Кино • 08 Сәуір, 2019

Жатсыну жайлы жанайқай

1752 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Кино – әр уақытта қоғамның диагнозын тап басып тура айтатын тамыршы өнер десек, қателеспейміз. Кенжебай Ахметовтің жуырда тұсауы кесілген «Наза» картинасын қарап отырып, осындай ойға қаласың. Шын кинодан тұрмыстық жетіспеушілікті ойлаудың еш қажеті жоқ. Біз «Назаны» өнердің осы бір қырынан отырып тамашаладық. Оны ойлы көрермен фильмнің финалында өздері де аңғарады.

Жатсыну жайлы жанайқай
Басты кейіпкер Асанбек – жиынтық образ, жалқы тағдыр. Бір сөзбен айтқанда, біздің қа­зіргі боямасыз болмысымыз, айна-қатесіз ахуалымыз. Сіз атал­ған картинаны қарап шық­қан болсаңыз, есіңізде ме, Асан­бекті фильмнің соңында көп жұрт өлді десе, біраз адам қар үстін­дегі қадау-қадау түскен із­дер­ге қарап тірі қалуы мүмкін деп пікір таластырады. Біз де ұлт ретінде осынау аумалы-төк­пелі өлара кезеңде рухани тұр­ғыдан өлуіміз де мүмкін, тірі қа­луымыз да ғажап емес қой. Дү­дәмал дағдарыс. Бұлыңғыр бола­шақ. Жалпы, кейіпкердің дең­гейінде ойлап, «ол тірі қалды ма, жоқ па?» деп сыншылар бас қатырмауы тиіс. Асанбек әкеден теріс бата алғаны арқылы адасуын қазақтың қазіргі болмысын ұлттық рухтың жатсынғаны деп тәпсірлеуіміз керек. Автор осы трагедияны айтқысы келеді. Дәл тұспал, анық ишара осы. К.Ах­метовтің өз сөзімен айтсақ, аталған картина ешқандай плакатизмге ұрынғысы келмеген. Біз де ендеше, алдымен автор туралы аз-кем ақпаратты айтып, кино­ның үш жылдағы үдерісі мен үзі­лісі туралы баяндап көрсек дейміз. 

* * *

Бұл жаңа туынды белгілі әде­биеттанушы, драматург Кен­жебай Ахметовтің «Наза» фильмі жуырда Нұр-Сұлтан қала­сын­да алғаш көрсетілді. Психо­логиялық картина Жезқаз­ған қаласында түсірілген. 2016 жы­лы басталып, 2019 жылы түбе­гейлі аяқталған фильмнің ұзақтығы – 1 сағат 20 минут.

Кенжебай Ахметов о баста ақын, жазушы ретінде таныл­ғаны­мен, кейін әдебиеттану ғы­лымында көріне бастады. Ұста­зы Рымғали Нұрғалиевтің жетек­ші­лігімен ғылыми жұмысын қор­ғап, «Әдебиеттануға кіріспе» ат­ты оқулығын жазды. Сол жылдары драматургияға да ат шал­дырып, бірнеше пьесасы Сер­ке Қожамқұлов атындағы Қа­зақ музыкалық сазды драма театры­нан қойыла бастады. Абайға ар­налған «Ерте ояндым, ойландым» қойылымы республикада бас жүлде иеленгенін де айта кет­кеніміз жөн. Кейін «Мәдени мұра» бағдарламасымен шыға бас­таған «Әлем әдебиеті» се­рия­­сындағы Данте Алигьери мен Джованни Боккаччоның «Құ­діретті комедия», «Декамерон» шығармаларын да Кенжебай Кәрібозұлы аударып, оқырман тарапынан жоғары баға алды.

