Бұл туралы облыстағы барлық деңгейдегі әкімдердің кеңейтілген кеңесінде айтылды. Арқаның жеті айға созылатын қысында санитарлық тазалық жұмыстары облыстың барлық шалғайында қордаланып қалады. Қоқыс тастайтын белгіленбеген орындарды жою, көгалдандыру, ағаш егу, оларды күту, су айдындарының жағасын тазалау, адамдар демалатын орындарды ретке келтіру, бұзылған ғимараттарды бұзып, орнын тегістеу, қатты қалдықтар полигонын ретке келтіру жұмыстарының барлығы осы екі айда атқарылады. Өткен жылы облыс өңірінде рұқсатсыз тасталған 514 қоқыс үйіндісінің көзі жойылды, 56 мың көшет отырғызылған, елді мекендерден тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарына 180 мың тоннадан аса қоқыс шығарылған. Бұл 2018 жылы қордаланған қоқыстың жартысынан астамы ғана болатын, жыл бойы 306 мың тонна тұрмыстық қалдықтар шығарылды.
Биыл облыс өңіріндегі қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған 294 полигонның 109-ы ғана санитарлық нормаларға сай келетіні анықтады. Талапқа сай келмейтін қалған 185 полигонның 132-і жеке меншіктің құзырында, 53-і ғана коммкналдық меншікке қарайды.
Өңірдегі жағдайды баяндаған Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы А.Есенбаев өткен жылы айналаның ластануына салғырттық танытқан, көгалдандыру жұмыстарымен айналыспаған кәсіпороындар мен мекемелердің 51 басшысын Облыстық қоғамдық денсаулық департаменті әкімшілік жауапқа тартып, 1,4 миллион теңге айыппұл салғанын айтты. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов санитарлық тазалықты сақтамағандарды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жария етіп, жұртқа көрсетіп отыру керектігін айтты.
«Ауылының, аудан орталығының тазалығына мән бермейтіндерді телевизордан көрсетіңдер, газетке суретімен беріңдер, әкімдері ұялсын, жұрт көрсін. Біз әдейі тазалық айлығын екі айға созып отырмыз. Барлық аудан, ауыл, қала әкімдері елді мекендерді алдымен тазалаңдар» деп тапсырды Архимед Бегежанұлы.
Қостанай