бақылағанын жеткізді. Оның айтуынша, корейлік делегация мүшелері бұл мәселеде Қазақстанның тәжірибесі Солтүстік Кореядағы денуклеаризация үдерісін жандандыратынына және осы оқиғадағы әр нақты қадамдардың сәтті шешілуіне үлгі болады деп үміттенеді. 

«Мен әлемде экономикалық даму үшін ядролық қарудан бас тартқан және шынымен де сол мақсатқа қол жеткізген жалғыз елді білемін. Ол – Қазақстан. Бүгінгі шара Солтүстік кореялық денуклеаризция мәселесінің тез арада шешілуіне және Азия мен барша әлемде қауіпсіздік пен бейбітшіліктің терең тамыр жаюына өз әсерін тигізеріне сенеміз», - деді Ли.С. 

Тұңғыш Президент Қоры халықаралық бағдарламалар үйлестірушісі, дипломат Қайрат Әбусейітов Қазақстанның ядролық қарудан бірінші болып бас тартқанын баса атап өтті. Оның мәлімдеуінше, еліміз Семейдегі ірі ядролық полигонды жауып, соңында барлық ядролық сынақтарға қарсы мемлекеттік ұстанымын әлем алдында ашық жариялады. Сондай-ақ Қазақстан «P5+1» үлгісіндегі келіссөздер алаңын ұсыну арқылы Иран ядролық бағдарламасын реттеуге атсалысты. 2017 жылы Елбасы ашылу рәсіміне арнайы қатысқан Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттігінің (МАГАТЭ) Төмен байытылған уран банкін еліміздегі ядролық қаруды таратпаудағы маңызды шаралардың біріне жатқызуға болады. Қазақстанның Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ құру тәжірибесі дүниежүзінде бірегей идея ретінде бағаланады.

Шараға қатысушылар екі ел сарапшылары арасында осы тектес кездесулерді жиі ұйымдастыру қажеттігін айтты. Мұндай шараларға КХДР ядролық бағдарламасы жөніндегі келіссөздерге қатысатын маңызды елдердің, атап айтсақ, Қытай, АҚШ, Ресей мен Жапонияның сарапшылары да қатыса алады.

Ал Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жәнібек Арыновтың айтуынша, корейлердің қызығушылығын тудырып отырған мәселе – аталған күрмеуі қиын тақырыпты Қазақстан тәжірибесі тарапынан талқылау және мүмкіндігінше Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасын шешу мәселесінде Қазақстанның кейбір тәжірибесін қолдануды қарастыру. «Солтүстік Корея кейінгі кезде осы тақырыпты талқылауға ниет танытып, бұрын болмаған диалогқа шыға бастады. Дональд Трамп пен Ким Чен Ын тұңғыш, қос Кореяның басшылары 3 рет кездесті. Міне, бүгін біздің тәжірибені талқылап отырмыз. Осының бәрі болашақта күрделі мәселенің түйінін тарқатуға септігін тигізуі мүмкін», - дейді сарапшы.  

Жиын соңында жоғарыда аталған қос қор сарапшылардың келесі кездесуін Сеулде өткізуге уағдаласты.