Кейінгі үш-төрт жылда Кен­жебай Кәрібозұлы киноға бет бұр­ғанын естіп қалып жүр­дік. Елуден асқан адам шал­ғай­­дағы Жезқазғанда жатып қан­дай кино түсірер екен деген күдік әр адамда-ақ болған шы­ғар. Оның үстіне уақыт өткен сайын осының ақыры не болар екен деп тілеулестерінің өзі уайымға салынғанын айтады. «Аңшының кешіккенінен дәмет» дегендей, ақыры, міне, көктемнің жаймашуақ күнінде әдебиеттанушы алғашқы туындысын астана жұртшылығына ұсынды. Тұсаукесерге Оралбай Әбдікәрімов, Әлихан Байменов, Берік Әбдіғалиев, Қайрат Бай­бо­сынов, Жантас Жақыпов, Кен­жебай Дүйсембаев, Жанғали Жүзбаев, Ұларбек Нұрғалымұлы сынды зиялы қауым өкілдері келген. Бұл есімдерді ерекшелеп айтып отыр­ғанымыз да сол, аталған жа­ңа туындыға оқшау пікірлерін ай­тып, ойлы фильмді оқырман көзімен зерделеуге әрқайсысы тырысқан. 

Алдымен «Наза» сөзінің түп-төркінін іздейтініміз белгілі. Автордың айтуынша, ол сөздің орысша баламасы жоқ. Қайткен күн­де де қазақы қалыппен ғана тү­сіндірілетін тылсымы те­рең сөз. Қоғам қайраткері Орал­бай Әбдікәрімовтің айтуын­ша, «На­за» тамырынан айрылған адам­ның трагедиясын тура суреттеуде орынды қолданылатын сөзге сая­ды. Кино осынысымен де ұтып тұр деуге болады. О.Әбдікәрімов қа­зір жалғыз қалған қариялар көп­тігін айта келіп, өмір үнемі мереке емес екендігін автор ес­керткісі келеді деп топшылай­ды. Ол шынымен – солай. Ки­нода соның бәрі көрінуі – заңды құбылыс. Жұртшылық ойлы дүниені сағынып отырғанын осындай пікірлерден аңғаруға бо­лады. 

Фильмнің тұсаукесерінен шыққан Әлихан Байменов бас кейіпкердің кино барысында екі-үш-ақ ауыз сөз айтқанына таңғалғанын жасырмады. «Сол аз сөзден-ақ ішкі азап көрініп тұрғанын байқау – көкірек көзі ояу көрерменге қиын болмауы тиіс. Біз соны сезініп, фильм біт­кенше тазарып шыққандай болдық», дейді Ә.Байменов. Үлкен әнші Қайрат Байбосынов пен филолог ғалым Жантас Жақыпов болса, жастарға үл­гі болатындай фильмнің жан-жақты қырларының көп еке­нін ризашылықпен айтып, автор­дың тырнақалды туындысына жылы лебіз білдірген. «Адам дің­гегінен айрылса, нендей жағ­дайға түсетінін көрсетеді. Өте күрделі туынды. Басында біраз уақыт түсіне алмай отырдым да, кейін сарынын түсінген соң, іші-бауырым езілді. Адам баласын аялап өсіреді, кейін осындай жағдайға тап болатыны қандай өкінішті және де бір адамның басында қасірет тек өзіне ғана емес, кейінгі ұрпағына да зия­нын тигізетінін ойлайсың. Бұл кейіпкер өзі ғана бақытсыз емес, оның ұрпағы да бақытсыз», дейді Қ.Байбосынов.

– Фильмнің техникалық жақ­тарына сол саланың маман­дары пікір айта жатар. Мен көркем туынды ретінде біраз нәрсе бай­қа­ғандай болдым. Автор кө­рер­менге ашықтан ашық ақыл айтпайды. Бірақ көп ой салады. Көрерменді жетелеп отырады. Кейіпкер айтпаған сөзді көрермен өзі тауып, түсініп отыруы тиіс. Кім болсаң о бол, бірақ тамырыңа сатқындық жасамауың керек – фильмнің негізгі айтары осы. Ал сатқындық жасаған Асанбектің қайда барғанын көрдік. Негізі әрқайсымыз белгілі бір дәрежеде Асанбекпіз. Мысалы, өзім ана тілін менсінбейтіндерді осы Асан­­­бекпен бірдей деп қараймын, – дей­ді Ж.Жақыпов.

Біз әуелде айтқанымыздай, шы­нында фильм бір адам жайлы емес екені анық. Оның жеке басындағы оғаш қылықтар, тағдыр тыртықтарының барлығы біз өмір сүріп отырған қоғамның қалтарыстары мен бұлтарыстары екенін бейсана сезінесің. Әуелде әртістердің шеберлігінен қате тауып, тілі жұтаң, тірлігі нанымсыз деп бастапқы 20 минутта авторды сын садағына байлайсың... Алайда, өнімнің өзегін түсіне бастаған кезде ол қателіктердің барлығын елеусіз қалдырасың. Басқа мәнге тереңдейсің, ежелгі қазақ салтын, санасын ойлай түскен сайын әртістердің ше­берлігі екінші планға ауысады. Бұл жеке пікір болғанымен аталған картинаға жұрттың осы деңгейде қарағанын қалайсың, бірақ неге?

– Бұл психологиялық драма деуге болады. Бас кейіпкер Асанбектің диагнозы жынды болғанымен, ол – анығында жан дүниесі құлазып кеткен адам. Ол басынан соққы алып жынды болып қалған адам емес, жан дүниесі соққы алған адам. Ол қандай соққы алғанын біз елестер арқылы түсінеміз. Бұл – автор тапқан сәтті шешім. Асанбек сөйлемейді. Өйткені оған сөйлеудің қажеті жоқ. Ол фи­зикалық дене ретінде тірі жүргенімен, адам ретінде өмірін ерте аяқтап қойған. Фильм­нің идеясын ашу үшін есік алдында отыратын үш әйелді де жақсы алған. Осылайша екі тізгін, бір шылбыр дегендей, әртүрлі нәрсені қатар алып, фильмді әдемі өрбіткен, – дейді ақын Ұлар­бек Нұрғалымұлы.

«Наза» туралы қаламгер Ал­маз Мырзахметпен де сөй­лестік. Жазушының көзімен қа­ра­ғанда фильмнің біз байқа­маған тағы басқа қабаттары қылаң берді. Міне, қызық. Қа­лай байқамағанбыз дедік. А.Мыр­зах­мет айтқандай, киноның тәр­биелік мәні оның бірінші қабаты. «Ал одан әрірек, екінші, үшінші қабатына үңілсек, басқа да нәрселерді байқауға болады. Асанбек үндемейді. Тура біздің қоғам сияқты. Ішінде арпалыс. Ес­кілік пен жаңалықтың ортасында қалған адам іспеттес. Ке­ңес өкіметі кезінде тегін ауыс­тырып, теріс бата алған адам. Есік алдында отырған үш әйел – үш уақыттың бейнесі сияқты. Үл­кені бұрынғы тамырдан қол үз­беген адам, ортаншысы Ке­ңес өкіметінен шыққан, бә­ріне ашулы әйел, ал үшіншісі тәуелсіздік кезеңінің адамы, бәріне күле қарайды, бірақ іштей бақытсыз. Оның басына жасанды шаш киюі де әртүрлі ойға жетелейді... Ресейден келген досының баласының образы ерекше ұнады. Қазақстаннан кетіп бара жатқанда «Домой едем» дейді. Бұл интеллектуалды фильм. Сондай ортада отырып, әрбір сөзін талдап, автордың диалог­терге, үнсіз эпизодтарға, кейіп­керлердің мінездеріне жа­сырған жұмбақтарын шешу керек», дейді жазушы.

Сіз не дейсіз, мәртебелі кө­рер­мен?!

Фильм алдағы уақытта телеарналардан көрсетілуі мүмкін. Режис­сер енді композитор Жақ­сыгелді Сейілов туралы кино түсіргелі жатқанын, соның да­йын­дығына кірісіп кеткенін айтады.